Қазақстан • 12 Ақпан, 2018

Қазақстан өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануда

452 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» бастамасы аясында Қазақстанға салған инвестициясы өзін-өзі ақтап, АҚШ және жаһандық басқа да инвесторлардың Орталық Азияға қызығушылығын оятты.

Қазақстан өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануда

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 16 қаңтардағы Ақ үйге сапа­рында екі ел арасында қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталғанын мәлім­деген-ді. Сол күні іскерлік дөңге­лек үстел барысында америкалық компаниялар Қазақстанмен құны 7,5 миллиард долларлық 20 коммерциялық келісімшарт жасады.

БАҚ-қа жасалған ортақ мәлімде­меде айтылған әріптестіктің маңыз­ды үш бағытының бірі – ауыл шаруа­шылығы. Қытай мен Қазақстанның бұл саладағы тауар айналымы өсіп келеді. Орталық Азияда өндірілген өнімдер Қытайға темір жол және бес жыл б­ұрын аймақтағы ауқымды даму бағ­дар­ла­масы аясында салынған құрғақ порт арқылы жеткізіледі.

«Қазақтар үшін Қытайда бидай, көкөніс және сиыр етіне арналған ауыл шаруашылығы нарығының ашылуы өте тиімді болды», дейді АҚШ-тың Атлан­тикалық кеңес зерттеу орт­алы­ғының бас сарапшысы Дэвид Мер­кель. Сон­дай-ақ ол «Бір жол – бір бел­деу» бас­тамасы аясында салынған инфра­құ­ры­лым­ның нәтижесінде инвестиция жасауға қолайлы нарық қалыптасты», дейді.

Оның айтуынша, Қазақстан тарапы Қытаймен байланыстағы табысын америкалық инвесторлар аймақ үшін ғана емес, Қытайдың және оның ай­наласындағы елдердің нарығына шығу жолы ретінде тиімді пайдаланады.

«Бір жол – бір белдеу» бастамасы аясында Қытай Сиань секілді бір­қа­тар қалаларда ішкі порттар салды. Олар Қазақстанмен темір жол ар­қ­ылы байланысқан және алдағы уақытта Еуропаға дейін ұзартылмақ. Транзиттік желі шығысқа қарай да созылған. Былтыр Қазақстан тарапы Орталық Азия мен Қытайдың шығыс жағалауын жалғап жатқан темір жол арқылы Вьетнамға бидайдың алғашқы партиясын жіберді.

«Бір жол – бір белдеу» бойынша ашылған темір жолдардың тиімділігін қытайлық кәсіпкерлер де көріп отыр. Қазақстан Үкіметінің деректеріне сай, кейінгі он жылда Қытай тарапы елге 14 миллиард доллар инвестиция құйған.

«Сиань Интернэшнл Инлэнд Порт Малтимодл Транспортэйшн» компаниясының маркетинг менеджері Жи Гайдың деректері бойынша, 2017 жылы Сиань қаласынан Орталық Азияға темір жол арқылы құны 1,3 миллиард юань (210 миллион доллар) болатын 170 000 тонна тауар тасымалданды. «Соның 75 пайызы Қазақстанға жіберілді», дейді Гай. Оның айтуынша, 2018 жылғы алғашқы үш аптада Сиань қаласынан Орталық Азияға шыққан алты пойыз құны 2,73 миллион юань болатын 11 тонна тауар әкеткен.

«Сиань Айжу Грейн энд Ойл Ин­дастри Групп» компаниясының вице-пре­зиденті Лю Дунминь өздерінің Қазақ­­станда мұнай зауытының негізін қала­­ғанын айтады. Компания елде «Айжу» иелік ететін және инвестиция құй­ған фир­малармен жұмыс істейді. «Биыл Қазақ­стандағы ауқымды ке­ңей­­­те­міз», деді ол CNBC-ге берген сұх­батында.

Оның компаниясы Қазақстан Үкі­метімен 11 шілдеде астық пен май­лы дақылдар тасымалы жөнінде жасал­ған келісімнен ұтқаны анық. Қазақ­стандағы өндірісті ұлғайтып, тауарды Қытайда өңдеп, оны қайтадан Орталық Азияға сату үшін жіберу арқылы компания шығындарын шамамен 20 пайызға қысқартты, деп атап өтті Лю. Оның айтуынша, биыл «Айжу» Қазақстаннан импорттаған майлы дақылдар мен бидай былтырға қарағанда 60 пайызға көп.

АҚШ Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің есебіне сай, Қазақстан 2017 жылғы шілдеде аяқталған іскер­лік жылында 150 300 тонна майлы дақылдар экспорттаған.

Бірқатар америкалық компаниялар Қазақстанға бұрыннан инвестиция салып келеді. Таяуда солардың бірі жаңа келісім туралы мәлімдеген-ді. «Дженерал Электриктің» еншісіндегі GE Transportation компаниясы елде 1990 жылдардан бері жұмыс істеуде. Олар биылғы 17 қаңтарда «Қазақстан темір жолы» мемлекеттік компаниясымен екі келісімшартқа қол қойғанын хабарлады. БАҚ-қа арналған хабарламаға сай, келісімнің құны – 900 миллион долларға тең. Сонымен қатар 300 маневр локомотивін жеткізу мен «Эво­люшн» сериясындағы 175 жолаушы вагонына 18 жылдық қызмет көрсету жөніндегі келісім жасалды.

«ҚТЖ»-мен жасалған жаңа келісім аймақта әлемдік деңгейдегі темір жол саласын құру жөніндегі Қазақстанмен әріптестікке әрдайым бейімділігімізді көрсетеді», деді өз сөзінде GE Transpor­ta­tion компаниясының директоры Рафаэль Сантана.

«Аймақ «Бір жол – бір белдеу» бастамасының қақ жүрегінде жатыр және Қытайдың құрлықтағы маңызды әріптесі саналады», дейді АҚШ-тың Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының қызметкері Джонатан Хиллман. Әйтсе де, Қазақ­станның бастамаға қатысуы Қытайдың мақсатына қолдау дегенді білдірмейді.

Д.Хилман, сондай-ақ «Мұхитқа шығуға мүмкіндігі аз ел үшін «Бір жол – бір белдеу» бастамасы үлкен маңызға ие екеніне қарамастан, Қазақстан Қытаймен теңесуге талпынады», деп қосты Хиллман.

Қорыта айтқанда, шығысында Қытаймен, солтүстігінде Ресеймен шектесіп жатқан Қазақстан үшін АҚШ-пен әріптестікті нығайту тепе-теңдікті ұстап қалуға көмектеседі.

Эвелин ЧЕНГ,

журналист

(CNBC, Нью-Джерси, АҚШ)