ҚАБА сарапшыларының дерегіне сүйенсек, 2017 жылы алты қазақстандық зауыт жеңіл және жүк автокөліктерін, автобустарды қоса алғанда жалпы құны 139,5 млрд теңгеге 19 086 бірлік техника шығарыпты.
Яғни 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өнім көлемі үш есеге артқан.
Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегінше, машина жасау саласындағы автоөнеркәсіп үлесі ақшалай баламада екі есеге артып, еліміздегі алты кәсіпорынның 2017 жылғы салық төлемі 7 млрд теңгені құраған. ҚАБА болжауынша, 2018 жылы автонарық өсімі тағы 15-20 пайызға ұлғая түспек.
ҚАБА вице-президенті Анар Мақашеваның айтуынша, мемлекет автокөлікті жылына 4 пайыздық несиемен сату жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыру арқылы өндірушілерге қолдау көрсетіп отыр.
– Бұл бағдарлама оң нәтиже көрсеткендіктен, 2018 жылы да жалғасын таппақ. Мемлекет автоөнеркәсіпті қолдауға 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөліп отыр, осы жылдың басында қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерден несие алу арқылы тағы да отандық көліктерді 3% жылдық мөлшерлемемен лизингке коммерциялық техникаларды сатып ала алады. Аталмыш бағдарлама коммерциялық техника сегментінде жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. 3% жылдық мөлшерлемені «БРК Лизинг» АҚ ұсынып отыр. Бағдарлама шарты да көңілге қонымды: шамамен 3% бастапқы жарнасын, лизинг ресімдеуге қажетті аз ғана құжаттар жиынтығын өткізсе жетіп жатыр. Бұл орта және шағын бизнес үшін коммерциялық техника сатып алудың ең қолайлы тәсілі болмақ, – дейді Анар Мақашева.
Жыл қорытындысы бойынша елімізде ең көп сатылатын автокөлік брендтерінің үздік бестігін өткен жылғыдай Toyota бастап тұр. Былтыр Toyota-ның 9267 данасы сатылып, нарықтағы үлесі 21 %-ды құраған. Ал 1175 бірлік сатылған Lexus-тың премиум нарықтағы үлесі 40,7 %-ға тең. Аталмыш брендтердің ұзақ жылдар бойы өз сегментінде көш бастап тұруының сырымен бөліскен «Тойота Моторс Қазақстан» компаниясының президенті Кит Симмонс былтырғымен салыстырғанда нарықтың әлі де 5-10 мың бірлікке ұлғая түсетінін айта келіп, қазақстандық тұтынушылардың біздің брендімізге құрметпен қарайтынын барынша бағалаймыз. Былтыр біз дилерлік желілерімізді күшейтуге, клиентке қызмет көрсету мәдениетін жетілдіруге бағытталған бірқатар қадам жасадық. Ондай қадамдар біз үшін қашанда маңызды болып келген, солай болып қала береді де деп атап өтті. «Тойота Моторс Қазақстан» президенті компанияның әлеуметтік бастамаларды, оның ішінде Ұлттық олимпиада комитетімен және паралимпиадалықтарға қолдау көрсету мақсатында Ұлттық паралимпиадалық комитетпен серіктестікті дамытуды жалғастыра беретінін жеткізді.
2017 жылдың қорытындысы бойынша жақын және алыс шетелдерге 1480 қазақстандық автокөлік экспортталған екен. Осылайша 2016 жылғымен салыстырғанда 2017 жылы қазақстандық автоөнімдердің экспорты төрт есеге ұлғайған.
– Нарық үшін бұл ауыз толтырып айтарлық көрсеткіш болмаса да, Қазақстан шетелге шығаратын техникалар көлемін әжептәуір ұлғайтқанын көрсетеді,– деген Астана Моторс» ҚМК атқарушы директоры Антон Афонин өткен жылы Қытайға Lada 4x4 үлгісіндегі 1205 көлік құралын, Тәжікстан мен Ресейге JAC S3 үлгісіндегі 66 автокөлік сатылғанын айтады.
– Біздің компаниямыз үшін негізгі экспорттық нарық Ресей болып қала бермек. Ресейлік нарықтың әлеуеті орасан. Былтыр жыл соңына қарай «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» зауыты» JAC автокөліктерінің толық топтамасын шығарды. Ол зауыттың Ресейге автокөлік экспорттау жоспары іске асып қалар деген ойдамыз, солай болған жағдайда қазақстандық автокөлік экспорты ондаған мың көлікпен өлшенер еді. Дегенмен Ресей нарығына шықпас бұрын, біздің ол жақта көп тараған көлік түрлерін ұсына алмайтынымызды түсініп алу керек. Сондықтан бірінші кезекте, ресейлік нарықта әлі болмаған немесе ресейлік кәсіпорындар шығармайтын үлгілерге үміт артқанымыз жөн. Ал жеңіл автокөліктерге келер болсақ, оларға JAC түріндегі, ал коммерциялық техника бойынша Hyundai Trans Auto шығаратын кейбір үлгілер жатады, – деді Антон Афонин.
Ол, сондай-ақ, қазақстандық автокөліктерді Қырғызстан мен Тәжікстанға жеткізу арқылы біршама табысқа жетуге болатынын айтып өтті.
Қазақстандық автопарктің жанармайдың балама түріне ауысуы 2018 жылы да жалғаса бермек. Мұндай үрдіс электрмобильдерге қызмет көрсету инфрақұрылымын дамытуға мәжбүрлемек. Оған сәйкес жобалар ҚАБА бастамасы бойынша жүзеге асырылатынын айтқан «Mercur Auto» компаниясының бас директоры Қанат Ақышев компанияның биыл Қазақстанға брендтік электрмобильдер жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
– Яғни ондай автокөліктерді сатумен айналыспас бұрын, алдымен оларға қызмет көрсететін инфрақұрылым, яғни қуаттайтын бекеттер орнатып алу қажет. Бұл бір ғана брендтің немесе марканың қолынан келетін іс емес, оны шешу үшін барлық дилерлер күш біріктіру керек. Электрмобильмен жүргісі келген клиент көлігін қуаттауды үйренуі тиіс. Жұмысшылар тобын құру міндетін біз мойнымызға алмақпыз, өйткені қуаттау бекеттерін орнату қажеттігін нарықтың өзі талап етіп отыр. Біз ұсынып жүрген әлемдік деңгейдегі брендтердің көбісі электрмобиль шығару туралы шешімді қабылдап та қойды. Ал көптеген елдерде 2025 жылдан бастап іштен жанатын қозғалтқышы бар автокөліктер тасымалдауға тыйым салынбақ. Сондықтан біз үшін бұл бір жағынан, келешегі бар сала болса, екінші жағынан бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып келе жатыр, – деді Қанат Ақышев.
2016 жылдың соңында Қазақстанда ескі көліктерді сатып алу бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Сол бағдарламаға сәйкес, қазақстандық автокөлік иелері өздерінің ескі көліктерін өткізіп, ақшалай өтемақы немесе қазақстандық өндірістің жаңа автокөлігін сатып алуға жеңілдік беретін сертификат ала алады. Ақшалай өтемақының сомасы тәрізді, сертификат құны да өткізілген автокөлік жағдайына байланысты. Аталмыш бағдарлама туралы «Оператор РОП» ЖШС-нің Пайдалануға жарамайтын көлік құралдары жобасын жүзеге асыру бөлімінің жетекшісі Рыскүл Есдәулетова кеңінен әңгімелеп берді. Бағдарлама жұмыс істей бастаған уақыттан бері операторлар 8 мыңға жуық ескі автокөлік жинаған және олардың бәріне жеңілдігі бар сертификаттар берілген. Бүгінгі күні ол сертификаттар бойынша Қазақстанда шығарылған 3 мыңнан астам авто-
көлік сатып алынған. «Қазірше бұл бағдарлама бойынша жеке тұлғалар жеңіл автокөліктер ғана сатып алуда, дегенмен 2018 жылы коммерциялық техника сатып алғысы келетін заңды тұлғалар да осы бағдарламаға қызығушылық танытып қалар деген ойдамыз», дейді Рыскүл Есдәулетова.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ