«Ауыл шаруашылығын екі түбегейлі мәселе бойынша сынаймыз. Біріншісі еңбек өнімділігі артпай отыр. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен және қосылған құнның артуымен тікелей байланысты. Екінші, экспорт төмен. Міне, алдыңда тұрған екі мәселе, осының ішінде көп жұмыс бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке қарата айтқан сөзінде.
Осы ретте Өмірзақ Шөкеев Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта жұмысын үш бағытта жүргізетіндігін баса айтты. «Біріншісі - ет индустриясын қайтадан дамыту. Оған бізде барлық негіз бар, іргесі қаланған. 86 репроуктор қазір жұмыс істеп тұр. Асыл тұқымды мал басы 3 жылдың ішінде 400-ден 700 мыңға өсті. 16 мың фермелер осы бағытта жұмыс істеп жатыр, аяқ алыстары жақсы. Өткенде Ақтөбеде Бердібек Машбекұлы (Сапарбаев - авт) екеуіміз үлкен семинар өткіздік. Қызығушылық жоғары. Сондықтан осы бағдарламаны қайта жаңғыртып, сізге ұсыныс енгіземіз деп отырмыз», - деді ол. Осы ретте ол ауыл шаруашылығын экспортқа шығару үшін алдымен ветеринария мәселесін шешу қажеттігін атап өтті. «Кооперацияны көбейтеміз дедік.Оның себебі бізде салынған ет, сүт, көкөніс өңдейтін зауыттар 30-40 процентке қолданылады. Егер кооперация болса, өндіруші өнім беріп, зауыт толыға түсер еді. Бұл жұмыстар қалай болып жатыр», - деп сұрады Қазақстан Президенті министрден.
Өз кезегінде министр еліміздің барлық облыстарында мыңдаған кооперация құрылғандығын айтты. «Қазір сол кооперативтердің сапасын жақсарту үшін әкімдермен бірлесіп жұмыс істейміз», - деді Шөкеев.