Ақпараттың ең алғашқы сөйлемі былай басталады: «Ақбақай – Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 60 км жерде орналасқан. 1968 жылы геолог Дубек Дүйсенбеков ашқан». Кеңес Одағы заманынан бері алтын өндіру бойынша алдыңғы қатарда болған, алтынның төрт бірдей түрі өндірілетін, жыл сайын 1 тоннаға жуық таза алтын беретін әйгілі «Ақбақай» кенішінің авторы, геолог-қазақ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дубек Дүйсенбеков туралы сөз қозғамас бұрын, осы мәліметті көлденең тартсақ, даңқ иесінің ұлтының алдындағы еңбегі мен дара болмысы ашыла түсер дедік.
«Ақбақайдың» ашылғанына, биыл елу жыл толады. Елу жылдан бері елдің ең ірі алтын кенішіндегі металдың мөлшері бір мысқал кеміместен, мемлекеттің басты байлығын өндірумен айналысып келеді. Көзі тірісінде Дубек ағамыз «Ақбақайдың» астында кемі бес ғасырға жететін алтын бар» деген екен. «Алтын-алмас» АҚ-тың құрамындағы атағы алысқа кеткен Ақбақай бөлімшесі жыл сайын 1 млн-нан артық құрамында алтыны бар кен өндіріп, бюджетке 1 млрд теңгеден артық салық құяды. Жердің бетінде жатқан, оңай жолмен алынатын алтынның бәрі ертең түгесіледі, ал мамандардың айтуынша, Ақбақайдың бауырына басқан алтыны алтын өндіру жағынан әлемде алдыңғы орын алатын ең ірі Оңтүстік Африканың Витватерсрандынан артық болмаса, кем емес. Африкалық кеншілер екі ғасырдан бері жерді үңгіп келеді, қазір 5 шақырым тереңдіктен алтын алып жатыр. Ал «Ақбақай» елу жылды енді ғана еңсеріп, бес жүз метр тереңдікке енді ғана бойлап келеді. Дүйсенбековтердің алтыны тауып ала қоятындай баяғының байларының қашып бара жатып, тау-тастың жықпылына тығып кеткен алтыны емес. Ол тонналаған құмның ішінен граммен ғана табылатын кен. Оңтүстік Қазақстан экспедициясының бас геологы осы байлыққа ашқұрсақ күйде, қойнындағы тас боп қатқан нанын қара суға жібітіп жеп, қарғаның миы қайнайтын аптап ыстық, аңқаны кептірген аңызақ желдің өтінде, жауын-шашын, боранды күндерде ұшы-қиыры жоқ Бетпақдаланы жаяулап-жалпылап кезіп жүріп кездескен еді. Алғашқы алтынды алып, сынамасын зертханаға жібергенде күтпеген нәтиже берді – бірден 120 грамм таза алтын алақанда жарқырап тұрды.
Жарық дүниеге перзент сыйлаған жұмыр басты әрбір ата-ана сияқты, геология ғылымының заңы бойынша әр маман өзі ашқан кен орнына өзі ат қоюға құқылы. Аспандатып, асқақтатып салатын халық әндерін жақсы көретін Дубек өзі ашқан кен орындарының бәріне ән атауын берді. «Ақбақай», «Бурылтай», «Япур-ай», «Ләйлім», «Мақпал», «Қаракесек», «Қараторғайым», «Ақмаңдайлым», «Ақтамақ» – Д.Дүйсенбеков өзі ашқан алпысқа жуық алтын кенішін халық әндерінің атымен атады. Өзі де өнерден қара жаяу емес еді, бір әншідей-ақ шырқайтын бас дауысы тыңдаушысының басын шайқатып, әудем жерге дейін қалықтайтын кең диапазоны таңырқатып-ақ тастайтын. Алғаш 3-курста оқып жүргенінде Ақшатауға жас геолог болып тәжірибеден өтуге барғанда, ойламаған жерден бейтаныс біреудің тойына қонақ болып қатысудың реті келіп, қонақкәде сұрап кеу-кеулегендердің алдында тамағын бір кенеп алып «Қаракесекті» шырқайды. Дубектің көмейінен күркірей шығатын қою-қоңыр барқыт дауысы үлкен-кішіні түгел естен тандырып, «Қаракесектің» құдіретімен Ақшатаудан аттанғанша сол жердегі тұрғындардың үйіне кезек-кезек қонақ болу құрметі бұйырады.
Ашқан кеніштерінің бәріне оңды-солды әннің атын үлестіретіндей, топырақты белден қазып алтын-күміс іздеген Дубек Дүйсенбековтің өмірлік мұраты мен ән өнерінің арасында қандай байланыс болуы мүмкін? Бақсақ, Дубек ағамыз жасынан жетім қалып, Талдықорған қаласының түбіндегі Шұбар ауылындағы интернатта тәрбиеленіпті. Сол уақыттың тәртібіне сәйкес, барлық интернаттағыдай бұл жердің директоры да балаларға темекі түстес сарғыш матадан бірдей етіп киім тіккізеді. Бірақ сапасыз арзан матадан тігілген киімнің бір жуғанда-ақ балақ-жеңі бір қарысқа қысқарып, отырып қалады. Бірде онсыз да жүдеу жүзді балалар сирақтары серейіп шолтиған шалбарды киіп жүргенде, интернат директоры ине-жіптен жаңа шыққан су жаңа костюм-шалбар киіп, шырттай болып жұмысқа келеді. Жетім болса да, бойында жасықтығы жоқ Дубек мынандай жосықсыз іске жаны күйіп кетіп, ашуы алқымына тығылып, директордың кеңірдегінен ала түседі. Бала болса да, директордың ісінің дұрыс емес екенін өзінше дәлелдеп, көгенкөздердің несібесін жырып жегенін бетіне басады. Алпыс екі тамырындағы қаны басына аттандай шауып, ашудан дірілдеп кеткен директор Дубектің бетінен шапалақпен салып қалады, Дубек те қарап қалмай интернаттың қожасын кеудесінен итеріп жібереді. Іс насырға шауып, Дубек мектептен де, интернаттан да қуылады. Облыстық білім басқармасы бұл оқиғадан құлағдар болып, тексере келгенде, директордың бірталай былығы ашылып, жұмысынан босатылады да, орнына Сейілбек Нұрпейісов директор болып келеді. Ол кісі Дубекті мектепке қайтадан алып, оқу комитетінің жетекшісі, мектеп старостасы етеді. Дубек интернатқа келісімен асханада, оқу бөлмесінде тәртіп орнатады. Балалардың өлшеулі тамағын ұрлайтын аспаздар Дубекті көрсе, тайсақтап, жаман әдетін жасаудан жасқанып тұрады екен. Тамағы түгелденген балалардың арасындағы бұзықтық та біртіндеп тыйыла бастайды.
Осының бәрін байқап жүрген жаңа директор Дубекті жаз болса арбакеш етіп, қыс болса шана айдатып, жанынан тастамай алып жүреді. Өз заманының оқыған зиялысы Сейілбек Нұрпейісов қызмет бабымен Жетісу жерінде жүргені болмаса, ата тегі Арқа жұртынан тарайтын қазақтың ұрпағы. Екеуі ауылдан арқан бойы ұзап шығысымен-ақ жазылып жатқан мидай жазық жазиралы алқап секілді Ақанның, Біржанның, Сегіз серінің кең тынысты әндерін көсіле шырқап, онысымен қоймай, «сенің дауысың тіпті жақсы екен» деп Дубекке де үйретеді. Жастайынан ішкі әлемін, көкірек-кеудесін әннің інжу-маржанымен толтырып алған Дубек кен іздейтін кәсіптің иесі бола тұра, дала кезіп, қазынаға кенелген сайын әр кеніштің бәсіресіне бір әннің атауын байлап отыруы сол себептен болса керек. Ұлтының асыл мұрасын дәл осындай жолмен ұлықтап, тозбас ескерткіш соғып кеткенін өзі де сезбеген болар, бірақ мұндай ұлы һәм текті іс өз елін шексіз сүйген ердің ғана қолынан келетіні хақ.
Кен іздестіру жаны қалап істейтін, керемет жақсы көрген сүйікті ісі болыпты. Өмірінің соңғы жылдарында жер қойнауының бүлкілін, алтын жатқан жерді жүрегінің, түйсігінің әрбір тамыр-талшығымен қапысыз сезетін халге жеткен. Бұл қасиетін өзі де түсіндіріп бере алмайтын көрінеді. Кейде жел тербеп тұрған жусан сыбырлайды, кейде бас изеп діріл қаққан изен иек қағады, кейде тым-тырыс жатқан тас, кейде топырақтың түсі тұспалдап, үмітін қозғап, «үңгі» дегендей болады. Қазса, алтын шығады. Геолог бола тұра, өмірінде бірде-бір кен орнын аша алмай кеткен адамдар да бар. Әйтсе де Дубек «Бескемпірді» үлкен қиындықпен ашты. Қайта-қайта алтын жатқан жерді тауып ала беретін Дубекті айналасындағылар «осының-ақ жолы бола береді екен» деп ұнатпаған. «Бескемпір» ашылмай тұрып, жоғарыдан нұсқау беретін басшылар жаңадан жасақталып жатқан экспедицияға мұны тіпті жолатқысы да келмеген. Топырақтың төбесін тесіп тұрып, түбіне қанша бұрғы түсіріп, барлау жасаса да, ақыры таппаған соң экспедиция тобы «алтын жоқ» деп жауып кетеді. Бірақ Дубек тап сол жерде алтынның жатқанын сезеді. «Қазбаса болмайды» деп қалың жұртты тағы да көтереді. Екінші рет қазуға рұқсат алғанымен, топ құрамына Дубекті тағы да қоспайды. Алтын табылмайды. Экспедиция құрамына алынбаса да, бар бола тұрып, табылмай жатқан алтынға іші ашыған Дубек үшінші рет рұқсат сұрайды. Амалы қалмаған басшылар Дубекті араластыруға мәжбүр болады. Іске кіріскен бетте бұрғыны олар сияқты тігінен емес, көлбей түсіргеннен-ақ құм аралас ұсақ сарғыш түйіршіктер көріне бастайды. «Алтын жердің астында жай жатпайды, тамырланып жатады. Бірден кесіп өту керек» деген екен. Расында да, ерекше қабілет. Жүре келе, нағыз маманның бойын кәсіби әдет жайлай бастайды. Дубек ағамыз да асығыс жүруді ешқашан дағды қылмаған. Міндетті түрде аялдап, асықпай көз тоқтатып қарап, тас болса, топырақ болса да, алақанына салып, сипалап көріп, ұнаса, ауырлығына қарамастан арқалап алатын болған.
Талантты адамның тағдыры да өзгеше болады. Ол тағдырды ең алдымен мінез жасайды. Жалпы, Дубектің бала күнінен қалыптасқан әділетсіздік көрсе төзбейтін, шындықтың туы жығылып бара жатса шырқырап ара түсетін, тілін тек ақиқаттың алдаспаны етіп ұстайтын өткір мінезі тағдыр жолына тарамыстай болып тартылды. Кімге де болса қасқайып қарсы тұра алатын, өз дегенінен қайтпайтын бірбеткей, қайсар мінезі алдағы өмір жолында айнымас серігі болды. Оңтүстік Қазақстан геологиялық экспедициясы оны екі рет Одаққа еңбегі сіңген геолог атағына, Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынғанында, министрліктегілер табанды түрде қарсылық танытқан. Олардың бағына қарай, Дубек ағамыз мұндай атақ-даңқтарды тіпті қажетсінбепті де.
Қазақ жерінің топырағының астында алтын жетеді. Бұл – Дубек Дүйсенбековтің жасаған түйіні. Қандай қиындықпен алынса да, алтын ешқашан құнын жоғалтпайды. Мұнайдың бағасы халықаралық нарық бағасына түбегейлі тәуелді, бағасы күн сайын құбылады. Ал мемлекеттің байлығы алтынмен есептеліп, қоры алтынмен салмақталады. Бірақ қазақ елін алтынға белшесінен батырып, қамбасын қазынаға толтырып, көзін тапқан ұлдарын басынан бақайшағына дейін байлыққа бөлеп, бағлан жасаған батыр мінезді Дубек Дүйсенбековтің өзі адам айтса сенгісіз қарапайым өмір сүрген адам. Алтын аққан дарияның жағасында отырып, бір жұтымын да ішпеді. Кейінгі бизнес тілімен айтқанда, акция түгілі, өзі тапқан мол алтыннан бір грамм алмай-ақ, қастерлеуге тұрарлық алып тұлғаға айналды. Әрине, мұны мойындайтындар ғана мойындай алады, білсе де мойындағысы келмейтіндер бар. Біздің министрліктегілер «көзі тірі адамның атын беруге болмайды» деп кергіп отырғанда, адал еңбекті ғана бағалайтын австралиялықтар алғаш «Ақбақайға» инвестор болып келісімен, аңызға айналған геологтың «географиясымен» танысқан соң-ақ алтын мен күмісті балқытуға арналған зауыттарына Д.Дүйсенбековтің есімін беріпті. Бүгінде «Ақбақайдағы» алтын өндіретін зауыт Дубек Дүйсенбековтің атымен аталады. Дубек ағамыз «Ақбақайдың» ашылғанына 25 жыл» деп «Алматы ақшамына» мақала жазған екен. Сонда: «Ақбақай – алтын бұлағым, Ел тәуелсіздігіне жаққан шырағым» деген жолдар бар. Бұл кісілер байлықты емес, білімді, арды, еңбекті ғана пір тұтып, елінің ешкімнен кем болмай, озық болуын ғана ойлады. Ең өкініштісі, тәуелсіздікті тәу етіп, ұлт үшін ұйқы мен күлкіні білмей еңбек еткен ердің үш бөлмелі пәтері орналасқан үйге ескерткіш-тақта да қағылмапты. Қазақстан геологтары ардагерлер ұйымы Парламентке, Алматы қаласының әкімдігіне хат жазып, көше сұраған. Дубек ағамыздың ошағының отын өшірмей, түтінін түтетіп отырған жары Қантай апайдың айтуынша, бұл шаруа да кешеуілдеп жатқан көрінеді. Дубек Дүйсенбеков көлденеңінен келіп килігетін көк атты емес, көше атын иеленуге толық хақысы бар адам. Жүзге жуық кен орнын, оның ішінде мемлекеттің алтын қорын жасақтап отырған оншақты аса ірі кенішті, жалпы Қазақстанға алтын қоймасын ашып берген тұлғаға Алматы мен Астананың қай-қайсысынан да көше сыйлауға, таршылық жасалмауы тиіс.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ