Қазақстан • 31 Қаңтар, 2018

Талдықорғанда робот-полицей жұмысқа кірісті

1071 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақын күндері Алматы облысындағы тәртіп сақшыларының қатары «Бақыт» есімді робот-полицеймен толығуы мүмкін. Қазір құқық саласының қызметкерлері техника мамандарымен бірлесіп, «жаңа қызметкердің» атқаратын міндеттерін талқылауға кірісіп кетті.

Талдықорғанда робот-полицей жұмысқа кірісті

Арнайы бағдарламасына «ақыл-ойдың» соңғы үлгідегі мүмкіндіктері орнатылған «темір қызметкер» тәртіп сақшыларына таптырмас көмекші болмақшы. «Бақыттың» міндетіне адамдарды суреті мен бейнесіне қарап анықтама беру, биометриялық ақпараттар арқылы тану мен кез келген адамға қажетті кеңес айту жатады.

Робот-полицейдің «дүниеге келуі» елімізде кеңінен қолданысқа енгізіліп жатқан «жасанды ақыл-ой» бағдарламасының кезекті жемісі. Бұған дейін Астана қаласындағы «Қазпошта» АҚ бас ғимаратында робат-кеңесшілер «жұмысқа» кіріскен еді. Енді «Қуаныш» пен «Сәуле» есімді ақылды роботтардың тағы бір «туысы» Талдықорғанда «полиция қызметкері» атанып жатыр.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы