Медицина • 01 Ақпан, 2018

Белсіздік пен бедеулік

8671 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бедеуліктің белең алып бара жатқаны қазір күллі дүние жүзін алаңдатып отыр. Ұрпақ өрбіту жасындағы ұл-қыздарымыздың белсіздік пен бедеулікке шырмалуы біздің ұлттың да басты демографиялық трагедиясына айналғалы қашан. Бүгінде Қазақстанда жаңадан отау құрған отбасылардың 15 пайызы «бедеу» деген ауыр дертті арқалап жүр. Жалпы алғанда, республика бойынша 14 мың әйел бедеу, мыңнан астам еркек – белсіз...  

Белсіздік пен бедеулік

Белең алған бедеулік

Біз бесігіміз бос қалмасын дейтін қазақпыз. Халқымыз балалы үйді базарға санап, дүниеге ұрпақ әкелуді, үрім-бұтағын жалғастыруды ең үлкен бақытына балаған. Кезінде ұрпақ­сыздықтың кесірін көп тарт­паған ұлты­мыз бүгінде бұл індет­тің шыр­мау­ына шындап шырмалғандай. Алай­да мамандар бедеуліктің белең алуы бізде ғана емес, күллі дүние жүзін­дегі тенденция дейді. Не дегенмен де, бедеу­лік пен белсіздік демография­мыз­ды ақсататын үлкен кесел болып тұр.

Репродуктолог-дәрігерлердің айтуынша, егер әйел мен еркек үйленіп, бір жыл бойы жүктілік пайда болмаса, бұл бедеулік болып саналады. Әйел бедеулігі екі түрлі. Біріншісі – іштен туа біткен, екіншісі жүре пайда болған бедеулік. Іштен туа біткен бедеулікке жатыр түтігінің бітелуі, жыныс мүшелерінің, жатырдың жетілмей тууы басты себеп. Жүре пайда болған бедеулік әртүрлі ауруларға, саламатты өмір салтын сақтамауға байланысты туындайды. Оның ішінде ең басты орында түсік жасату тұр. Белгілі ғалым, репродуктолог-эмбриолог Сал­танат Байқошқарова бізге берген сұхбатының арасында өздеріне емделуге келген әйел­дердің 80 пайызы кезінде түсік жасат­қандар болып шыққанын айтып қалған еді. Демек, жаратылыстың берген сыйынан саналы түрде бас тарту осындай қасіретке әкелетіні дәлелденген. Бұдан бөлек, жатыр мен жатыр түтікшелеріндегі сырқаттар, түтікшелердің бітелуі, жыныс мүше­лерінің қабынуы, эндометриоз, етеккірдің бұзылуы, гор­мон­­дық бұзы­лыстар, тағы көптеген фак­торлар да бедеулікке әкеліп соғады.

Әлемде қанша жұп бедеулікке шалдыққаны туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең соңғы мәліметі осыдан бес жыл бұрын жарияланған екен. Онда 50 миллионға жуық адам осы кеселге ұшырағаны айтылған. Ал қазір бұл сан, сөз жоқ, өскені анық. Бірақ аталған ұйым бедеуліктің санымен емес, оның себеп-салдарымен күресіп әлек. Әлемнің белгілі ғалым-сарапшылары да бедеу­лік мәселесінің дәл қазіргі заманда не­ліктен өршіп кеткені туралы әртүрлі болжамдар айтуда. Ғаламтордағы мәліметке сүйенсек, бедеулік пен бел­сіздіктің белең алуына тамақтану үр­ді­сінің өзгеруі мен экологиялық фак­тор­лар көп әсер етіп жатыр. Қазір күнделікті тұтынып жүрген тағам­дарымыз табиғи құрамынан баяғыда алыстап кетті. Ас-суымызда небір боя­ғыш­тар, дәм күшейткіштер, химия­лық қоспалар көбейді. Содан кейін адам­заттың бөлінбес бөлшегіне айнал­ған микротолқынды пештер, компьютер, ұя­лы телефондар да бедеулікті ас­қын­дырып жіберген. Сондықтан ғалым­дар ұялы телефонды қалтаға жа­қын ұстамау, қуат көзі 5 пайыздан төмен­дегенде оны қолданбауға кеңес береді.

Адам қимыл-қозғалысының азаюы да бедеуліктің негізгі себебі. Кем­б­ридж университетінің бір профес­соры: «Қазіргі заманда әйелдер­дің ара­сында бедеуліктің жиілеуі олар­дың аналық емес, материалдық, ман­саптық құндылықтарды жоғары қоюы­нан болып отыр. Себебі әйел­дер­дің қан айналымы жатырға емес, миға кетіп жатыр», дейді. Сон­дықтан бала туу жасындағы әйелдер алдымен мансапты емес, ана болуды алдыңғы кезекке шығарғаны жөн.

«Бөріктілерден» де қуат кеміп барады...

Бала өрбіту, ұрпақ әкелу – тек әйелдердің проблемасы емес. Өмірге дені сау, саналы бала­ның келуіне еркектердің де үлесі үлкен. Бірақ бедеулік мәселесі туын­­дай қалса, оған бірден әйел­ді кінәлай­мыз. Адам санасы өзге­ріп, заман сан құбылса да мұн­дай сыңар­жақ көз­қарас әлі де бар. Әсі­ресе қазақ­тың қалыптасқан санасы балалы бола алмаудың кін­әра­тын алдымен нәзік жандылардан іздейтіні рас. Бірақ статистика бас­қаша сөйлейді. Астана қаласындағы «Экомед» адам ұрпағын өрбіту орталығының мед­ициналық директоры Алмас Ибра­гимовтің айтуынша, қазіргі таңда бедеу әйел мен белсіз еркектің саны бірдей, яғни некелескен жұп­тар­­да баланың болмауына еркек те себепкер. Әлемде де, соның ішінде Қазақстанда да аталық ұрығы әлсіз жігіттер көбейген. «Еркектің белсіздігі қазір әйелдердің бедеулігімен қатар тұр. Ал екеуінің де денсаулығының дімкәстігінен балалы болмау 30-40 пайызды құрайды. Сондықтан біз ерлі-зайыптылар­ды бірдей медициналық тексеруден өткіземіз. Алайда ер азаматтар тек­серілуге онша құлықты емес. Көбі оны өздерінше намыс көреді. Тіпті еркектердің 60 пайыздан астамы дәрігерлерге жоламайды да», дейді А.Ибрагимов. Оның айтуынша, құрсақ көтере алмаған жағдай­да көбіне әйелдер медициналық орта­лықты жағалайды екен. Байғұс әйел қаншама тексеруден өтіп, бала үшін күрделі операциялар жасатуға мәжбүр болады.

Ақыр соңында, гәптің бәрі еркекте болып шыққан жағдайлар Алмаз Құрманәліұлының тәжірибесінде көп кездесіпті. Дәл біз барған кезде дәрігердің батысқазақстандық пациенті үшінші баласын дүниеге әкеліп жатыр екен. «Бұл отбасы да 7-8 жыл бойы бала көтере алмаған. Емделуге әйелі ғана келді. Оның денсаулығынан айтарлықтай ақауды байқамадық. Күйеуін де тексерілуге шақырдық. Бірақ ол басында көнбеді. Кейін амалсыздан келді. Сөйтсек, еркектің аталық безінде жүкті етуге жарамды ұрықтар болмай шықты. Біз тиісті дәрі-дәрмектермен емдеп, арнайы репродуктивті технологиялардың көмегімен ұрықты сапалы деңгейге жеткіздік. Міне, нәтижесі – биыл үшінші баласы өмірге келіп жатыр. Сондықтан еркектер де емделуден қашпауы керек», дейді репродуктолог-маман. Оның айтуынша, еркектің белсіздігіне ұрпақ өрбіту жүйесіндегі қабынулар: аталық бездің, қуық асты безінің қабынулары жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқулар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар әсер етеді екен. Сондықтан «бөріктілер» де саламатты өмір салтын сақтап, нәпсіқұмарлықты тыйып, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап жүргені абзал.

Қайтсек көбейеміз?

Жалпы адамның балалы бола алу қабілеті шектеулі. Дәрігерлердің уақытты оздырмай, дер кезінде дәрігерге қаралу керек дейтіні сондықтан. Белгілі дәрігер-репродуктолог Алмаз Құрманәліұлының айтуынша, бір баланың үніне зар болып жүрген отбасылардың басым көпшілігі түкке тұрмайтын, тіпті адамның бойында шартты түрде болуға тиіс инфекциялардан емделіп, уақытты оздырып алады. «Мысалы, «уреаплазма» деген жұқпа бар. Осы инфекциядан адамдар ұзақ уақыт бойы емделеді. Ал шынтуайтында, бала болуға бұл инфекцияның ешқандай қатысы жоқ. Себеп – басқада. Инфекциялардан хламидиоз, гонорея секілді жұқпаларды емдеген жөн. Бұлар – репродуктивті функцияларға кері әсерін тигізетін инфекциялар. Жалпы, ерлі-зайыптылар мүмкіндік болса, 35 жасқа дейін бала мәселесін шешіп алуы керек. Жас ұлғайған сайын ұрықтың да сапасы нашарлап, генетикалық тұрғыдан әлсіреп, жатырға тоқтауы қиын болады», дейді А.Ибрагимов.

Ал Астана Медициналық университеті Урология және андрология кафедрасының меңгерушісі, Астанадағы №1 қалалық аурухананың дәрігері Ұланбек Жаңбырбекұлы бедеулік пен белсіздіктің алдын алу жолдары бала кезден басталуы керек деп есептейді. Әр ата-ана баласының бойындағы әр өзгерістерді қалт жібермей, дер кезінде дәрігерге қаратуы керек. Сондай-ақ ол тiкелей ерлер денсаулығымен айналысатын андрология саласын елімізде дамыту қажеттігін алға тартады. «Байқасаңыз, бiз ерлерден гөрi әйел денсаулығын көбiрек күйттеймiз. Әйелдер кеңесi, ана мен баланы қорғау орталықтары дейсiз бе, гинекология саласында орталықтар да, бөлiмшелер де көп. Мамандар да баршылық. Бұл, әрине, дұрыс. Бiрақ ерлер денсаулығын көлеңкеде қалдырмауымыз керек. Әсiресе, ерлерiмiздiң денсаулығы күрт төмендеп кеткен бүгінгідей жағдайда бұл саладағы мамандарды даярлау ісіне мән беру керек», дейді ол.

Ұ.Жаңбырбекұлы еліміздің болашақ арқа сүйер азаматтары – ұлдардың денсаулығына да айрықша ден қою керектігін айтады. «Біз жеткіншектерімізге жыныстық тәрбие жөнінде айтуды әбестік көреміз. Негізі әкелер бұл мәселені қолға алуы керек. Мектептерде де әртүрлі аурулардың алдын алу жөнінде тәрбие сағаттары өткізілуі керек. Бірде маған қаралуға 15-16 жастағы екі бала келді. Өздері қысылып, әрең сөйлеп тұр. Қысқасы, олар «гонорея» деген инфекцияны жұқтырып алыпты. Оларға ем-домын белгілеп, мұндай аурулар болашақта белсіздікке әкелетінін, сондықтан сақтанып жүру керектігін түсіндірдім. Кейін сыртқа шықсам, әлгі екі кішкене пациентімнің қасында тағы 15 шақты жеткіншек тұр. Шамасы, бәрі бір адамнан осы инфекцияны жұқтырып алған. Балаларға дәріс оқуға тура келді. Бәрі түсінгендей болып кетті. Бұл – біздің алдымызға келгендері ғана. Ал дәрігерге қаралмай, ауруын асқындырып, кейін белсіздіік дертіне шалдығып жатқан жастарымыз қаншама?! Сондықтан бұл жерде тәрбие мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек», дейді андролог-маман.

Иә, дұрыс тәрбие, дұрыс тамақтану, дұрыс өмір сүру салты – ұлтты сапалы етудің, ұрпақты көбейтудің басты шарттары. Дегенмен де, бедеулік пен белсіздік – үкім емес. Ең бастысы, оның себеп-салдарын анықтап, дер кезінде емделу. Ол үшін сабырлылық пен төзімділіктің де алар орны ерекше екені сөзсіз.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»