01 Ақпан, 2018

ҚР дипломаты бастаған БҰҰ ҚК делегациясы Дональд Трамппен кездесті

360 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР-ның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының аяқталуы барысында Кеңес делегациясы Вашингтонға сапарлады, деп хабарлайды ХАА ҚР СІМ баспасөз қызметі.

ҚР дипломаты бастаған БҰҰ ҚК делегациясы Дональд Трамппен кездесті

Бағдарламада АҚШ президенті Дональд Трамппен түскі ас, сондай-ақ Холокост музейін және Анакоста-Болинг әскери базасын аралау шаралары қарастырылған. Сапар Анакоста-Болинг әскери базасынан басталып, БҰҰ ҚК мүшелеріне баллистикалық зымыран фрагменттері мен басқа да қару-жарақтар таныстырылды.

АҚШ президенті Дональд Трамптың атынан ұйымдастырылған Ақ үйдегі түскі асқа Мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсон, Ақ үйдің аппарат басшысы Джон Келли және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Герберт Макмастер, қатысты. Шарада халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген қауіп-қатер, соның ішінде КХДР-ді ядролық қарусыздандыру, Сириядағы шиеленіс пен терроризмге қарсы күрес мәселелері талқыланды.

 АҚШ президенті Ауғанстандағы жағдайды ерекше атап өтті. Ол Талибан қозғалысы содырларының бейбіт тұрғындарды өлтіріп, лаңкестік жасап жатқанын атап өтті.

Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ ҚК төрағасы ретінде сөз сөйлей отырып, Президент Н.Назарбаевтың қаңтардағы АҚШ-қа жасаған сапары барысында Президент Д.Трамппен табысты кездескеніне басты назар аударып, қол жеткізілген келісімдерді орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Осыған байланысты Ақ үй басшысы сапардың сәтті өткенін тілге тиек етіп, Президент Н.Назарбаевқа сәлем жолдады. Сапар соңында БҰҰ ҚК мүшелері Сириялық шиеленістің құрбандарына арналған Холокост музейіндегі көрмеде болды.