Осынау жаһандық өзекті мәселемен орайлас, биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керектігін бөле-жара атағаны аян. Көкейкесті мәселеге орай, Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы Елбасының биылғы Жолдауын талқылады. Жиынға С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің балалар аурулары кафедрасының оқытушылары да ортақтасты. Педиатрия орталығының директоры Риза Боранбаева Жолдаудағы әсіресе, жасөспірімдердің денсаулығын қорғауға ерекше назар аудару қажеттігі, халықтың ұзақ жасауы медициналық технологиялардың дамуы мен сапалы медициналық қызмет көрсетуге байланысты екені айтылғанын алға тарта келе, алдағы міндеттер туралы тарата сөз қозғады.
– Мемлекет басшысы онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажеттігін тапсырды. «Халықаралық озық тәжірибе негізінде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігі қамтамасыз етілуге тиіс», деді. Бұл ретте Педиатрия орталығында мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары балалардағы онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа бағдарламасын енгізудің арқасында ауыр дертке шалдыққан балалардың өмірін ұзартуға қол жеткіздік. Бірнеше жыл ішінде балалар өлімі екі есеге азайды. Біздің орталықта жасалатын және басқа еш жерде жүргізілмейтін бірегей диагностикалық зерттеу әдістерін атқаратын клиникалық-диагностикалық зертханамыз бар. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар Елбасы тапсырмасына сәйкес жалғасын табатын болады», деді Р.Боранбаева.
Педиатрия орталығы қазіргі уақытта денсаулық саласын цифрландыру мен қызмет көрсетуді оңтайландыру бойынша медициналық ақпараттық жүйені енгізе бастады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ