Әлем • 09 Ақпан, 2018

Қысқы Олимпиада кезінде КХДР-ға салынған санкциялар жеңілдейді

406 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Корей Халық Демократиялық Республикасының (КХДР) Оңтүстік Кореядағы қысқы Олимпиадаға қатысуы осы жылдың басындағы қызықты оқиғалардың бірі болғаны анық.

Қысқы Олимпиада кезінде КХДР-ға салынған санкциялар жеңілдейді

Қысқы Ойындарға қатысқаны үшін Оңтүстік Корея көршілес Солтүстікке салған санкцияларын жұмсартуына тура келгені белгілі болды. Кері жағдайда солтүстіккореялық делегация Пхенчханға жетуі екіталай болар еді.

Солтүстік Корея өкілдері Оңтүстікке кеме арқылы жетті. Оның бортында музыканттар, бишілер бар. Сеул осы тұста КХДР-ға салған санкцияларынан бас тартуына тура келеді. КХДР тарапы делегация мүшелері мінген кемесі жеткеннен кейін оны Оңтүстік Корея жанармаймен қамтамасыз етуге міндетті екенін хабарлады (бірақ Сеул әзірге ешқандай шешім қабылдамады). The New York Times мәліметі бойынша бұл халықаралық санкцияның тәртібіне қайшы келеді.

Associated Press-тің хабарлауынша Оңтүстік тарапы санкцияны осыған дейін де жеңілдеткен екен. 31 қаңтар күні КХДР-да өткен шаңғышылар жарысына Оңтүстік Корея спортшылары аттанған. Ал Америка салған санкция бойынша Солтүстік Кореяға барған кез келген ұшақ жарты жыл бойы АҚШ-қа қатынай алмайды. Алайда Сеул өкілдері Вашингтонмен келісіп, шаңғышыларды КХДР-ға жеткізген Asiana Air компаниясынан бұл қиындықты алып тастады.

The New York Times солтүстіккореялықтардың спорттық жабдықтарында да қиындықтар барын хабарлады. Өткен жылы Жаңа Зеландияда хоккейден өткен турнирге КХДР құрамасы айдынға ағаш таяқтарымен шықпақ болған. Ал қазіргі хоккейшілер мұндай құралдарды сонау 1990 жылдары қолданыстан алып тастаған. Турнир ұйымдастырушылары сол кезде солтүстіккореялықтарды көміртекті пластиктен жасалған түрімен қамтамасыз еткен. Бірақ КХДР хоккейшілері оны өз елдеріне алып кете алмапты. Себебі, Солтүстік Кореяға сәнді тауарларды кіргізуге болмайды.

Биылғы Олимпиадаға КХДР-дың хоккей командасы қатыспайды. Дегенмен әйелдер арасындағы хоккейге Оңтүстік пен Солтүстік Корея спортшылары бірге шығатынын ұмытпаған жөн. Солтүстік хоккейшілері бұл жолы да жаңа таяқпен қамтамасыз етіледі. Бірақ жарыс аяқталысымен бірден қайтарылады. Ал спорт киімдерін Олимпиада демеушісі Nike емес Lahta компаниясы жеткізетін болды. Nike басшылығы солтүстіккореялықтарды киімдермен қамтамасыз еткені үшін Американың санкцияларынан сескенген. Олардың бағына орай КХДР спортшылары да америкалық компанияның киімдерінен бас тартты.

Солтүстік спортшылары үшін бір өкініштісі хоккей таяқтарын ғана емес Олимпиада демеушісі Samsung-тің сыйлықтарын да алып кете алмайды. Оңтүстіккореялық компания спортшылардың бәріне Samsung Galaxy Note 8 құрылғысын сыйлық ретінде тарту етеді.

Олимпиада уақытындағы санкциялар тек Солтүстік Кореяның спортшыларына ғана емес шенеуніктеріне де жүрмейді. Сеул тарапы мұндай қадам Пхенчханмен арадағы шиеленістің жеңілдеуіне әкеледі деп түсіндірді.

Дайындаған 

Аян ӘБДУӘЛИ,
"Егемен Қазақстан"