Ұлтымызда жаңа туған нәрестеге ат қоярда ауылдың беделді ақсақалдары немесе оқыған, мұсылмандық сауаты бар адамдарды шақыратын дәстүр болған. Олар Құран оқып, азан шақырып барып нәрестеге есім қойған. Ертеректе шаруашылық соңында жүрген бабаларымыз табиғат құбылыстарына, күнделікті тұрмыстарына орай балаларына ат қойып отырған. Қойшыбай, Жылқыбай, Тоқтыбай, Шопанбай, тіпті Шұлғаубай, Ошақбай деген көкелеріміз болды. Кешегі Кеңес өкіметі кезеңінде Отан, Ынтымақ, Береке, Бірлік, Одақ, Совхозбек, Колхозбек, Съезд, Марс, Ғарышбек, Мэлс, Марлен, Тельман сияқты есімдерден аяқ алып жүргісіз еді.
Қазір, шүкір, тәуелсіздік алғалы жаңа есімдер пайда болды. Олардың көпшілігіне қарап отырып тіпті сүйсінесіз де. Алыс армандарға, тәтті тілектерге, ізгі ниеттерге негізделіп қойылған әуезді де әдемі есімді естіп, кейде шығармашылық адамы бола тұра аузымызға осы аттардың түсе бермейтінін ойлап қуанамыз. Демек, бүгінгі азат ел адамдарының армандары да асқақ.
Десек те, соңғы жылдары ат қою әдебінде ерсіліктер де байқалатыны жасырын емес. Кім баласын жаман болсын дейді? Барлық ата-ана ұлынан – ұлылық, қызынан әдептілік күтетіні табиғи заңдылық. Осы ретте ұлы Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» дегені еске түседі. Осыны негізге алған ата-ана перзентіне Абай, Мұхтар, Абылай, Едіге, Қобыланды, Алпамыс, Қамбар, Шыңғыс, Шоқан, Қадыр, Мұқағали, Төлеген деген ат беруге тырысады. Сондағысы аты аталған адамдардай ардақты, халқына қалаулы, еліне елеулі ұл болып өссін дегені. Ниеттеріне ризамыз, бірақ ол есімдер адам тағдырына әсер ететінін ескере бермейді. Жоғарыда айтқанымыздай, кітап ашып, азан шақырып, Құран оқып, ардақтап қойған аттың киесі болатынын зерттеушілер дәлелдеп жүр. Есімдеріне сай есті тірлік жасап жүрсе мақұл ғой, Ақылбек деген кісінің ақылынан ажырағанша арақ ішіп, есер қылық танытып жүргені жарасымды ма? Немесе Иманғали деген азаматтың имансыздарға лайық тірлік жасап жүргені жаныңызға батпай ма? Қаһарман атын иемденген жан қоянжүрек болса қайтер едік? Сүйін дегеннің бойынан кісі сүйсінерлік бір қылық таппасақ ше? Сүйеу деген ер-азамат отбасына сүйеніш бола алмай, тентіреп кетсе өкініштен өзегіміз өртенбей ме?
«Кісі есімі тағдырына ықпал етеді» дегенді жоққа шығарғымыз келгенімен, бір құдіреттің барлығын мойындамасқа шара жоқ. Қайым атты әріптес ағамыз болды. Ақжарқын азамат еді. Кісіге қылаудай зияны жоқ сол кісі ойда-жоқта ізім-қайым жоғалып кетті. Ауылдағы бір көкеміздің аты Тұман еді. Оны қатарластары Тұмаш деп көтермелеп жүрді. Қой кезегіне шыққан сол көкеміз тұманды күні адасып кетіп, сүйегін екі-үш күннен соң тауып әкелді. Бәлкім, бұл кездейсоқтық та шығар-ау, тегінде нәрестеге есім берерде ойланбасқа тағы болмайды.
...Алматы қаласынан Шымкентке қайтып келе жаттық. Ол кезде екі қала аралығында «Алатау» пойызы қатынайтын. Әлден соң вагондағы бір купеге топырлап жолаушылардың кіріп-шығып жатқанын аңғарып қалдық. Сұрастырсақ, біз мінген вагонға атақты батыр ағамыз Бауыржан Момышұлы да жайғасқан екен.
Кезегіміз келіп, біз де купеге кірдік. Батыр сәлемімізді жылы қабылдады. Жолсерігім ұшқалақтау жан еді, елгезек болып көрінгісі келді-ау, суырылып сөйлеп, сұрақ қоя бастады.
– Атың кім, балам? – деді осы кезде Бауыржан ата сұрланыңқырап.
– Абылай!
– «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деген! – деп мырс етті мұртын ширатып отырған батыр.
Осының өзі жеткілікті еді. Мен батырмен қоштасып, купеме асықтым. Абылай не шығып кетерін, не отыра берерін білмей бөгеліп қалды. Арада он минуттай өткенде ол алқынып жетті.
– Шатақ шал екен! – деді отырар-отырмас.
– Өзің шатақсың. Үлкен кісінің алдында сонша суырылып сөйлеп нең бар еді. Баукең сенің кім екеніңді алғашқы сөзіңнен-ақ таныды. Егер ізеттілік, сыпайылық танытсаң «Балам, Абылай хандай ардақты бол!» деп батасын берер ме еді, – дедім.
Ол қарсыласпады. Төсегін салып жатып қалды.
Мен батырмен болатын мыңнан бір мезеттегі осы кездесуде тым құрыса екі-үш ауыз лебізін ести алмағаныма өкініп келе жаттым.
Шетелдердің бірінде бала кәмелет жасқа толған соң есімін өзі таңдайды дегенді оқығаным бар. Бірақ, мұсылмандықта бұл жоқ қой. Баласына қандай ат қою ата-анасының ырқында. Сондықтан қасиетті аттарды баласына тели бермей, ойлану да керек сияқты. Кешегі Кеңес өкіметі тұсында Мақашбай деген малшы көкеміз бар еді. Бір баласының аты Прокурор, екінші баласының аты Генерал, келесі бір баласының аты Әкім. Өкініштісі сол, аттарын әлпештеп қойған сол інілеріміз ауылдан ұзай алмады. Прокурор мал бағып жүр. Генералымыз егістіктің қарауылы деп естідік.
Қалай дегенде де баласына қандай ат қоямын десе де, ата-ананың қолынан ешкім қақпайды. Бірақ, солай екен деп қиялдың қайығына мініп қаңғып кетуге бола ма? Нәресте дүниеге келді екен, ағайын-туыс, ауылдың көшелі кісілері жиналып, әдемі де айшықты ат табуға әбден болады емес пе?
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 1996 жылғы 2 сәуірдегі «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланыс-
ты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығын басшылыққа ала отырып, Азаматтардың хал-актілерін тіркеу мекемелері де бұл іске атсалысқандары орынды сияқты. Өйткені бүгінде өркениет көшіне ілескісі келген кейбіреулер ұл-қыздарына шетелдік есімдерді де қоя бастады. Сондай-ақ әдемі де әуезді естілетін (мәселен, Аружан, Айару, Айзере) есімдер инкубатордан шыққан шөжелер сияқты жиі қайталанады. Арқалы ақын Мұқағали жырлағандай, әрине, әдемілік бізге көптік етпейді. Алайда тәттіні көп жесең, аузыңды оятыны сияқты, жиі қайталанатын есімдер түбі бір мезі етері анық.
Ендеше, балаға ат қоюды тек ата-аналар ғана емес, бүкіл қоғам болып қолға алар күн келген тәрізді.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ