Хабарламаға сүйенсек, қор Жолдаудағы ең маңызды үш міндетке басымдық бермек. Біріншісі, ақпараттық жүйелер мен мобильді қосымшаларды дамыту арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету. Еске сала кетейік, былтыр қараша айында қордың мобильді қосымшасы іске қосылған болатын. «МСҚ: Халықтық бақылау» деп аталатын қосымша еліміздегі ауруханалар мен емханалар қызметін бағалауға мүмкіндік береді. Қосымшаны ұялы телефонға жүктеп, кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде қызмет көрсететін емдеу мекемелерінің жұмысына баға беруге болады. Емхана немесе стационар қызметі дәрігер қабылдауына кіруге кеткен уақыт, көрсетілген қызмет сапасы, дәрігер берген емнің түсініктілігі сынды өлшемдер негізінде бағаланады. Сонымен қатар қосымшаны пайдаланушылар кез келген медицина ұйымы жайлы пікірін еркін түрде жазып қалдыра алады. Алдағы уақытта осы пікірлер негізінде клиникалардың рейтингі жасалады. Ал бұл азаматтарға еліміздегі ең үздік емханалар мен клиникаларды таңдауға көмектеспек. «Халықтық бақылау» қосымшасын Android және iOS платформаларымен жұмыс істейтін смартфондарға орнатуға болады. Мобильді қосымша үнемі жаңартылып, толықтырылып отырмақ. Алдағы уақытта оған емханаға тіркелу, медициналық қызмет сапасын бағалау, дәрігер қабылдауына жазылу сынды функцияарды қосу көзделіп отыр, дейді қордың баспасөз қызметі.
Екіншісі, кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін оңтайландыру. Жалпы, бұл құжат Үкімет тарапынан бекітіледі. Біз өз ұсыныстарымызды әзірлеп өкілетті органға береміз. Бір сөзбен айтқанда, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті қайта қаралады деуге болады. Болашақта мемлекет үшін тиімділігі төмен әрі шығыны көп диспансерлік жүйеден бас тартып, оның орнына созылмалы сырқаттарды қашықтықтан диагностика жасау және амбулаторлық емдеу тәсілдерін пайдалану арқылы емдеу жүйесіне көшу көзделіп отыр, делінген хабарламада.
Алдағы екі жылда қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттеріне кіретін қызмет түрлерін іріктеумен айналыспақ. Іріктеу барысында медициналық қызметтерге деген сұраныс пен олардың тиімділігі міндетті түрде ескеріледі.
Үшіншіден, стационарлық көмектен профилактикаға және өзге де қызмет түрлеріне көшу. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қазіргі денсаулық сақтау жүйесінің бағасы қымбат болып келетін стационарлық емге емес, аурудың алдын алуға ден қоюы керектігін қадап айтты. Себебі елімізде науқастардың 70 пайызы дәрігерге ауруы әбден асқынғаннан кейін қаралады. Соның салдарынан азаматтардың шығыны мен мемлекет қалтасынан шығатын қаражат бірнеше есе артады. Бұл ретте болашақта стационарды алмастыратын қызмет түрлерін көбейтуге, соған басымдық беруге күш салынбақ. 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінетін қаражаттың 5 пайызы осы қызмет түрлеріне жұмсалатын болады. Сонымен қатар профилактикалық іс-шаралар ауқымын едәуір арттыру көзделіп отыр.
Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар медициналық қызметке қалай қол жеткізеді? Биылғы Жолдауда халықты лайықты әлеуметтік қорғау жүйесін құру және сапалы жұмыспен қамту проблемасы айтылғаны белгілі. Мемлекет басшысы бұл мәселені шешу үшін азаматтардың мүмкіндіктерін арттыру қажеттігін, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу үдерісін жеңілдету керектігін айтты. Яғни қолайлы жағдай жасалса азаматтар үшін мемлекет алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындау тиімді болары сөзсіз.
Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар Президенттің өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты экономикаға жұмылдырып, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту туралы тапсырмасына сәйкес бірқатар іс-шаралар легін әзірледі. Атап айтсақ, заң актілерінде «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» түсінігін нақтылау, өз күнін өзі көріп жүрген азаматтарды мемлекеттік табыс органдарында тіркеу тәртібін жеңілдету, олардан салық өндіру тәртібін айқындау, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтарды тіркейтін мекемелер қызметін толығымен цифрландыру, жергілікті атқару органдары мен орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін бір-бірімен ықпалдастыру көзделген. Оған қоса, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға аз мөлшерде жарна төлеп, МӘМС пакетін толық пайдалануға мүмкіндік берілетінін де айта кеткеніміз жөн.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»