Сайлау науқаны еліміздің 68 округінде өтіп, Ақмола облысы бойынша 3 депутат, Ақтөбе – 4, Алматы – 6, Атырау – 6, Шығыс Қазақстан – 2, Жамбыл – 3, Батыс Қазақстан – 4, Қарағанды – 9, Қостанай – 13, Қызылорда – 4, Маңғыстау – 1, Павлодар – 5, Солтүстік Қазақстан – 3, Оңтүстік Қазақстан облысында – 3, ал Алматы қаласы бойынша 2 депутат сайланады. Астана қаласында бос округтердің болмауына байланысты депутаттарды сайлау өткізілмейді.
Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 68 депутаттың 10-ы облыстық, 17-сі қалалық және 41-і аудандық мәслихаттарға сайланады. Депутаттардың өкілеттіліктерінің мерзімнен бұрын тоқтатылуына мына себептер негіз болған: тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен басқа тұрақты орынға кетуі, басқа жұмысқа ауысуы, жеке өтініші, сондай-ақ депутаттың қайтыс болуы және соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі.
Биылғы жылғы 25 қаңтарда шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына кандидаттарды ұсыну басталды. Депутаттыққа кандидаттарды ұсыну 2018 жылғы 25 ақпанға дейін жалғасады. Ағымдағы жылдың 31 қаңтарындағы жағдай бойынша Алматы қаласының 2 сайлау округінде 7 кандидат ұсынылған.
«Егемен-ақпарат»