Аймақтар • 06 Ақпан, 2018

Құрманғазы мен Динадан қалған мұра

467 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі­нің қорында 60 домбыра бар. «Өл­ке мәдениеті мен әдебиеті» экспо­зи­ция­­лы­қ залында күй атасы Құрманғазы Са­ғырбайұлы туралы деректер, Дина Нұр­­пейісованың домбырасы, өңірден шық­қан белгілі өнер шеберлерінің тұтынған бұйымдары мен аспаптары жи­нақталған. «Рухани жаңғыру» жобасы аясында музейде тағы бір игілікті шара өтіп, «Домбыра-дастан» атты кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды. 

Құрманғазы мен Динадан қалған мұра

Кітапта ғасырлар бойы әр қазақ­тың төрінен орын алған ұлттық аспап, оның шығу тарихы, әнші-күй­ші­лердің жан серіктеріне айнал­ған домбыралар жайлы жазыл­ған. Домбыра жасаушы қолөнер шеберлерінің еңбектері де жинақтан тыс қал­ма­ды. Ұлттық мұраны жырға қос­қан ақындардың өлеңдері де кітапқа енгізілді.

Шараға қатысқан Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Илья Жақанов, Қазақстан Жур­налистер және Жазу­шылар одақтарының мүшесі, өлке­танушы Өтепберген Әлімгереев пен аймақ­тағы зиялы қауым өкілдері жаңа кітаптың маңызы туралы баяндады. «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжінің студенттері музейде тұрған Қар­­шыға Ахмедияров, Хамит Ерғалиев, Рысбай Ғабдиев, Ме­кес Төрешев, Шәміл Әбілтаев, Нари­ман Үлкенбайұлы, Ғатау Ибішев сынды өнер тарландарының домбыраларымен күй тартты.

– Күллі қазаққа есімдері белгілі өнер иелері домбыраларының біздің музейде сақталуы – мақта­ныш. Жас домбырашылар да өздері үлгі ете­тін аға-апалары ойнаған аспаптар­да күй тарту мәртебесіне ие болды. «Домбыра-дастан» кіта­бы бес бөлімнен тұрады, онда қазақ­тың дәс­түрлі өнері жайлы көп мағлұмат бар, – дейді музейдің этнография және өлке табиғаты ғылыми-зерттеу бөлімінің сектор жетекшісі С.Нұр­пейісова.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ