...сүйсініс танытады
Туған жерге ештеңе жетпейді
Мен кіндік қаным тамған қазақ жерін өз Отаным санаймын. Туған-туысқандарым, достарым шетелдерде тұрса да, олардың өміріне, тұрмыс-тіршілігіне қызыққан емеспін. Алыс жолға шыға қалсам, оралғанша асығамын. Өйткені туған елдің топырағын басып, ауасымен тыныстағанға ештеңе жетпейді. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан Қазақстанды бәріміз де мақтан етеміз. Жеке кәсіппен айналысуға бел буған адамға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп келеді. Кәсіпкерлікпен айналысқаныма 20 жылдан асып барады. Облыстық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға жиі араласамын. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Астанада өткен «Қайырымдылық керуені» қайырымдылық ұйымдарының республикалық бірінші съезіне қатыстым. Сол форумда Петропавл қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын ашу жөнінде мәселе көтеріп, аймақ басшысы тарапынан қолдау тапты.
Алдыма қоғамдық жұмыстармен түбегейлі айналысу міндетін қойып отырмын. Мақсатым – қатарыма өзім сияқты шағын бизнес өкілдерін тарта отырып, емдеу мекемелерін заманауи медициналық қондырғылармен жабдықтау. Мені мұндай ойларға туған жерге деген ерекше құдірет сезімі жетелейді.
Антонина СЕВОСТЬЯНОВА,
жеке кәсіпкер
Солтүстік Қазақстан облысы,
Мамлют ауданы
...әсерімен бөліседі
Хемингуэй һәм анасы
Өз анасымен өмір бойы «жауласып» өткен әйгілі жазушы Хемингуэй ең алдымен өзінің талантты, қабілетті екенін, қолынан көп нәрсе келетінін – өктем, тым тәкаппар, ешкімнің пікірімен санас-пайтын, әкесін билеп-төстеп алған анасына дәлелдегісі келді.
Музыкаға қызығушылығы мен бейімі жоқтығы үшін қаншама ауыр сөз естіген, үнемі өзін басып отырған, «сенен ештеңе шықпайды» деп әжуалаған анасына ол ренішті еді. Әкесінің өзін атуына да анасы Грейсті кінәлайтын. «Әкемді өз-өзін өлтіруге итермелеген сол...». Өзімшіл, анасы секілді тым тәкаппар Хем алғашқы мақалалары мен әңгімелері жарияланып жатқанда да «Грейс оқыды-ау, Грейс ақыры мені мойындады-ау» деп масайрады.
Бұл үшін Хемингуэйге ренжуге болмайды. Себебі табиғатынан тым зерек, талантты баласын тек өз айтқанымен жүргізіп, «бір шеңберге» салғысы келген өктем, ашуланшақ, ұрысқақ Грейс баласының жүйкесін қаншалықты ауыртқанын, ауыр сөздерімен жүрегін қалай жаралағанын пайымдап та жатпады. Хемингуэй кейбір қыздардың бойынан анасының мінезімен ұқсастық көрсе, олардан аулақ жүрді. Ол өзі ұнатқан әйелдің бойынан анасына ұқсастық таппағанда қатты қуанды. Ол төрт рет үйленді. Кім біледі, мұнда да бала кезінде Хемнің психологиясына кері әсер еткен анасының кінәсі бар болар...
Ол әлемге әйгілі жазушы атанғанда да бала кезінде өзі ешқашан жылуын сезінбеген ана құшағын сағынумен болды. Анасына еркелей алмаған, анасы еркелетпеген әрбір бала есейгенде өз балалығын іздеумен болады...
Аягүл МАНТАЕВА
Мәскеу
...ұсыныс айтады
Балалар спортына инвестиция керек
Мен елдің азаматы ретінде өзбек боксына сәл-пәл шолу жасап, келешекте еліміздің спортын дамытуға деген өз ұсынысымды білдіргім келді. Көрші елде бокстың дамуы «Өзбекстанда боксты қолдау қорын құру» қаулысымен байланысты болды. Одан кейін Президенттің «Өзбекстанда балалар спортын дамыту қорын құру туралы» жарлығымен спорттың үдемелі дамуы өз жалғасын тапқан. Әсіресе алыс ауылдарда балалар спортының тамырына қан жүгірген. Үлкен ауылдардың бәрінде спорт алаңдары жасақталып, спорт залдары пайдалануға берілген. Қаланың шағын аудандарында жасанды спорт алаңшалары көбейген. Бір ғана мысал, 2005 жылы ауыл балаларының 30 пайызы спортпен айналысуға мүмкіндігі болса, араға 10 жыл салып 2015 жылы бұл көрсеткіш 57,2 пайызға жеткен.
Менің ойымша балалар спортына, әсіресе ауылдарға қомақты инвестиция салу керек. Жасыратыны жоқ, шағын елді мекендерді айтпағанның өзінде халқы он мыңнан асатын ауылдарда заманауи спорт алаңдары мен спорт залдары жоқ. Олимпиадалық спорт түрлеріне баулитын кәсіпқой спорт мамандары ауылдарда жоқтың қасы. Ал нағыз шымыр, спортқа бейім қарадомалақ балалардың ауылдарда екендігіне менің титтей де күмәнім жоқ. Мақсатым: ел үкіметіне, депутаттар корпусына ой тастау еді.
Камилжан РЫСМЕТОВ
Арал
...ризашылық білдіреді
«Жер жәннаты – Жармышым»
Біраз бұрын осындай тақырыппен аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Жармыш ауылындағы орта мектепте патриоттық кездесу өткізілді. Кездесуге Жармыш ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, белгілі ұстаз, Білім беру ісінің үздігі Кеңес Салықов пен жастар орталығының басшысы А.Қонарбаев және жоғары сынып оқушылары қатысты. Аталмыш жиынның мақсаты – ауыл мен ауданның жеткен жетістіктерін айта отырып, елге еңбегі сіңген ауыл ақсақалымен салиқалы сұхбат жүргізу.
Жастар алдымен Жармыш жайында даярланған журналист Қожахмет Демеубергеновтің деректі фильмін тамашалады. Бұдан соң 60 жыл ұстаздық жолда жалықпай еңбек еткен Кеңес ақсақалдың салиқалы әңгімесі басталды.
«1991 жылдан кейін жаңа өмір бастадық. Елбасымыз қолдауымен ауылдың екінші тынысы ашылды. Жармыш ауылы алтын мекен ғой. Жер жаннаты ауылымнан табан аудармастан өмір сүріп келемін. Алдымнан сан ұрпақ түлеп ұшты», деді Кеңес аға.
Тарихи тағылымы мол шарада жастар тарапынан сұрақтар қойлып, тұшымды жауаптар берілді.
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ
Маңғыстау облысы,
Маңғыстау ауданы
...үлгі тұтады
Ара өсіру – табыс көзі
Адам өз қызығушылығын кәсіпке айналдыра білсе, соңы жемісті болары анық деп бабаларымыз өсиет қалдырыпты. Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Ақмая ауылының тұрғыны Тұрғанбай Тоқтыбаев омарташылық кәсібімен елге танымал, айналасына сыйлы азамат. Кәсібін 1986 жылдан бастап қолға алған.
Омарташылықты кәсіп еткен Тұрғанбай Тоқтыбаев осылайша отыз жылдың жүзін аударды. Кәсібін кеңейту жолындағы өз жобасын да жасады.
– Бал арасын арнайы шағын ұяшықтарға құятын станок алсақ деген ойымыз бар. Сөйтіп аудандағы мектептерді, балабақшаларды, тамақтану орындарын өзімізде өндірілген таза балмен қамтамасыз еткіміз келеді. Алайда, «Үйдегі ырықты, базардағы нарық бұзады» демекші, қаржы тапшылығы қолбайлау болып тұр, дейді ақмаялық омарташы. Әлгі айтқан жобасын жүзеге асыру үшін кемінде 7-8 млн теңге керек көрінеді. Иә, қашанда бейнетсіз зейнет бола қоймайды. Қиыншылықтар артта қалар, оған мойымайтын қажырлылықты айтыңыз.
Нұрмахан ЕЛТАЙ
Қызылорда облысы