Парламент • 09 Ақпан, 2018

Сенатор Г.Ким Оңтүстік Корея Парламентінің Төрағасымен кездесті

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Ким Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы Чун Се Кюнмен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі. 

Сенатор Г.Ким Оңтүстік Корея Парламентінің Төрағасымен кездесті

Тараптар  саясат, сауда-экономика, көлік және индустрия-инновация салаларындағы өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады. «Екіжақты қатынастар саласында осы жыл маңызды оқиғалар мен шараларға толы болып отыр. Корея Республикасы Президентінің Мун Чже Иннің биылғы мамыр соңындағы Қазақстанға сапары негізгі оқиға болуы тиіс», - деді сенатор. Г.Ким Президент Н.Назарбаевтың 2016 жылғы 9-11 қарашадағы Сеулге мемлекеттік сапары барысында қол қойылған Стретегиялық әріптестік қатынастарды одан әрі тереңдету туралы бірлескен декларацияның зор маңызын атап өтті.

Жүздесушілер екіжақты ауқымды байланыстарды нығайту үшін парламентаралық өзара іс-қимылдың ерекше маңызы туралы ортақ пікір білдірді. Депутаттық достық топтары жүйесі бойынша парламентаралық байланыстарды дамыту туралы келісімге қол жеткізілді, Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Корея Ұлттық Ассамблеясының басшысына биыл ресми сапармен Астанаға келуге шақыруы табыс етілді.

Г.Ким еліміздің инвестициялық заңнамасымен және экономикалық жоспарларымен таныстырып, Қазақстандағы жобаларды іске асыру жөніндегі бірлескен жұмыстарға корей бизнесін шақырды. Сенатордың пікірінше, ауыл шаруашылығы, туризм, көлік-логистика және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастық ықылас туғызады.

Корей түбегіндегі жағдайды реттеу тақырыбын талқылау барысында Г.Ким БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде Қазақстанның 2018 жылы қаңтарда қабылдаған маңызды шараларын атап өтті. Ол БҰҰ Қауіпсіздің Кеңесінің 18 қаңтардағы Президент Н.Назарбаев пен Польша Президенті А.Дуда қатысқан «Жаппай қырып-жою қаруларын таратпау: сенім шаралары» тақырыптық брифингін атап өтіп, оның қорытындысы бойынша Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының аймақтық қақтығыстарды болдырмау және алдын алу дипломатиясы туралы мәлімдемесі қабылданғанын айтты.

Қазақстан Республикасы үнқатысу қалыптасатынына және Пхенчхандағы ойындарға КХДР-дың қатынасатынына, Корей түбегіндегі шиеленістің шешімі табылатынына сенім артады, деді Г.Ким.

Тараптар кездесу соңында талқыланып отырған мәселелер бойынша көзқарастардың ұқсастығына тоқтала келіп, халықаралық аренадағы ынтымақтастықты жалғастыруды жақтайтынын айтты.