Аймақтар • 11 Ақпан, 2018

Шетелдіктер Шымкентте емделуде

398 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында алғаш рет бүйрек алмастыру отасы шетел азаматына жасалды.

Шетелдіктер Шымкентте емделуде

Медициналық туризмді дамыту мақсатында, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен сәтті өткен ота нәтижесінде донор ауруханадан шығарылып, амбулаторлық емдеуге жолданған. Ал, реципиент, яғни, күрделі ота жасалған шетел азаматы стационарлық ем қабылдауда. Германия азаматы мен оның доноры болған Украина азаматына отаны шымкенттік трансплантолог-дәрігерлер жасады. Негізінде Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында барлық жағдайлар жасалған. Шетелдік науқастар үшін ота жасаудың барлық қолайлы жағдайлары қаралған, оның ішінде бірегей препараттардың қоры жасақталған және сервистік палаталар бар, бағалары да қолжетімді.  Дәрігерлердің айтуынша, 50 жастағы шетел азаматын ота бағасының тым арзандығы қызықтырған. Ол 4,5 млн теңге. Ал Еуропа мен АҚШ-та бүйрек трансплантациясының орташа құны шамамен 60-70 мың доллар шамасында екен.

Айта кетелік, қазіргі таңда облыс бойынша бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегетін 600-ден астам науқас бар, олардың барлығына толыққанды ем-дом көрсетілгенімен, бүйрек ауыстыруға мұқтаж. 2013 жылдан бері Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының базасында 100-ге жуық бүйрек алмастыру оталары жасалған. ОҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Егізбаевтың айтуынша, Румыния және Болгария азаматы шымкенттік дәрігерлердің ағза алмастыру отасын жасағанын қалап отыр. Науқастар өздерімен бірге донор да алып келмек.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»