Әдебиет • 31 Қаңтар, 2018

Өмірді кім айтты өлең деп?!

940 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әдебиеттің әңгімесі

Өмірді кім айтты өлең деп?!

«Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым,
Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның,
Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін бір тұтқын,
Кес-кестеп барып кеудеңді оғына тосу мылтықтың,
Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мынау дүниені,
Жамау қып басу өзіңді аузына барлық жыртықтың», – деп қазақтың маңдайына біт­кен ақиық ақыны Төлеген Ай­бергенов сипаттаған бекзат өнерді жанына серік етіп келе жатқан жас ақындардың бірі – Солтүстік Қазақстан об­лы­сында жарық көретін қа­лалық «Қызылжар нұры» газе­тінің редакторы Нұргүл Оқа­ше­­ва.

11-сыныпта оқып жүргенде қалың оқырманға «Жүрегім жырдан ғана жаратылған» деген атпен балау­са жырларын ұсынып үлгерген оның әлі сиясы кебе қоймаған «Күз бен қыз» жинағына қа­рым­ды қаламгер Оңайгүл Тұр­­жан­ның алғысөз жазуы кез­дей­соқ емес. Демек «Сезім со­лай күйдіріп «қош айтады», Әз жа­нымның қалады жыр – емі болып.

...Саусақтарын ағаштар шошайтады, Ақын келе жатыр деп жүрегі жоқ». Болмаса «Айырбастап сезімге бар ақыл­ды, Жабырқатты жанымды «жара» түрлі. Сен мен үшін әлемсің, тұтас әлем, Бәлкім, әлем сен үшін жаратылды» де­ген сыр­шыл сезімдерге, тосын ой­­ларға толы жырларымен өлең өлкесіне өзіндік өрнекпен қа­нат қағуға талпынған қарым-қуатын танығандықтан болар. Мағжан елінде оның «Сіз өлең ғанасыз» атты жыр кеші өткенін естіп, қуанып қалдым.

Өйткені топырағы құнарлы бұл өлкеден ұлттық поэзия мен прозаның төрінен ойып тұрып орын алған Мағжанның, Сәбиттің, Ға­биттің, Сафуанның, олардың ізін жалғастырып келе жатқан жергілікті ақын-жазушылар Жарасбай Сүлейменовтен, Зей­нолла Әкімжановтан кейін аралықты жалғастырушы буын, дәстүр үзіліңкіреп қалған еді. Енді, міне, «Елжіреп...Емініп...Елең­деп..., Дертімен алатын мені емдеп. Сіз – Өлең ғанасыз, бары сол, Өмірді кім айтты Өлең деп?!» деген айшықты, мөл­дір жырлар жиі ұшырасатын жинақта өзіндік қолтаңба айқын аңғарылады.

Осындайда өнер мен мәде­ниеттің қайнаған ордасы – ару Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында өзім ортақтасқан жыр кеші ойға оралады. «Күз бен қыз» атты өлеңдер жинағының таныс­ты­­рылымында белгілі ақын Аян Нысаналин, Қазақстан Жазу­шылар одағы басқармасы төр­ағасының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редак­торы Жанарбек Әшімжан Нұргүлдің әдеби орта жылы қабыл­даған шуақты жырлары туралы жылы лебіздерін біл­дірген. 

– Мен Нұргүлді студент ке­­зінен жақсы танимын. Пав­лодарда өткен респуб­лика­лық жас ақындар форумында таң­­ғы шықтай мөлдір лири­калық жырларымен әдеби қа­уым­­ды селт еткізген. Оның өле­ңін оқыған адам сыршыл се­­зім­­нің тұңғиығына батып, шы­найылықтың сырына қ­а­нығары сөзсіз, – деген еді Жанар­бек. Астана төрінде ұйым­­дас­ты­рыл­ған әдеби кеште Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман, абай­танушы Омар Жәлел, ақын Қалқаман Сарин, тағы басқа­лар ақжол тілеген. 

 Сөз арасында Нұргүлдің Фа­риза Оңғарсынова атындағы «Өлең, мен сені аялап өтем», «Мұқағали Мақатаевтың «Поэ­зия менімен егіз бе едің?» ат­ты ақындар мүшәйрасының же­ңімпазы екенін айта кету ләзім. 

Қасиетті Қызылжар өңірінде еңбек етіп жүрген ақын қарын­дасымызға шалқар шабыт құша­ғына бөлене бер демекпіз. 

Қасымхан БЕГМАНОВ,
ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Дәстүр» журналының 
бас редакторы

Суретті түсірген 
Талғат ТӘНІБАЕВ