Қазақстан • 01 Ақпан, 2018

Қаржы орталығының жұмысы қарқын алды

118 реткөрсетілді

«Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми таныстырылымы Астана күні қарсаңында – 5 шілдеде өтпек. Бұл елорданың 20 жылдығы тұсындағы үлкен жетістік болып отыр. Кеше Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте орталықтың басшылары осылай деді. 

Елбасының биылғы Жолдауының «Қаржы секторын «қайта жаңғырту» 6-бағытындағы міндеттерді іске асыру» тақырыбына арналған баспасөз жиынына АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, «АХҚО әкімшілігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Әйтенов, АХҚО биржа басқармасы төрағасының орынба­сары Әмина Тұрғұлова, «АХҚО әкім­шілігі» АҚ цифрлы технологиялар дирек­торы Әсел Жиенбаева қатысып, қаржы орталығының осы бағыттағы жұмыс­тары жайында айтып берді.

АХҚО биыл 1 қаңтарда заңды түрде іске қосылған болатын, содан бері толық жобалық қуатқа жету мақ­сатындағы қаржы орталығының құры­лымдарын белсенді түрде өрістету жұмыстары бас­талды.

«Президент бастамасымен АХҚО қаржы технологияларын, инновацияларды тарту, жасыл технологияларды дамыту және инвестицияларды тарту үшін көптеген мүмкіндіктер алды. АХҚО-ның халықаралық таныстырылымы Астананың дамуына өзінің елеулі үлесін қосады деген сенімдеміз», деді Қ.Келімбетов. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының жақында АҚШ-қа ресми сапары АХҚО жұмысына оң әсерін бергенін атап өтті. Мәселен, Елбасы АҚШ-қа жасаған ресми сапары кезінде бизнес капитандарын АХҚО алаңына шақырды. АХҚО, Bloomberg және ABC TV отандық бизнес арнасы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұған қоса сапар барысын­да еліміздің Қаржы министрлігі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы­ның биржасы (AIX) және Euroclear банкі арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Тараптар Қазақстандағы халықаралық клиринг жүйесін дамытуға келісті. Меморандум нарықтық ортаны құруды қолдау мақсатында серіктестікте жұмыс істеу ниетін білдіреді, онда шетелдік инвес­торларға жергілікті қазақстандық бағалы қағаздар Euroclear жүйесі арқы­лы қолжетімді болады.

Қ.Келімбетов сондай-ақ жақында Давоста өткен Бүкіләлемдік экономика­лық форумның негізгі тақырыптарының бірі адам капиталын дамыту мәсе­лесі болғанын тілге тиек етті. БЭФ алаңы­ның әлеуеті мен іскерлік ортаның бас қосуын пайдалана отырып, АХҚО Thomson Reuters-пен серіктестікте панельдік сессия өткізіпті. Аталған іс-шарада АХҚО делегациясы мүдделі топтарды Қазақстанның басымдықтары мен елде жасалып жатқан жағдайлар туралы хабардар еткен.

«Сонымен қатар Waves блокчейн-платформасымен меморандумға қол қойылды. Waves-пен жұмыс істеу арқылы АХҚО қазақстандық стар­таптарға жобаларды жаңа техно­­­ло­гиялық деңгейде дамытудың біре­гей мүмкіндігін береді, осы­лай­ша бұл бастама Қазақстанда блок­чейн-технологияларды танытуға ық­пал етеді», деді Қ.Келімбетов.

АХҚО басшысының айтуынша, қазіргі таңда орталықтың барлық бағыт­тарын заңмен реттеу процесі жүр­гізіліп жатыр және дамушы нарық­тарға инвестиция салуға мүдделі халықара­лық іскер топтарды тартуға қабілетті өңір­лік хабты құрудың негізгі серіктес­тері анықталды. Қор нарығының дамуына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-тың ұлттық компаниялары акция­ларын IPO-ға сәтті өткізу де ықпал етпек. Бүгінде IPO-ны тиімді өткізу тетігі әзір­ленуде. Оған қоса АХҚО жанынан компанияларды тіркейтін және қыз­меттердің кең спектрін лицензиялайтын Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (АФСА) жұмысын бастаған. АХҚО-ның коммерциялық және азаматтық дауларды қарайтын, ағылшын жалпы құқығының негізінде әрекет ететін тәуелсіз соты, сондай-ақ Халықаралық арбитраж орталығы құрылыпты. Сонымен қатар АХҚО базасында Шанхай қор биржасы мен NASDAQ стратегиялық серіктестеріне айналған жоғары технологиялық биржа іске қосылған.

 Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Көш басында - Канело

Спорт • Кеше

Ауылда да субұрқақ бар

Аймақтар • Кеше

Шыңға біткен шынардай Шыңғыс еді!..

Руханият • 14 Маусым, 2019

Мерейі тасыған отбасы

Руханият • 14 Маусым, 2019

Бірлесіп күресуге шақырды

Саясат • 14 Маусым, 2019

«Реал» 303 миллион еуро жұмсады

Футбол • 14 Маусым, 2019

Олимпиада жолдамасын иеленді

Спорт • 14 Маусым, 2019

Еуропа ойындары басталады

Спорт • 14 Маусым, 2019

Демалыс аймағы ашылды

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Мұражайлар фестивалі

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Мейіргер Шархат

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Робот арқылы операция жасайды

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Ұқсас жаңалықтар