Жалпы, Норвегия – әлемдегі ауқатты елдің бірі ғана емес, спорттан ешкімге дес бермейтін алпауыт держава. Мұндай тұжырымға көз жеткізу үшін халқының саны 5 миллионнан сәл асатын скандинавиялық мемлекеттің Олимпиадада алған медальдарын санап шығу жеткілікті. Қазіргі таңда қысқы спорттағы медаль саны бойынша Норвегия өзгелерден оқ бойы озып тұр. Олардың қоржынында 118 алтын, 111 күміс, 100 қола медаль бар.
Викингтер елінің жеңіс жылнамасы ертеден бастау алады. Қысқы Олимпия ойындары 1924 жылы тұңғыш рет Францияның Шамони қаласында өткізілді. Әлемнің 16 елі қатысқан сол додада Норвегия жалпы саны 17 медаль жеңіп алды. Оның 4-еуі алтын, 7-еуі күміс, 6-ауы қола жүлде. Ал Олимп шыңын бағындыруға аттанған спортшылар саны небәрі 14 ғана болатын. Содан бері скандинавиялық спортшылар медальды қос-қостап алып келеді. Әлі күнге дейін бірде-бір мемлекет Норвегия секілді көп жүлдеге ие болмаған. Оның үстіне, Норвегия – жүлде саны 300-ден асқан тұңғыш әрі жалғыз мемлекет.
Шамонидегі (Франция, 1924 жыл) додадан кейінгі алты олимпиадада Норвегия алдыңғы қатарда болды. АҚШ-тың Лейк-Плэсид (1932 жыл) қаласында өткен ойында командалық есепте екінші орын алып қалды демесең, қалғандарында ешкімге дес берген жоқ. Норвегияда қысқы Олимпия ойындары тұңғыш рет 1952 жылы өткізілді. Байрақты бәсекеде викингтер барын салып, жалпы есеп бойынша 7 алтын, 3 күміс, 6 қола медальмен бірінші сатыға жайғасты.
Отыз жылға жуық мерзім аралығында норвегиялықтар қарсыластарын қалпақпен ұрып алып жүрген. Қысқы Олимпиадаға КСРО-ның қатысуы және Германияның қайта түлеуі, спортқа кәсіби тұрғыда көңіл бөлініп, жаттығу сапасының өзгеруі скандинавиялықтарға қиын тиді. Бұрын қарсылас шақ келтірмейтін ел сайыпқырандарының алтын тәжін қайтару үшін 12 жыл аянбай тер төгуіне тура келді. Нәтижесінде Гренобльдегі (Франция, 1968 жыл) додада 6 алтын жүлдені қанжығасына байлап, командалық есепте бірінші орынға шықты. Дегенмен, викингтердің бұл қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Гренобльдегі Олимпиададан кейін 20 жыл бойы Норвегия спортшылары ауыз толтырып айтарлық жетістікке қол жеткізе алмады (Әрбір қатысқан Олимпиадасынан екі-үш алтын бұйырды). Әсіресе, Калгаридегі (Канада, 1988 жыл) додада викингтер тұңғыш рет бас жүлдесіз қайтқан-тұғын.
Әйтсе де, сол байрақты бәсеке Норвегия қысқы спортының қайта түлеуіне мүмкіндік берді. Канадағы сәтсіздіктен кейін ел басшылығы, спорт мамандары жиналып, қысқы спортты қайта жаңғырту жоспарына кірісіп, OlympiaToppen жобасын жасап шықты. Аталған мекеме елдегі талантты споршыларды жинап, кәсіби спортқа жатпай-тұрмай баулыды.
Төккен тер текке кеткен жоқ. Екінші рет Олимпия ойындарын өткізген Норвегия сайыпқырандары Лиллехаммердегі додада (1994 жыл) алтыннан тау тұрғызды. Сол бәсекеде олар жалпы есепте 10 алтын, 11 күміс, 5 қола жүлде жеңіп алды. Содан бері викингтердің қоржыны бос қайтқан емес. Скандинавтар сол жетістігін Наганода (Жапония, 1998 жыл) тағы бір рет қайталаса, Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ, 2002 жыл) одан асып түсіп, 13 алтын жүлде олжалады.
Норвегтердің Туринде (Италия, 2006 жыл) жолы болған жоқ. Небәрі 2 алтын, 8 күміс, 9 қола медаль жеңіп алған олар командалық есепте 13 орынға жайғасты. Екі алтынды місе тұтпаған ел үкіметі бұқаралық спортты басқа қырынан дамытуға кірісті. Сәтсіздіктен сабақ ала білген Норвегия Ванкуверде (Канада, 2010 жыл) тоғыз мәрте Олимп шыңын бағындырды. Ал Сочиде (Ресей, 2014 жыл) жалпы саны 26 медаль жеңіп алып, командалық есепте бірінші сатыға жайғасты.
Норвегия спортшылары туралы сөз қозғағанда Уле-Эйнар Бьёрндален еске түседі. Биатлон шебері жалғыз өзі-ақ Олимпиаданың 13 жүлдесін (8 алтын, 4 күміс, 1 қола) қанжығасына байлады. Бьёрндаленнің жетістігін әлі күнге әлем халқы аузының суы құрып әңгімелейді. Отызында орда бұзып, Солт-лейк-Ситиде бес дүркін Олимпиада чемпионы атанған Уле-Эйнар қырқында қамал алып, Сочидегі байрақты бәсекеде жетінші және сегізінші алтынын қоржынға салды. Бұдан бөлек Бьёрндален әлем чемпионатының 20 алтын медалін иеленген. Оның әлем кубогы кезеңдерінде жеңген медальдарын санап тауысу қиын. Алтыннан тау тұрғызатын «Биатлон патшасы» 133 рет әлем кубогы тұғырының ең биігіне шығыпты.
«Биатлон королі» Уле-Эйнар Бьёрндален Оңтүстік Кореяда өтетін ақ Олимпиадаға бара алмайды. Өйткені Норвегияда жолдамаға талас барысында бұрынғы еңбегіңді емес, қазіргі әлеуетіңді бағалайды. Яғни Йоханнес Бё мен Тарьей Бё бастаған сайдың тасындай іріктелген жігіттер қазіргі таңда «биатлон королінен» мықты болып тұр.
Әлемде ақ Олимпиадада 10-нан аса медаль алған бес спортшы бар. Соның үшеуі – норвегиялық. Жоғарыда Бьёрндален туралы айттық. Аты аңызға айналған келесі сайыпқыран ‒ шаңғышы Бьорн Дэли. Ол 8 мәрте Олимп шыңын бағындырды. Бьорнның қоржынында бұдан бөлек айтулы доданың 4 күміс медалі бар. Оның әлем біріншілігіндегі жетістігі бір төбе. Тоғыз мәрте әлемнің ең үздігі атанып, 5 күміс, 3 қола жүлдеге қол жеткізді. Әлем кубогында 82 мәрте тұғырға көтерілсе, соның 46-сында теңдессіз үздік екенін дәлелдеді. Шаңғы спортымен бұрыннан таныс қазақстандық жанкүйерлер Бьорн Дэлиді «жақтыра» қоюы неғайбыл. Өйткені осы Дэли дүбірлі додаларда жерлесіміз Владимир Смирновтың басты қарсыласы болатын. Жалпы, 1990 жылдардағы Смирнов пен Дэлидің бәсекесін спорт сүйер қауым әлі күнге дейін тамсана айтады.
Алтын көрсе, жеңіске талпынатын скандинавиялық тағы бір спортшы – Четиль Андре Омодт. Ол – тау шаңғысынан төрт дүркін Олимпиада жеңімпазы атанған тұңғыш әрі жалғыз сайыпқыран. Бұдан бөлек дүбірлі бәсекенің 2 күміс, 2 қола медалін жеңіп алды. Әлем чемпионатында 4 алтын, 4 күміс, 3 қола жүлдеге қол жеткізді. Андре Омодт жеке медаль саны бойынша үздіктердің қатарына кіреді.
Ел спортшыларының ақ Олимпиададағы жүлделерінің басым бөлігін 6 спорт түрінен: шаңғы, коньки, трамплиннен секіру, тау шаңғысы, биатлон, шаңғы қоссайысынан жеңіп алған. Аталған спорт түрлерінен норвегтер 101 алтын олжалапты. Ал медаль саны бойынша шаңғы мен шаңғы қоссайысынан ешкімге дес бермей тұр. Әдетте, әр мемлекеттің оң жамбасына келетін спорт болады ғой. Норвегия туралы олай айтуға келмейді. Өйткені скандинавтар жазғы Олимпиадада да айтарлықтай жетістікке қол жеткізді (56 алтын, 47 күміс, 42 қола медаль).
Норвегтердің қысқы спорттағы басымдығының себебін көп адам біле бермейді. Мемлекет солтүстікте орналасқандықтан, қысқы спортқа бейім болып келеді деген секілді таптаурын пікірдің жалған екені анық. Wall Street Journal басылымы олардың жетістігін ұлтшылдығымен байланыстырыпты. Шындығында, Норвегияда әрбір қалада қысқы спорт түріне арналған клубтар бар. Дарынды өрендерді тауып, жастайынан олардың талантын шыңдауға арналған мемлекет қаржыландыратын мекемелер елдің барлық бөлігінде жұмыс істейді. Мәселен, OlympiaToppen деп аталатын жоба елдің түкпір-түкпірін шарлап, таланттарды тауып, оларды кәсіби спортқа шыңдайды.
Елдегі спорттың дамуына мына жағдай да әсер етеді. Балалар арасындағы жарыста ешқашан алтын, күміс, қола деген секілді медаль берілмейді. Сайысқа түскеннің бәрі бірдей марапатталады. Мұның себебін спорт тізгінін ұстағандар былай түсіндіреді. Егер бала жас кезінде тауы шағылса, келешекте сол спортты тастап кетуі мүмкін. Ал жеңілсе де құрдасымен бірдей медаль алған өреннің спортқа деген ынтасы ашылады. Сонымен қатар Норвегияда далада спортпен айналысу мәдениеті қалыптасқан. Басқа елде балалар компьютерге телміріп отырғанда, норвегтер шаңғы теуіп, конькимен жарысып жүреді. Санаулы спорттан-ақ Норвегияның даңқын асқақтатқан скандинав феноменінің құпиясы, міне, осында!
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»