Әлем • 11 Ақпан, 2018

Ким Чен Ын Оңтүстік Корея президентін Пхеньянға шақырды

487 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Корей Халық Демократиялық Республикасының (КХДР) басшысы Ким Чен Ын Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Инді Пхеньянға шақырды. Оның сәлемін қарындасы Ким Е Чжон жеткізді. Ким Е Чжон солтүстіккореялық көшбасшылар отбасының арасынан алғаш рет Сеул қаласына барып отыр.

Ким Чен Ын Оңтүстік Корея президентін Пхеньянға шақырды

Ким Е Чжон солтүстіккореялық делегация құрамында Оңтүстік Корея өкілдерімен жоғары деңгейлі кездесу өткізді. Yonhap агенттігінің хабарлауынша ол ағасының шақыруын ауызша жеткізген. Кездесу Көк үй аталып кеткен президент сарайында өтті. Оңтүстік президенті Мун Чжэ Ин мен Ким Е Чжон бір-біріне жылы лебіздерін білдірді. Солтүстік аймақтың құрамында КХДР-дың ресми басшысы – елдің жоғары жиналысының президиумының төрағасы Ким Юн Нам да болды.

Бұл 1950 жылы екі мемлекет арасындағы соғыстан бергі алғаш рет Сеулде өткен жоғары деңгейлі кездесу болып отыр. Өткен ғасырдағы шиеленістен кейін КХДР-ды басқарған отбасылар құрамынан Сеулге ешкім бармаған. Ал Оңтүстік Корея президенттері Пхеньянда екі мәрте болыпты.

Мұндай жоғары деңгейлі кездесу Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан Олимпиаданың арқасында ұйымдастырылды. Айта кетерлігі, екі Корей елінің спортшылары Олимпиаданың ашылу салтанатында бір тудың, бір әнұранның астында шықты.

Yonhap агенттігі Мун Чжэ Иннің Пхеньянға баруы корей халықтары арасындағы үшінші саммит болуы мүмкін екенін хабарлады. Алғаш рет Пхеньянға 2000 жылы Оңтүстік Кореяның сол кездегі президенті Ким Дэ Чжун жол салса, екінші рет 2007 жылы кезекті президенті Но Му Хен барған.

Оңтүстік Кореяның қазіргі президенті Мун Чжэ Ин өткен жылы сайлауда жеңіске жеткен. Осы сайлаудың алдында ол Солтүстік Кореямен байланысты реттеу мақсаты басты назарда болатынын мәлімдеген. Алайда, Корей түбегіндегі жағдай күн өткен сайын ушыға берді. Оған Ким Чен Ынның бастауымен бірнеше рет баллистикалық ракеталарды сынақтан өткізуі және АҚШ президенті Дональд Трамппен кикілжіңге баруы себеп болды.

Ким Чен Ынның қарындасы бірер күн бұрын өткен Олимпиаданың ашылуына қатысты. Дәл осы жиынға АҚШ-тың вице-президенті Майкл Пенстің де қатысқаны белгілі болды (фотода). Бірақ екеуіңнің арасында ешқандай келіссөз болған жоқ. Ал ашылу салтанатынан кейін солтүстіккореялық делегация Көк үйге шақырылды.

Ким Е Чен ағасы Ким Чен Ынның сенімді қызметкерлерінің бірі болып есептеледі. Өткен жылы КХДР көшбасшысы 30 жастағы қарындасын Еңбек партиясы Саяси бюросының мүшесі етіп тағайындаған. Ким Е Чен КХДР-дағы адам құқықтарының бұзылуына қатысы бар деген айыппен АҚШ-тың санкциялар тізіміне енгізілген.

Дайындаған

Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»