Президент • 09 Ақпан, 2018

Елбасы: Өткен жылы экономикалық дамудың көрсеткіштері оң болды

271 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкімет, Ұлттық банк пен жергілікті атқарушы органдардың нәтижелі жұмыстарын атап өтті. 

Елбасы: Өткен жылы экономикалық дамудың көрсеткіштері оң болды

«Сыртқы факторлардың тұрақсыздығына қарамастан өткен жылы экономикалық дамудың көрсеткіштері оң болды. Осыған байланысты Үкімет, Ұлттық банк, жергілікті атқарушы органдардың нәтижелі жұмысын атап өттім. Қазіргі таңда дүниежүзіндегі ахуал біршама жақсарып келе жатқанын бәріміз білеміз. Ол бізге өз әсерін  тигізеді. Әлемдегі дамыған 30  елдің қатарына қосылу үшін әлі де талай белсенді жұмыстар атқарылуы керек. Қажетті  барлық бағдарламалық құжаттар, тиісті заңдар қабылдау жұмыстары жалғаспақ», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы биылғы Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция  жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері айқындалғанын атап өтті. «Оның төңірегінде жұмыс істеу басталды. Сондықтан дамудың қарқынын үдету керек. Жақсы істелген нәрсенің барлығы «қалтамызда». Оған рахмет айтамыз. Ал енді істелмеген жұмыстарға, алда атқарылатын жұмыстарға, кемшіліктерге көңіл бөлу керек. Бағдарламаларды сапалы түрде іске асыру, оларға бөлініп жатқан қаржыларды тиімді пайдалану осы отырған барлық азаматтардың міндеті болып саналады»,  - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті қабылданған барлық бағдарламаларды, биылғы Жолдауда қойылған міндеттерді орындау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет екендігін баса айтты. «Шаруа аз емес. Күнделікті жасалып жатқан жұмыс та жетерлік. Бірақ, бұл бағдарламаларға барлықтарыңыз көңіл бөліп отыруларыңыз керек. Бұл біздің жалпы мақсатымызды орындауға септігін тигізеді», - деді Елбасы.

Сондай-ақ Президент еліміздегі барлық арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) жұмыстарына тексеру жүргізілетінін айтты.

«Бюджеттің мол қаражаты арнайы экономикалық аймақтарды құруға жұмсалуда. Қазіргі уақытта  бізде 11-і бар, 283 млрд теңге бөлінді. Облыс әкімдері жаңа АЭА құру өтініштерімен бізді қағаздың астында қалдыруды жалғастыруда. Үкімет аталған 11 АЭА-ға сыни көзбен қарасын, олар не берді? Мән-жайды анықтамайынша ешқандай АЭА құрылмасын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы ретте Елбасы еліміз экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру қажеттігіне назар аудартты. «Біз жыл сайын ондаған жаңа өндірісті іске қосып, жаңа жұмыс орындарын құрамыз. Индустрияландыру жылдары ішінде өңдеу секторы 36 процентке өсті. Бұл жетістік, шикізаттық ресурстардан балама құруға тырысудамыз. Бұған қоса, экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі өскен жоқ. 11 процент болған. Сол күйінде қалып отыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы бұл жайт шикізаттың экономикамен қатар өсуімен түсіндірілетіндігін атап өтті. «Бірақ, мұндай түсіндіру қабылданбайды. Экономиканың жалпы көлемі өсуі тиіс. Бізге алдыңғы қатарлы технология беріп, экспорттық өнім шығаратындарға мемлекеттік қолдау көрсетуіміз қажет», - деді Қазақстан Президенті.