Қазақстан • 31 Қаңтар, 2018

Көшеңізде қандай ағаш өсіп тұр?

1807 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта ауыл, аудан, қала әкімдері халық алдында есеп беруде. Аңғарғанымыз, есептік кездесулерде көтеріліп жатқан мәселелердің басым бөлігі тұрмыстық деңгейдегі дүниелер. 

Көшеңізде қандай ағаш өсіп тұр?

Яғни қаржының бөлінуіне байланысты, бағдар­ламалар мен іс-шаралар жос­парында қаралған, біртіндеп шешімін табатын мә­селелер. Мұндай көріністі «сананы тұрмыс билейді» деп бағалауға да болмас.

Өйткені жол салу, көлік қатынасы, ауыз су, жарық, газ жеткізу, сапалы жылу беру сын­ды мәселелердің жыл сайын көтерілуі жергілікті әкімдік пен тұрғындар арасындағы ал­шақ­­тықты да аңғартады. Жер­гілікті әкімдер жұртпен жиі кез­десіп, мұң-мұқтажын зерт­теп, коммуналдық мәселе­лер бойынша түсіндірме жұмыс­та­рын жүргізсе, есепті кездесуде бүгінгі шағымдар алдынан шықпас па еді. Әкімдерге ақыл айтудан аулақпыз, айтайын дегеніміз, осындай есепті кезде­сулерде қала немесе аудан­ды өр­­кендетуге қатысты ұсыныстар кө­­теріліп ортаға са­лын­байтыны, тұр­­ғындармен талқыланбайтын еді.

Мысалы, жерге шыбық шан­шысаң өсе беретін құнарлы топы­рақтан тұратын облыс орта­лығы Шымкенттің бас жос­парын қарағанда, тек ғимарат пен тұрғын үйлер ғана емес, қай кө­шеге қандай ағаштар отырғызу мәселесі де ескерілсе. Әсем үй мен әдемі ғимарат қана емес, көрікті тал-дарақтар да шаһарды шаттыққа бөлейді емес пе? Жанға дауа жасыл же­лек қаланың қан­шалықты көрікті екендігін біл­діре алады. Онымен тұрмай, ағаштың түрлі газдарды өз бойына тартып, орнына оттегі бөліп шығаратыны, табиғаттағы тепе-теңдікті сақ­тап, көшедегі шудың азаюына да ықпал ететіні жақсы мәлім. Жа­сыл желектің пайдасы көп­ті­гін ұғынған халқымыз «...Жү­з жылдығын ойлаған халық ағаш егеді...», «Атадан мал қал­ғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаса керек-ті. Осы орайда айта кетелік, облыс әкімі «Шатқал» атауымен жақсы бас­тама көтеріп, ол іске асырыла бастады. Мысалы, облыстағы 170 гектар тұқымбақта өткен жылы 16,3 млн түп көшет өсі­ріліпті.

Көшеттердің жа­ңа түр­лері мен санын көбейту мақ­са­тында «Бадам» мемлекеттік мекемесінде 2 жылыжай құрылған болатын. 2017 жылға бекітілген индикативтік жоспарға сәйкес, таулы және тоғайлы аумақта 390 гектар, құмды өңірде 3 мың гектар жерге көшет егілген. Сондай-ақ 10 577 гектарға сексеуіл тұ­­қымы себілсе, орманның та­би­ғи түрде ұлғаюына ықпал ету жұмыстары 7 мың гектар аумақ­та жүргізілген. «Шатқал» бағдарламасын іске асыру мақсатында былтыр облыстың елді мекендерін көгалдандыруға аудан, қала әкімдіктеріне 480 мың түп көшет тегін босаты­лыпты. Биыл аудан, қала әкім­діктерінің сұранысына орай 1 млн 990 мың түп көшетті тегін үлестіру жоспарланып отыр. Ал Шымкент қаласы айналасындағы «Жасыл аймақ» көлемін 19 мың гектарға ұлғайту жұмыстары жү­зеге асырылуда. Сондай-ақ қала аумағынан 125 гектар жерде орналасқан 7 шатқалда 55 мыңнан аса түрлі көшеттер егіліп, абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Ағымдағы жылы аталған шат­қал­дың екеуі ел игілігіне тап­сырылмақ.

Ал енді биыл тегін үлесті­рілетін 1 млн 990 мың түп қандай ағаштардың көшеті? Бұл жағы тұрғындарға беймәлім. Әйтпесе аудан немесе қала тұрғындары Сарыағашта жергілікті климатқа бейімделген, әлемдегі ең жылдам өсетін павловния ағашының көптеп отырғызылғанын қалар ма еді. Осы бір бізге әзірге бейтаныстау, бірақ көріктілігімен, өсімталдығымен әлемнің да­мы­ған елдеріне танымал ағашты оңтүстікке әкеліп жерсін­дір­ген кәсіпкер Балтабай Құр­бан­баевтың айтуынша, павлов­нияның пайдасы өте көп. Әлемдегі ең жылдам өсетін жапы­рақты ағаш, 3 жылда 15 метрге дейін және 7-8 жылда 22-25 метрге дейін өседі екен. Қа­зіргі уақытта кем дегенде 6 түрі анықталған. Батыста ке­ңінен танымал, онда жиһаз, фанер және биомасса өндірісі үшін өсіреді. Жапырақтары үлкен, әсіресе бірінші жылда, бір гектардан 1200 тоннаға дейін көмір қышқыл газының сіңірілуін қамтамасыз етеді, яғни ауаны тазартады. Жи­һаз өнеркәсібінде «ағаш алюми­нийі» ретінде белгілі, бұл ұқсас ағаштан 30%-ға жеңіл.

«Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия отаны болып саналатын павловния ағашының көшеттерін біз Қытай елінен әкеліп, жерсіндірудеміз. Біздің оңтүстік өлкенің климатын ескере, ыстығы мен суығына төзімді сортына таңдау жасадық. Міне, бір жылдан асты, алып келген 35 мыңға жуық көшеттің барлығы дерлік өсіп-өнді. Биыл тағы 200 мың түп әкелуді жос­парлап отырмыз. Көрікті де өсімтал, ауаны тазартуға, күннің ыстығында сая болуға пайдасы өте мол ағаш­қа сұраныс та көп. Саясы мол, көрікті ағаш Шымкенттің шырайын аша түсер еді. Үлкен жол­дардың бо­йына да отырғызуға болады. Павловния өзіне ерекше күтімді қажет етпей-ақ, тақыр жерді 7 жыл ішінде орманға айналдыра алады екен. Көзін тауып, дұрыс пайдаланған адамға, мысалы жиһаз жасауда, бұл ағаш үлкен табыс көзі де бола алады.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында өзгелердің тәжірибесін алып, озық жетістіктерін бойға сіңі­ру қа­жеттігін атап көрсетті. «Өзім­дікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетіс­тіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі» екенін айтты. Өңірді, оның ішінде қаланы таза әрі жасыл желекке айналдыруда озық же­тістіктерді, жаңашылдықты ба­тыл енгізген жөн», дейді іскер­лігімен елді сүйсіндірген Б.Құрбанбаев.

Алты апта бойы гүлдеп тұ­ратын ағаш қаланы ажарландыра түсері, күре жолдар бойын да көріктендірері анық. Сондай-ақ мамандар, әсіресе қалада павловниямен қатар сәндік ағаш сакураны да отырғызуға болатынын айтуда. Сәуірде гүлдейтін жапониялық сакура көрші елде өсіп тұр. Шымкентті де жатсынбасы анық. Иә, айта берсек, пайдалы тұсы мол тал-дарақ жетерлік. Олардың арасынан табиғатымызға сай келетіндерін, мысалы павловния ағашы кө­шеге көрік беретін болса, саялы жапырағы да пайдалы болса неге өңірімізде көп­теп өсірмеске?

Айтпақшы, қаладағы Қаратау ауданы әкімі­нің есептік кездесуіне келген тұрғындардан осы мәселеге қатысты көзқарастарын да сұрап білген едік. «Облыс әкімінің бастамасы өте дұрыс. Бірақ көктігі болмаса саясы жоқ шыр­­­шалардың орнына жеміс-жи­дек егілгенін қалар едік. Мысалы, өрік, алма дегендей. Қаланың көшелерінде де шырша емес сәндік ағаштардың бой көтергені дұрыс. Шымкентте көбіне күн ыстық, көлік көп, ауа лас, сондықтан көлеңкесі мол, бойы биік, оттегіні көп бөлетін ағаштарды отырғызу қажет», дейді қала тұрғыны Қалыбек ақсақал.

Облыс әкімі Ж.Түйме­баев­­тың бастамасымен қолға алынған, еліміздегі тың жо­балардың бірі болып табылатын «Шатқал» бағдарламасының бас­ты мақ­сатының бірі – қа­раусыз қал­ған сай-саланы халық де­мала­тын саябаққа айналдыру. Кә­рі ағаштардан құтыла алмай отырған Шымкентке бағ­дар­лама шең­берінде сәндік ағаш­тарды да көптеп отырғызса ол турис­тер­дің де көзайымына айналар еді. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан» 

Оңтүстік Қазақстан облысы