Рухани жаңғыру – жаңашылдыққа қол жеткізу, заманның жетістігін бағындыру, сонымен бірге елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алу деген сөз. Адами құндылықтар, рухани қазына арқылы жастарды тәрбиелеуге, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігі туындап отыр. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік, әрі ұлттың алға ілгерілеуіне қозғаушы күш дер едік. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Отбасындағы ізгілік тәрбиесін дамыту көп ғасырлық халық педагогикасына және балаларды жалпыадамзаттық құндылықтарға оқытудың әлемдік тәжірибесіне негізделген. Әр адамның өмірінде отбасы оның өзіндік санасы қалыптасуының алғашқы баспалдағы болып табылады. Отбасында баланың болмысы, қарым-қатынас жасауындағы біліктілігі мен дағдысы жетіліп, оның адамгершілік бейнесі мен кәсіби тұрғыдан өзінің орнын өзі табу қабілеті қалыптасады. Отбасы ұлттың, елдің, әлемнің, адамзаттың негізі және сондықтан да отбасында дұрыс қарым-қатынас орната білу қажет. Бала бақытының кепілі – ата-ананың өнегелі тәрбиесінде. Баланы отбасында дұрыс тәрбиелеу оның мектепте жақсы оқуына, болашақта жақсы азамат болып шығуына үлкен ықпалын тигізеді. Жас жеткіншекке жанұяда дұрыс тәрбие берілсе, болашақта одан үлкен нәтиже күтуге болады. Дұрыс тәрбие алған бала ата-анасын қуантып отырады.
Балаға дұрыс тәрбие берудің өзекті бір саласы жас жеткіншектің еңбекке деген әлеуметтік көзқарасын қалыптастыру болып табылады. Бұны тек мұғалімдер ғана емес, әрбір ата-ана қолға алып, өз балаларының игілікті іске қатысуын қадағалап отыруы керек. Еліміздің болашағы ертеңгі тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ екені даусыз.. Ата-аналар балаларының бойынан жат қылық көрсе, мұғалімдерді, жолдастарын, қоғамды кінәлаудан гөрі, «баламды тәрбиелеуде қай жерден ағаттық кетті, баламның бойына жақсы әдет сіңіруде, жақсы тәрбие беруде қай жерден жаңылдым» деген ой түйсе екен. Адам баласының шыр етіп өмірге келгенде көретіні ата-ана, ал ата-ана өмірінің жалғасы – бала. Баласының керемет ғалым болмаса да, тәрбиелі, үлгілі, ақылды кішіпейіл, бауырмал, мейірімді болып өсуін ата-ана қадағалайды.
«Тәрбие басы – тал бесік», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейтін дана сөздер текке айтылмаса керек. Баланы тәрбиелеуде ата-ананың бір-біріне деген қарым - қатынасы, қалай сөйлесетіндігі, туған-туыспен, көрші-көлеммен қалай араласатындығы, келген қонақты қалай сыйлайтыны, тіпті ұсақ-түйек болса да, қалай тамақтанатыны, дастархан басындағы әдептілігі, қалай киінетіні – бұның барлығы балаға әсер етеді. Бала үлкенге қарап өседі. Баланы үнемі ұрып-соғып емес, қателескен жерін ақылмен, мысал келтіре отырып, түсіндіре тәрбиелеу керек.
Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан-дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн. Балалармен әңгімелескенде олардың пікірімен де санасып отырған орынды.
Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата-аналар «Екеуміз де жұмыстамыз, кешкісін үй шаруасынан қол тимейді, баламен сөйлесуге уақыт жоқ» дегенді айтады. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ. Әке мен шешенің ұл-қыздарымен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуіне не кедергі?! Баланы мектепке апарып, қайтар жолда сырласып әңгімелесуге болатынын естен шығармаған жөн. Бала мектепте болған жайды әңгімелеп, достары жайлы ой-пікірімен бөліскісі келеді. Баланы уақытым жоқ деп тыйып тастамай, сұрақтарына жауап беріп, өз пікіріңізді ортаға салсаңыз, оның ойында дұрыс пікір қалыптастырады.
Бала дегеніміз – болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек болашағымыз солай болмақ, «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз».
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» – дейді әл-Фараби. Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруді қоғам болып, ұстаздар қауымы болып, ең бастысы, ата-аналар болып қолға алсақ, болашағымыз жарқын болмақ. Балаларымызды отансүйгіштікке баулып, ата-баба салт-дәстүрін құрметтей білуге ұрпақ тәрбиелеу баршаға бірдей міндет.
Ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы – тәрбиелі ұрпақ.. Әр ұлттың тарихи дамуында ерте заманнан қалыптасып келе жатқан рухани асыл мұрасы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бар. Халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі жеткіншек ұрпақты адалдыққа, адамгершілікке, жақсылыққа үндеп, олардың сана-сезімін, дүниетанымдық қабілетін дамытуды көздейді. Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. Әрбір азаматты өзінің туған жерінің гүлденуі үшін нақты үлес қосуға үндейді. Елді қадірлеу туған жердің рухын бойға сіңіріп өсуден басталған. Жас буын өкілдері халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсу үшін нақ осындай бағдардың маңыздылығы зор. Мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген бағдарламаны жүзеге асыру арқылы «Мәңгілік Елдің» болашағын құра аламыз.
Рухани жаңғыру – ұлттың, болашақтың болмысына тән құбылыс және халыққа ортақ ұғым, ортақ ұстаным, тарихи қажеттілік. Ал сананың дамуымен қатар жүретін нәрселер – еңбек, білім, адамгершілік және кісілік деңгейде ойлау. Әр ұлттың болмысы мен мүддесінің қозғаушы күшіне айналған сана қашанда әлеуметтік және жаңа тарихи құбылысқа ие болады. Осы ретте рухани жаңғыру – адамның сана-сезімінің, сенімі мен сапасының, білімі мен өмір сүру тәсілінің көрсеткіші. Жастардың рухани байлығы дегенде бірінші кезекте олардың білімділігі, ана тілін білуі мен мәдени деңгейі, дүниетанымдық ой-өрісі тұрады. Қоғамдық сананы жаңғыртудың басты басымдығы ұлтымыздың жаһандық қоғамдастықта бәсекеге қабілетті болуы екендігі сөзсіз. Бұл ретте өзіміздің бірегейлігімізді, құндылықтарымыз бен дәстүрімізді сақтауды отбасы тәрбиесінен бастауға тиіспіз.
Серікүл РАХМЕТОВА,
Сәтбаев қаласы №7 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі