Бүгінгі таңда цифрлы әлем жаһандық деңгейде өзгергеніне қарамастан, сенің сол өзгерістерге дайын екендігіңді сұрамайды. Қазақстан үшін цифрлы жүйе – шикізаттық экономика «ұйығынан» шығудың айқын жолы.
Мен реформалаудың 10 маңызды бағдарынан өзгелерін жүзеге асырумен тығыз байланысты негізгі үшеуін ерекше атап өтер едім. Біріншіден, бұл – жаңа технология негізінде индустрияландыруды жеделдету, екіншіден, адам капиталы, үшіншіден, тиімді мемлекеттік басқару.
Бірінші міндет өзімен бірге «ресурстық потенциалды дамытуды», «ақылды» технология мен басқа да түйіндес мәселелерді қамтиды. Ал адам капиталының теңгермелі деңгейінсіз, бұған қоса, тиімді мемлекеттік басқарусыз жаңа технология негізіндегі индустрияландыру мен цифрлы технологиялар арқылы да әлемдік ортадағы Қазақстанның шикізаттық экономикадан шығуын әрі бәсекелестік басымдығын жоғарылатуды ешқашан жүзеге асыра алмайды. Шешуші нәтиже – ресурстық-энергия үнемдеу технологиясы мен өндіріс негізінде индустриялық-цифрлы жасыл экономикаға көшу.
Жолдауда адам капиталына жан-жақты әрі ерекше сипатта көңіл бөлінген. Экономиканың барлық саласын қамтитын әлемдік стандарт деңгейіндегі отандық кадрлар әлеуетін даярлауға ерекше мән беріледі. Бұл орталық атқарушы органдарға жауапкершілік жүктеп, жұмыспен қамту нарығын қалыптастыруда жүйелі әдіс енгізуіне мүмкіндік туғызады. Осыған орай, ел экономикасының кадрларға қатысты нақты қажеттілігін есептеу арқылы еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты теңестіруді қамтамасыз ету керек.
Ел Президенті «мұнай молшылығы» дәуірінің аяқталу кезеңі жақындағанына, әрі қарай мемлекеттің даму қарқынының сақталуы мен жоғарылауы жаңа сапалы әрекеттерді қажет ететіндігіне баса назар аударды. Сондықтан Қазақстанда «2050» Стратегиясы қабылданып, 5 институттық реформаны орындау бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, индустрияландыру және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Бұлар қазіргі заманның өктем талабын өсіп-өркендеудің жаңа мүмкіндіктері ретінде пайдалануға жол ашады.
Жолдауда барлық салада интеллектуалдық жүйе мен «ақылды» технологияны енгізу және цифрландыру, автоматтандыру мәселелеріне ерекше мән берілген, өйткені бұлар цифрлы технологияның негізі болып саналады.
Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі прогрестің қандай ұмтылыспен алға жылжу қарқынын көрсетті. Энерготиімділік пен энергоүнемдеу жалпылық сипатты, ал индустрияландыру инновациялық дәрежені иеленуі тиіс. Бірқатар қазақстандық өндіріс орындарын цифрлы жүйеге көшіруге арналған қанатқақты жобалар мен бұл тәжірибелерді тарату өңірлердегі технология трансфертінің нақты қадамдарының біріне айналады.
Бүгінгі таңда агроөнеркәсіп кешенін жетілдіру барысында шикізат индустриясын ұйымдастыруға, табиғи ресурстарды басқару ісіне, кешенді ақпараттық технологиялық платформаға, «ақылды» технологияны енгізуге сындарлы түрде басқаша ойлануға тура келеді.
Кез келген технология адам білімінің жемісі болып табылады, ал цифрлы экономика білім экономикасымен тығыз байланысты. Сондықтан Жолдауда барлық жас деңгейіндегі азаматтарды қамтитын білім берудің жаңа озық жүйесін қалыптастыруды жеделдету міндеті қойылды. Білім беру бағдарламаларының маңызды басымдығы жаңа білімді игеру мен шұғыл өзгерістерге үнемі бейімделу қабілеттілігін жетілдіре білуі тиіс.
Білім беру саласына өз инвестициялық жобасы мен экспорттық әлеуеті бар экономиканың бір бөлігі ретінде қарау керектігі дәл уақытында айтылды. Осыған сай, ел экономикасы салаларының дамуында тарихи орны бар – металлургия, мұнай-газ химия, АӨК, биофизика-техникалық, сонымен бірге алдыңғы қатардағы ІТ-технологияларда ғылыми әрі практикалық зерттеулер басымдығына ие іргелі және қолданбалы ғылымды жедел дамытуға тура келеді.
Елімізді индустрияландыру саласында жоғары еңбек өнімділігінің негізі болып саналатын жоғары кәсіби жұмысшы кадрларды даярлауға бағытталған жастарды тегін кәсіптік-техникалық біліммен қамтамасыз ету жобасының Жолдауда жалғасын табуы зор қолдауға ие болды.
Қазақстандағы бар жетістіктеріміздің орталығы әрі тірегі – біздің Астанамыз. 2018 жыл – Астана қаласының 20 жылдық мерейтой жылы. Жолдау біздің алдымызға зор міндет қойды. Ол – «Smart City»-дің стандартты «эталоны» болу және оны Қазақстанның барлық қалаларында өрбіту. Бұл тұста «ақылды» қалалар өңірлік даму мен өмір сүру сапасының жоғарылау локомотиві болуы тиіс. Мысалы, Астана қаласында «Өмір сүру деңгейін кешенді қамтамасыз ету жүйесі» жобасы, «Smart мектеп», «Smart көше жарықтандыру», «Smart емхана» және т.б. бағдарламалар бойынша бастамалары жүзеге асырылуда. «Smart City» технологиясын енгізу мегаполистер мәселесін шешуге, олардың дамуына мол мүмкіндік беріп, қала тұрғындарының қауіпсіздігін, жайлы да ыңғайлы өмір сүру жағдайын жақсартатынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.
2018 жылғы Жолдаудың ең басты екі ерекшелігін атап өтуге тиіспіз. Біріншісі – Қазақстан мен әлемдік экономика үшін маңызды саналатын жағдайларға прагматикалық көзқарастан тұрады, онда әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елі құрамына ену бойынша дағдарысқа қарсы басты-басты бағдарламалар мен нақты қадамдар айқындалған. Біздің стратегиямыз – алға ұмтылу мен жетіле түсу, бастамалар мен белсенділік, инвестиция тарту мен жаңа жобалар. Екіншісі – Жолдаудағы 10 бағдардың барлығы өзара тығыз байланысты, олардың әрқайсысын сапалы түрде жүзеге асыру тек бәрін орындағанда ғана жетістікке ие болады.
Цифрлы экономика саласында өзіміздің кадрлық, интеллектуалдық, технологиялық басымдықтарымызды жетілдіру үшін төмендегідей бағыттар бойынша әрекет жасауды ұсынамын:
1) экономиканың барлық саласында цифрлы технологияны енгізу үшін заманға сай нормативті база құру, мемлекеттің, бизнес пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шешімдер қабылдау;
2) өндірістерді цифрландыру жолымен жүретін, мәліметтердің мол қорын талдап-саралаумен белсенді айналысатын компанияларға қолайлы жағдайлар жасап, қолдау көрсету;
3) цифрлы экономиканың өзіндік дамуына жол ашатын мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде цифрлы экономиканың инфрақұрылымын құру, тосқауылдарды алып, бизнеске кедергі жасамау;
4) цифрлы экономика саласы бойынша мамандар даярлауды ұлғайту және жалпы цифрлы сауаттылыққа қол жеткізу;
5) ел Президентінің «Бесінші жол» мақаласында көрсетілгендей, оның үш алыбы – басқарудың техника-технологиялық, валюта-қаржылық және әлеуметтік-саяси құрылымдарын инновациялық дамыту жолы арқылы тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ету.
Түрлі саладағы цифрлы экономиканың дамуына кедергі жасайтын заңнама жүйесіндегі шектеуді ықшамдау керек. Ескірген әрі тозығы жеткен талаптардан арылып, салааралық институттарды жаңарту ісі кезек күттірмейді. Мысалы, қағаз жүзіндегі еңбек шарты мен еңбек кітапшасын жүргізуден арылған жөн. Қашықтықтан жұмыс атқарудың технологиялық мүмкіндігі адамдардың қайда жұмыс істейтінін емес, оның құзыреті жұмысқа сай келетіндігі маңызды болуына әкеліп соғады. Еңбек заңын өзгерту мобильдік деңгейді жоғарылатып, цифрлы экономиканың дамуына серпін береді.
Ағымдағы заңнамалық шектеуді алып тастау цифрлы экономика мәселелерін реттейтін кешенді заңнаманы әзірлеу ісін талап етеді. Менің пайымдауымша, цифрлы экономика негізінде цифрлы кодекс немесе заң қабылдау керек.
Сонымен бірге цифрлы заңнама мәселелерімен айналысатын арнайы кафедралары бар жоғары оқу орындары негізінде құзыреттілік орталығын құру керек, олар заңгерлерді емес, ақпараттық технология саласынан хабардар кәсіби кадрлар даярлайды.
Бұдан басқа, болып жатқан өзгерістерге жылдам бейімделе алатын цифрлы экономиканың басқару тетігін өзгерту керек. Өзгерістер жиі болған сайын мемлекетті басқару ісін соған бейімдеп үлгеруге тиіспіз. Өкінішке қарай, бізде нормативті құқықтық актілерді қабылдау үдерісі шексіз бюрократталған. Мысалы, бір ғана құқықтық актіні қабылдау үшін екі айдан үш айға дейін, кейде одан да ұзақ уақыт кетеді. Қазіргі жағдайда шегі жоқ келісімдер мен ұзаққа созылатын бюрократтық ресімдеулерге жол жоқ.
Үйлестіру шарасына жұмыс атқарудың цифрлы кеңістігін құру мен нормативті құжаттар келісімі есебінен қол жеткізуге болатын шығар. Сарапшылар әлдеқайда қатаңдау өзгерістерді ұсынады: нормативті актілерді үйлестірмей-ақ, өз нормаларының негізіне сүйенетін ұстанымды шешімдер мен алгоритмдерді үйлестірсе жеткілікті. Мұндай қанатқақты жобалар цифрлы басқару жүйесіне ену барысындағы алғашқы қадам болып, ал Қазақстан цифрлы экономика мәселелерін шешудегі осындай жолдары арқылы әлемдік көшбасшыға айналар еді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаһандық дағдарыс жаңа мүмкіндіктер, ең бастысы, соларды ел игілігі үшін пайдалана білуіміз керектігін бірнеше рет атап өткен болатын. Біз ел Президентінің басшылығымен Жолдауда көрсетілген барлық басымдыққа ие мақсаттар мен міндеттерді жемісті жүзеге асыратынымызға нық сенімдімін.
Еділ МАМЫТБЕКОВ,
Парламент Сенатының депутаты