Әдебиет • 25 Қаңтар, 2018

Сәбеңе сыйлаған ақ бота

503 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 60-жыл­дары Кеңес Одағына қарасты Тува республикасының Овюр ауданы және ерекше муниципалды әкімшілік бірлік Тес-Хем өлкесі мен Моңғолияның батысында орналасқан Ұбыс аймағы арасында мал жайылымына қатысты шекара дауы туындайды. 

Сәбеңе сыйлаған ақ бота

Осы мәселені реттеу үшін Бурятия АССР-нің Жоғарғы Кеңес төрағасы Хохлов баста­ған өкілдер Ұбыс аймағына келе­ді. Бұл аймақпен Байөлке елі бүйірі жабысқан ежелгі көр­ші. Жоғарыдағы ресми делега­ция құрамында Қазақстан Ком­му­нис­тік партиясы Орталық ком­и­тетінің мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КСРО Жазушылар одағының басқарма мүшесі, беделді жазушы Сәбит Мұқанов та болған екен.

Мемлекетаралық мәселе оң­тай­­лы шешілген соң Сәбең қол­созым іргеде тұрған Байөлке аймағына соқпай кетуге дәті жетпей, делегация басшысын онда 2-3 күн аялдауға көндірген екен. 

Сөйтіп 1966 жылдың қоңыр күзінде Қобда бетіндегі аз қазақтың шоғыры өмір сүріп жатқан Өлгей қаласына атақты жазушы Сәбит Мұқанов келіп түседі. Сәбеңнің мұнда келуі байөлкелік қазақтар үшін көк­тен Ғайса түскендей әсер қал­­дырды, деп жазады көппен бірге жазушыны күтіп алушылар қатарында болған, бүгіндері Астана тұрғыны, филология ғылымдарының докторы Қаби­даш Қалиасқарұлы. 

Өйткені сол жылдары қай қазақ болсын Сәбеңнің «Бота­көз» романын оқып шыққан, «Сұлушаш» поэмасын екінің бірі жа­тқа айтатын, нағыз бір рухани жұ­тынып тұрған заман еді.

Халық Сәбеңнен несін аясын, жазушыға сәлем бере келген 70-80 ақсақалдың бәріне төстік қақтатамыз деп осыншама қой сойыпты. Мұны көрген жазушы басын шайқап: «Ысырапқа бармаңдар, әсіре тым ақкөңіл екенсіңдер», деген дейді. Қысқасы байөлкелік қазақтар Сәбит Мұқановқа төбесінде үкілі, сырмалы желдік баумен ноқталанған ақ бота сыйлаған екен (суретте). 

Жарықтық жазушы атамыз қоналқаға Хохлов екеуіне арнайы дайындаған қонақ бөлмеге бір қарап, «қазақтарым әтір сасыған орыстың қасында күн­де қонып жүрмін ғой, одан да мені ана екі шалдың қасына апа­рыңдаршы» деген екен. Сәбең айтқан екі шал да осал емес, бірі – Социалистік Еңбек Ері, шопан, шежіреші Серікбай Жуанғанұлы болса, екіншісі даңғыл ақын – Ақтан Бабиұлы. 

Сапары аяқталғаннан кейін Сәбең жолай мемлекет басшысы Ю.Цеденбалға жолығып, мұндағы қазақтарға қатысты ұстанып отырған партия саясатына үлкен рахмет айтыпты. Қазақстанға оралған соң бұл сапары жайлы «Социалистік Қазақстан» газетіне шағын мақа­ла жазыпты. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»