Футбол • 01 Ақпан, 2018

Құтқарушы Канкава

435 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан футболында келімді-кетімді легионерлердің қатары көп. Көбіне сол легионерлерден қазақ футболына түк пайда жоқ деп қапаланып жатамыз. Шындыққа жақындау тұжырым. Көпшілігі «құнын төлемесең әкесінің көрін де қазбайды». Барлығы дерлік емес. Мысалға «Қайратта» үш жыл ойнап, үш маусым үздік сұрмергендердің көшін бастаған Жерар Гоуды алайық. Қанша қаражат алса да, жанкүйер қауымның көңілінен шыққаны белгілі. Қайтарымы болған.

 

Құтқарушы Канкава

«Егемен Қазақстан» газеті жаңа маусымда қазақ клубтарының қатарына қосылған кейбір легионер футболшыларды кеңінен таныстыруды бастайды. Көптің ортасынан көзге түсіп, топтың ортасынан төбе көрсетеді деген үмітпен. Бүгінгі кейіпкеріміз – Джаба Канкава. 

2014 жыл. Днепропетровск қаласы. Жергілікті «Днепр» мен Киевтің «Динамосы» ара­сындағы маңызды ойын. Кездесудің бел ортасында күт­пеген жағдай болды. Қонақ­тар шабуылшы­сы Олег Гусев қарсылас коман­даның қақпашысы Денис Бой­камен допқа таласта қатты қақ­тығысты. Басынан ауыр соққы алған Гусев әлгі жерде есінен танып қалды. Сол уақытта фут­болшыға алаң иелерінің ойыншысы дер уа­қытында алғашқы көмек көр­сетіп, өлімнен арашалап қалды. Дәрігерлердің айтуынша, алғашқы көмек дер кезінде көрсетілмегенде Гусевтің өміріне қауіп төніп тұрған екен. Украин футболшысының өмі­рін құтқарып қалған – Джа­ба Кан­кава еді. Сол оқиғадан кейін Украинаның кез келген қаласында Канкаваға деген құрмет, жанкүйерлердің ыстық ықыласы арта түсті. Ажал­ға араша болған Канкава адамгершілік тұрғысынан да өзінің мықтылығын көрсетті.

– Менің орнымда кез келген адам солай істеуші еді, мұ­нымды ерлікке санамаймын. Ең бастысы, бәрі дұрыс аяқталды. Қолымнан келгенін жасадым, – деген еді сол кезде футболшы.

Грузин футболшысы күні ке­ше ғана Қостанайдың «Тобылы­­­мен» келісімшартқа отырды. Джаба Канкава туралы көп нәр­се айтуға болады. Грузия ұлт­тық құрамасының капитаны. Бірнеше рет өз елінің үздік фут­болшысы атанған. Грузияда таны­­малдығы жағынан әйгілі Ка­хабер Каладзеден кем түс­пейді.

Атақты «Динамо» (Тби­лиси) футбол клубының тү­легі «Днепр­де» де керемет ойын­дары­мен көзге түсті. Украин командасы 2014-2015 маусымында Еуропа футболында атой салды. Кұрамында Коноп­лянка, Ротан, Канкава сияқты мықтылар жиналған Дне­про­петровск жігіттері азулы «Олим­пиакос», «Аякс», «На­поли» командаларын жеңіп, Еу­ропа лигасының финалына дейін жетті. Тек финалда ғана атақты «Севиляға» жол берді.

Джаба Канкава – қорға­нысқа жақын ойнайтын жартылай қорғаушы. Осыған дейін «Динамо» (Тбилиси), «Ала­­ния» (Владикавказ), «Ар­сенал» (Киев), «Днепр» (Дне­пропетровск) командаларында ойнаған. Футбол­шының соң­ғы ойнаған командасы – Фран­цияның «Реймс» ұжымы. Француздармен үш жылдық келісімшартқа отырған еді. Алайда біржарым жылдан кейін «Реймстен» кетуіне мәжбүр болды. Команданың төменгі лигаға түсіп қалуы Кан­ка­ваның ұмтылысына, ойы­нына да кері әсерін тигізді. Фран­циядан кеткен соң Джабаға «Метц», «Ницца» «Малага» командалары қызығушылық танытқан. Көктемде аталған командалармен келіссөз жүргізгені туралы ақпарат тараған, алайда белгісіз себептерге байланыс­ты ешбірімен ортақ мə­мілеге келе алмады. Биыл қыс­та «То­былдың» ұсынысын қа­былдап, Қостанайдан бір-ақ шықты.

Украиналық спорт жур­налисі Виктор Хохлюк Кан­каваға қатысты мынадай мінез­деме береді. «Дене бітімі мы­ғым, жігерлі, техникасы мық­ты футболшы. Жасыл алаң­ды жақсы көре білуімен көз­ге түседі. Қорғанысқа көп көңіл бөледі. Алыс қашық­тықта­ғы әріптестеріне доп­ты шебер жеткізумен ерек­шеле­неді. Соққылары жойқын. Əріптес­терімен тез тіл табысады. Фут­болдан тыс былайғы өмір­де де көшбасшы жігіт», деп мақ­тауын жеткізген. Қазақ­стан бірін­шілігі ойындарында дəл осындай қасиеттерін, шеберлігін, мық­тылығын көр­сетіп жатса, артылған үміттің, сенімнің ақтал­ғаны.

«Тобылдың» бас бапкері ойыншының мүмкіндігін жақсы біледі. Канкаваның коман­даға келуіне Владимир Ни­китенко тікелей мүдделі болыпты. Жартылай қорғаушының әлеуетін тиімді пайдаланса, қос­танайлықтардың алысқа шабары анық.

Бір жағынан ұлттық бірін­шілігімізге жасы келген, Ре­сейдің немесе Украинаның ко­мандаларына жарамай қал­ған футболшылар келеді деген әңгіме жиі айтылды. Деген­мен, Канкава сияқты мар­қас­қалардың жөні бөлек. Ха­лықаралық тəжірбиесі мол, Еуропа лигасының финалында ойнаған, ұлттық құра­масының көшбасшысы. Кəсі­билігімен, жүріп-тұрысымен жас фут­болшыларға үлгі болып, фут­болдың көп сырын үй­ретері анық. «Тобылдағы» талай таланттарды қанатының астына алар, жол көрсетер, бар білгенімен бөлісер, қамқорлық танытар...

Көпті көрген тәжірибелі ойын­шылар осындай ерек­шелі­гімен құнды. Олардың ҚПЛ-ға футболдағы ғұмырын аяқтауға келгені айтпаса да белгілі. Әйтсе де Еуропадан қырық үш күндік кемдігі бар қазақ футболы үшін мұндай ойыншылар қажет-ақ.

Еркебұлан ЖОМАРТ,

«Егемен Қазақстан»