Президент • 29 Қаңтар, 2018

«Тәуелсіздік дәуірі» – шынайы шындық шырайы

364 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы тәуелсіздіктің елең-алаң шағынан бастап небір қиындықтарды еңсерген, бүгінде дүниежүзілік қоғамдастық мойындаған, алдыңғы қатарлы мемлекеттермен терезесі теңескен, бір сөзбен айтқанда, ширек ғасырдан астам уақыт аралығында соқпақты жолдар мен соқталы оқиғалардың кеңінен қамтылуымен қатар тарих биігінен баға берген оралымды ой-толғамдармен де ерекшеленеді. Яғни бұл еңбекті егемен еліміздің энциклопедиясы десе де болады.

«Тәуелсіздік дәуірі» – шынайы шындық шырайы

Автор кітаптың алғысөзін­де: «Бұл кітап – менің ұлы қол­­даушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз хал­қыма арналады» деп, еш бүкпесіз ағынан жарылады. Шынында да өте қысқа мерзімде ғасырға пара-пар істер тындыру, тыңнан түрен салу, өркениетті елу елдің қатарына жету Елбасы сияқты сұңғыла саясаткерге тән қасиет болса керек.

Жасыратыны жоқ, Кеңес Ода­ғы ыдырап, экономикалық бай­ланыстар үзіліп, қайда барарымызды білмей басымызды тауға да, тасқа да ұрған сол бір өліара кезеңде болашағымыз дәл осындай кемел боларына сенбегеніміз рас. Жоғарының нұсқауына әбден үйреніп қал­ған халық сеңдей соғылысып, сарыуайымға салынып, тіпті өмірден түңілген сәттер де кездескен. Қызылжар өңірінде де тікелей Мәскеуге бағынатын ірі әскери кәсіпорындар жұмысын тоқтатып, бюджет қазынасы бос қалғанын, оны айтамыз-ау, мұ­ғалімдер мен дәрігерлерге жал­ақы арақ түрінде берілгенін қалай ұмытарсың? Бала-ша­ғасын асырау үшін ашық сау­да жасауға ұялатын бір танысым қазір бұл кәсіптің құла­ғын ұршықша айналдырады. «Еңбек етсең емерсің» деген осы. Елді­гіміз сынға түскен сәтте Пре­зидентіміздің жол бастауымен ауыр тауқыметті қалай жеңгенімізді жас буын біліп, түйсініп өссе дейсің. Еңбекті оқи отырып әміршіл-әкімшіл жүйеден нарықтық экономикаға көшу оңай соқ­пағанына, әсіресе қазақ­стан­дықтарды психо­логиялық жа­ғы­­нан дайындау, кемел келешекке сендіру үлкен күшке түс­кеніне көз жеткіземіз. Дәл осы тұста Елбасымыз тәркілеу, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін жылдары шетелдерге амалсыз бас сауғалап кеткен қандастарымызды елге орал­ту туралы үндеу тас­таған­да тұрмыс-тіршілігіміз оңал­май жатқанда мұнысы несі екен дегендей үрке, тіпті мыс­қылдай қарағандар болмай қалған жоқ. Міне, әріден, те­реңнен болашақты ойлайтын кемеңгерлік ұстаным деп осыны айтады! Ұлы көштің алғашқы легі Қызылжар өңіріне де дамылдап, Моңғолиядан келген ағайындарымызбен қуана қауышқанымыз есімізде.

Еңбектегі «...тарихта тұң­ғыш рет біздің мемлекеттік шек­арамыз халықаралық-құ­қық­тық тұрғыдан ресімделді және өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету­дің іс жүзіндегі нақты құра­лы бола алды. Осы кезден бастап дербес Қазақстан заң­ды түрде ресімделген 14 мың ша­қырымдық құрлықтық шекараға ие болды. Оның 7591 шақырымы – Ресеймен, 2351 шақырымға жуығы – Өзбекстанмен, 1793 шақырымы – Қытаймен, 1242 шақырымы – Қырғызстанмен, 426 шақырымы – Түрікменстанмен түйісіп жатыр» деген бұлтартпас дерек­терді оқығанда бір шаңы­рақ астында түтіні түзу ұшқан қа­зақ ұлты мен сан алуан эт­нос­тардың ой-арманының орын­далғанына шүкіршілік ете­сің. Солтүстік Қазақстан Ресей­дің үш облысымен шекте­седі. Елбасының шекаралас аймақтарда ынтымақтастық көк­жиегін одан әрі кеңейту ұс­танымы айқын. Оған екі мемлекет басшыларының былтыр Челябіде өткен өңіраралық бай­ланысты дамытуға арналған келелі кездесуі дәлел. Осындай алқалы басқосу биыл Мағжан елінде өтетін болып белгіленді.

Елбасымыздың кез келген бастамалары мен ұсыныс­тары жұртшылық тарапынан кең қол­дауға ие болып келеді. Қазақ­стан халқы Ассамблея­сы құ­рылғалы жайшылықта омыраулап, өзеуреп, тиісуге қара таппай, бүйректен сирақ шығарып жүретін өңірдегі сепа­ратистік бағыттағы топтар мен күштер пышақ кескендей тыйылды. Оның басшылары мен өкілдері өз қателіктері үшін кешірім сұрап, жуасып тынды. Айта берсе, еске алатын естеліктер таусылмайды.

Нұрсұлтан Әбішұлының «Тәуел­сіздік дәуірі» атты жа­сам­­паз­дық еңбегінде бәріміз­дің басымыздан өткерген «тар жол, тайғақ кешуден» бастап дамудың даңғыл жолына түскен осы кезімізге дейінгі қатпарлы оқиғалар шынайы шындықпен шырайлы баяндалады.

Амандық ЖАНТЕМІРОВ,

Қазақстанның мәдениет қайраткері

Солтүстік Қазақстан облысы