Бүгін, міне, астаналық досым «Нұрлы жол» вокзалынан құшақ жая қарсы алды. Қонақ үйге орналасып, таңғы шайды ішуге отырғанымызда баспадағы редакторым телефон шалып, жаңа кітабымның сүйінші данасы келгенін айтып жатты.
Содан соң оны көріп, қуанып тұрғанымда бас есепші тиісті қағаздарға қол қойып, қаламақымды ала кетуімді өтінді.
Қызық. Баспадан шыға бере әріптестерім хабарласып, Астанадағы «Алматы» кафесіне шақырды.
Ал әйтпесе...
Тек әлгі кафеге таксилетіп жетіп, әріптестеріме бір-бірден қолтаңба жазып бермек болған кітаптарымды қолтығыма қысып шыға бергенімде... жазатайым жерге түсіріп алғаным.
Бір таңғаларлығы, біреу қолымды әдейі қағып жібергендей жап-жаңа кітаптар жан-жаққа шашылып кетті.
Жер лайсаң еді. Әп-сәтте адам қарағысыз болған түрін көріп ызаланғаным сондай, неше жылдан бері көз майымды тауысып жазған еңбегімді шіреніп тұрып теуіп жібергім келді.
Тап сол сәтте:
– Өй!.. – деді менің аяғымның көтеріле бергенін байқап қалған досым шыж-быж болып. – Жындысың ба, немене?! Бұл – жақсы ырым ғой! Баяғыда біздің бабаларымыз дүниеге жаңа келген сәбидің өзін жерге бір аунатып алады екен. Ал сен болсаң... Қара жерден қасиетті не бар дейсің, досым-ау!
Сонда барып есімді жидым. Бір күндік сәттіліктің өзі пенде шіркінді тәубесінен жаңылдырып жібергенін ұқтым.
Расында да, қара жерден қасиетті не бар?!.
Ғарышқа ұшқан жандардың өзі де осында қайтып оралуға асығады емес пе.
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»