Астана. Осы бір ауыз сөздің аясына еліміздің көркіне айналған бас қаламыз – бүгінгі Астанамыз туралы бәріміздің мақтаныш сезіміміз сыйып жатқандай. Күн сайын көркейіп келе жатқан Астананың келбетіне қарап, елордамыздың әлемнің көрікті әсем қалаларының қатарына қосылғанына қуанасың.
Қалай айтсақ та, Сарыарқа төріндегі жұлдызды қаламыздың көктен де, жерден де жарқырап тұрғаны рас. Зәулім үйлердің, ғажайып ғимараттар мен көрікті көше жарық сәулелерінің, түрлі жарнамалардың түрлі-түсті жазулары мерекелік отшашуларға ұқсайды. Оны, әсіресе, кешқұрым, түнгі мезгілдерде ұшақпен келіп қона бастағанда анық байқайсың. Бір сәт бала құсап, ұялы телефонға суретке түсіріп алғың келеді. Әрине, ұшақ терезесінен суретке түсіруге рұқсат жоқ. Дегенмен, сан түске боялған, жалт-жұлт еткен жұлдызды сәттерге бөленген әсем Астана бейнесінің Еуропаның да, Азияның да небір айтулы қалаларының келбетінен кем түспейтіні көз алдыңнан кетпейді.
Мәскеу бір күнде тұрғызылған жоқ дегендей, Астананың да Астана болғанына биыл жиырма жыл толады екен. 1997 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі шыққан соң, көп ұзамай ресми түрде Астана болып өзгертілген жас қаланың болашаққа жаңа қадамы басталды. Үкімет қаулысына орай мемлекеттік мекемелер мен қызметкерлер де жаңа астанаға көшірілді. 1998 жылдың ақпанында әскери қызметкер ретінде біз де Астанаға қоныс аудардық. Балаларымыз да жаңа астанамен бірге өсіп-өніп, бақыт мекендерін осы жерден тапты. Сондықтан кешегі жас Астанадан бүгінгі жарқын Астанаға дейінгі барлық кезеңдердің куәсі болдық деп айта аламыз.
Жақында Астанадағы әсем өнер ғимараттарының бірі – «Қазақстан» орталық концерт залында еліміздің ұлттық ұланы ән-би ансамблінің елорданың жиырма жылдығына арнаған «Ел жүрегі – Астана» атты гала-концерті өтті. Өзім әскери зейнеткерлікке шыққанға дейін қызмет еткен Ұлттық ұланның жас өнерпаздары елордамыздың кешегісі мен бүгінін ән-жырларына арқау етті, қазіргі технологияларға сай, бейнесүйемелдеулер арқылы сахна төрінен әсем астананың көркін, оның жетістіктерін әсерлі жеткізе білді.
Астананың жиырма жылдығы тойланатын мерекелік жылды Ұлттық ұланның бастауында ресми заңдылық, символикалық жарасым бар. Тәуелсіздік алған бойда құрылған кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан – тәуелсіздіктің тірегі, ел тыныштығының кепілі. 1997 жылдан бастап астана мәртебесін алған Ақмола, қазіргі елордамыз Астана қаласы мемлекеттік рәміздеріміз – Ту мен Елтаңбаның эталондық белгілерін және Президент байрағын сақтайтын орталыққа айналды. 1997 жылдың 8 қарашасында Ақмоланың орталық алаңында Республикалық ұланның қолбасшысы Сәт Тоқпақбаев басқарған Ұлттық ұлан Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін Алматыдан жаңа елордаға жеткізілуіне орай ұйымдастырылған салтанатты митинг пен шеру рәсімдерін өткізді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет мүшелерімен бірге шеруді қабылдады. Сол күннен бастап жаңа Астана әлемдік астаналардың шеруіне жолдама алды деп айтуымызға әбден болады.
1998 жылдың 10 маусымында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қонақтардың қатысуымен Қазақстан елордасының халықаралық тұсаукесері өтті. Ұлттық ұланның қызметкері ретінде осындай үлкен шаралардың біріне қатысқаным естен кетпейді. Содан бері жиырма жыл өте шығыпты. Ғаламдық тұрғыда қас-қағым сәт болғанымен, адамдық ғұмырда аз уақыт емес сияқты. Жиырма жыл ішінде Астана адам танымастай өзгерді, талай-талай әлемдік деңгейлердегі шараларды өткізді, әлем қоғамдастығының назарын өзіне аударды.
Елбасымыздың бастамасымен Сарыарқаның сәніне, қазақ елінің елордасына айналған Астана бүгінде саяси, экономикалық, мәдени, рухани өмірдің орталығы болып отыр. Жоғарғы Кеңестің ел астанасын ауыстыру туралы шешім қабылдаған күні, 6 шілде – Астана күні болып еліміздің мемлекеттік мерекелік күндері қатары енді. Өткен жылы миллионыншы тұрғыны дүниеге келген Астанаға деген қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келетін талантты жастар осында білім нәрімен сусындап, болашаққа сеніммен қарайды. Осылайша Астана ұлттық брендке, ал оның дамуы – елдің дамуының моделіне айналды.
Астана десек кеудемізді ерекше мақтаныш сезімі кернейтіні содан. Ал бұл атауды Елбасының өзі ұсынғанын көпшілік жақсы біледі. Бұл жайында Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп жазады: «Шынын айтар болсақ, астананың атауын өзгертуге байланысты көп ойланып-толғандым. Сөйтіп жүргенде бірде... Бірде түн ішінде, дәлірек айтқанда түнгі сағат екіде, кенеттен ойыма сап ете қалды – Астана.
Астана дегеніміз – астана! Қазақша өте әдемі естіледі. Сұлу, жинақы әрі өте әуезді. Орысша және ағылшынша да тура осылай айтылады. Бұл атауда бір батылдық пен айқындық реңкі бар – Астана! Астананы көшірудегі біздің үміт-ойымызды білдіретін қысқа да нұсқа атау!».
Ал енді өткен шаққа қарайлап, бүгінгі Астанаға көз салсақ, осы жетістіктеріміздің үлкен еңбекпен келгенін, алыс-жақын елдердің бас қалаларынан кем болмауы үшін қажырлы қайрат пен күш-жігердің көп жұмсалғанын білеміз. Оған елордамызға алғаш қадам басқан қонақтарымыз да көз жеткізген еді. 2001 жылы Астанаға келген Рим папасы Иоанн Павел ІІ ұшақтан түскен бойда: «Мен ұлтаралық бейбітшілікке жол ашқан осы жерді үлкен толғаныспен сүйіп отырмын», деп өз қуанышын көңіл толқытатын зор ризашылықпен білдірген еді. Ал бір жылдан соң Астанаға ат басын бұрған БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Кофи Аннан мырзаның Қазақстанның жаңа елордасына деген өзінің жүрекжарды лебізін де бұқаралық ақпарат құралдары әлемге сол сәтте таратып жатты.
Айта берсек, Астанаға деген мәртебелі меймандардың ақ тілектері жетіп артылады. «Қазақ елінің жаңа астанасы бой көтерді» деп жер-жаһанға жар салып, жас елорданың тұсаукесерін өткізгелі бергі жиырма жыл ішінде төрткүл дүние көз тіккен әлемдік және халықаралық талай форумдар өтті. Мәселен, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Астана саммиті, одан кейінгі қысқы Азиада, ЭКСПО-2017 жаһандық көрмесі сияқты әлем жұртшылығы көз тіккен маңызды шаралар. Сирия елінде болып жатқан соғысты тоқтатуға деген араағайындық ниеттеріміз бас қаламыздың мәртебесі мен мерейін одан сайын асқақтатты.
Мұның бәрі Елбасымыздың салиқалы саясаты мен көрегендігінің, жасампаз істерінің арқасында екені хақ. Еліміз бен Елбасымыз, елордамыз етене жақын ұғымдар. Елорданың өсуі еліміздің де өсуін дәлелдейді. Бір сөзбен айтқанда, ел мен елорданың өсуі қашанда Елбасының назарында.
Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында да ел астанасының негізгі даму бағыттарын атап көрсетті. Елорданы болашақтың, ақылды жастардың қаласына теңейді. «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін, – дейді Елбасымыз. – Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз. Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзіреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет».
Иә болашағына сенім артқан жастар қашанда ел үшін, ұлт үшін жан аямай жұмыс істейді, алға ұмтылады, ақылды идеяларды өмірге әкеледі, өнегелі бастамалардан үлгі алады. Жас қаладан бас қалаға айналған Астанамыз осының жарқын дәлелі.
Ендеше, экономикамыздың ғана емес, рухани жаңғыруымыздың орталығы болып отырған айшықты Астанамызбен – еңселі елордамызбен қалай мақтансақ та жарасады.
Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
запастағы полковник
АСТАНА