Қазақстан • 09 Ақпан, 2018

Елбасы: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы табанды күресті жалғастыру керек

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі қылмыстық процестердің артық жазалайтын тұстарын төмендетуді тапсырды. 

Елбасы: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы табанды күресті жалғастыру керек

Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Мемлекет басшысы заңның үстемдігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күн тәртібінен түспейтінін атап өтті. Бұл бағытта Нұрсұлтан Назарбаев айтып өткендей, аз жұмыс жүргізілмеген.

«Құқық қорғау құрылымдарының жұмысы үшін барлық жағдай жасалды, айлықтары көтерілді. Алайда құқық қорғау органдарына деген қоғамның сенімі әлі де төмендеу дейтіндей себептер бар. Осыған байланысты қылмыстық процестердің  артық жазалайтын тұстарын төмендету мен оны гуманизмге қарай бағыттау бағдарын жалғастыра беру керек. Сіздер өздеріңіз Батыста қылмыстық істердің 80-90 пайызы бейбіт жолмен шешілетінін айтасыздар. Бізге неге олай етпеске? Бізде әйтеуір міндетті түрде ұстап алып, қамау керек. Ал мәселені басқа да жолмен шешуге болатын еді ғой», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент өз сөзінде құқық қорғау мен сот органдарының кадрлық құрамына қатаң талаптар қойылып келгенін атап өтті. Алдағы уақытта талап қою жалғаса бермек. «Олардың жұмысы сондай. Олардың абыройы, моральдық-әдептілік келбеті мінсіз болуы керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы табанды күресті жалғастыруға тиіспіз», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы кезде лауазым иелері тергеліп жатқан қылмыстық істерге қатысты пікір білдірді.

«Тек соңғы екі жылда қылмыстық жауапкершілікке 2 200 лауазым иелері тартылған. Олардың арасында министрлер, барлық деңгейдегі әкімдер, ведомство басшылары бар. Қазіргі кезде сотта Ұлттық экономика министрлігінің экс-басшысына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Шынын айтсам, Қуандық Бишімбаевқа аянышпен қараймын. Оны «Болашақпен» оқытып, үміт арттық. Әрине, өкінішті. Білікті маманды даярлауға қыруар уақытты, қаржыны жұмсаймыз»,- деді Елбасы. Сонымен қатар Президент Инвестициялар және даму министрлігі Геология комитетінің төрағасына, Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрағасына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын еске салып өтті «Фармацияның республикалық құрылымы осы жылдар бойы фармацевтикалық кәсіпорындардың құрылысына жол бермей келген», -деді Н. Назарбаев.