Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева 2017 жылы акушерлік қызметте 66 дағдарысты жағдаят болғанын айтты. Өкініштісі, жасөспірімдер арасындағы жүктілік қалыпты жағдайға айналып келеді. Былтыр мектеп жасындағы 164 қыз бала жүкті ретінде есепке тұрып, 91-і өмірге сәби әкелген. 15-і түсік жасатыпты. Көңілге көлеңке түсірер осы жайтқа алаңдаған Парламент Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының осы проблеманың алдын алуға да қатысы бар. Отан отбасынан басталады. Әр отбасында ұлттық құндылықтарымыз салтанат құрса, салт-дәстүрімізден ауытқымасақ, қыздарымыз мұндай келеңсіздіктерге тап болмас еді, деді. Жасөспірімдердің тым ерте жүкті болу деректерінің, әсіресе, ауылдарда белең алып отырғаны тәрбие мәселесіне әлі де жете мән беру қажеттігін көрсетеді.
Соңғы жылдары Атырау облысында ана өлімі артып отыр. Өткен жылдың өзінде екі ана өлімі тіркелді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұл қайғылы жайттарға бала көтеретін жастағы әйелдермен жұмыстың жеткіліксіздігі, түрлі аурулардың уақытында анықталмауы, жүктіліктің жоспарланбауы себеп болғанын жасырмады. Емдеу шаралары мен консилиумдардың уақтылы ұйымдастырылмауы, диагностика хаттамасының сақталмауы да өкінішті жағдайларға әкеп соққан.
Бала өлімі көрсеткіші азайды дегенмен, былтыр бір жасқа дейінгі 109 сәбидің өмірден өтуі бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсуді талап етеді. Шетінеген шараналардың 56 пайызына перинаталдық кезеңдегі себептер әсер етсе, туабітті ауруға шалдыққандар мен инфекциялық ауру салдарынан көз жұмғандар да бар. Былтыр облыста 17 бала Даун синдромымен өмірге келді, төрт сәбиден хромосомалық патология анықталған. Мәселенің бәріне дәрігерлерді кінәлі деп қарауға да болмайды. Денсаулықтарына мән бермейтін, уақытында тексерулерден өтпейтін жүкті әйелдер қатары азаймай отыр. Діни сенімдеріне байланысты медициналық тексеруден өтуден бас тартатын әйелдердің де бары белгілі. Жаңа туған сәбилерге екпе салуға қарсы ата-аналардың саны өткен жылы 16 пайызға артқан.
Жастар мен жасөспірімдердің репродуктивтік, жыныстық, психикалық денсаулықтарына мән беретін әлеуметтік-медициналық қызметтер де жеткіліксіз.
Аймақтағы денсаулық сақтау саласында бірқатар ілкімді істердің жасалып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, облыстық балалар ауруханасында ашылған катамнестикалық кабинетте былтыр 597 бала ем алған. Бұл өз кезегінде шала туған нәрестелер арасындағы өлімнің азаюына оң ықпал етіп отыр. 220 медицина қызметкері біліктілігін арттырды. Денсаулық сақтау мекемелері заманға сай құрал-жабдықтармен қамтылып келеді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ