Инвестициялар және даму министрлігінің деректеріне жүгінсек, қазір елімізде 1370 техногендік минералды қалдықтар (ТМҚ) нысандары бар. Олардың біразы мемлекеттің меншігінде.
Тау-кен өндірісі мен металлургиялық кәсіпорындар да елімізде 40 млрд тоннадай техногендік қалдықтар бар екенін айтып, оларды қайта өңдеудің қажеттілігін көрсетіп, дабыл қағуда. Олардың көбі жер қойнауын пайдаланушылардың контрактіге алған аумақтарында жатыр.
Осы техногендік-минералдық қалдықтар ел экономикасының дамуына зор үлес қоса алады, өйткені олардың құрамында өте бағалы және сирек кездесетін металдар бар. Осы заманғы технологияда оларды тазартып алудың әдістері жеткілікті.
Кәсіпкерлермен кездесулерде бізге осы мәселе туралы жиі айтылды. Қайта өңдеу өндірісіне мүмкіндік туса мыңдаған жаңа және қосымша жұмыс орындары да ашылар еді.
Мәжілістің қоржынына түскен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа Кодекстің жобасын жұмыс тобында қарағанда да осы мәселе көтерілді. Қалдықтардың көлемі жыл сайын артып, қауіпті деңгейге жетіп қалғаны да сөз болды.
Біздің елімізде техногендік-минералдық қалдықтарды өңдеуге ниет еткен компаниялар да бар. Алайда олардың ТМҚ-ға қол жеткізу құқы жоқ. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңның 13-бабы бойынша қалдықтардың бәрі келісімшарттың мерзімі аяқталғанша жер қойнауын пайдаланушының иелігінде болады. Осының өзі миллиондаған тонна қалдықтың ондаған жылдар бойы пайдаланылмай, экономикалық айналысқа енгізілмей, тау-тау болып үйіліп жатуына және экологиялық зиян туғызуға соқтырып отыр. Жер қойнауын пайдаланушылар ТМҚ көлемі туралы есеп беруге тиісті еді, алайда ашық ақпарат көздерінде олардың ақпараттары жоқ. Ал уәкілетті органымыз бұл мәселені тек бақылап, тым-тырс жатыр.
Міне, осы мәселелерді айтып, Мәжілістегі «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы атынан жуырда Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің атына депутаттық сауал жолдап, мына мәселелер туралы ақпараттар беруін өтіндік:
1. Әрбір аймақ, кен орны және меншік иелері бойынша ТМҚ көлемі туралы;
2. Мемлекет пен меншік иелеріндегі ТМҚ көлемдерін қайта өңдеу бойынша жасалған жұмыс жоспары;
3. Жер қойнауын пайдаланушылардың ТМҚ-дағы пайдалы заттарды алуы бойынша келісімшарттағы міндеттерді орындауы;
4. Жиналған техногендік қалдықтарды өңдеуге ынталандыру мақсатымен мәселені қайта қарау.
Дания ЕСПАЕВА,
Мәжіліс депутаты