Қазақстан • 12 Ақпан, 2018

Қыруар қазына қараусыз жатыр

490 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаев өзінің 2018 жыл­дың 10 қаңтарындағы «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жол­дауында шағын және орта бизнес­тің қатысуымен тұрмыстық қатты қалдық­тарды осы заманғы әдістермен жою және оларды қайта өңдеу туралы тапсыр­ма берді. Қазір тау-кен өндірісі кәсіп­орындарының мыңдаған тонналық қал­дықтары қоршаған ортаның экологиясына ауыр зардабын тигізуде. Елбасы осы про­блемаларды шешу үшін де нақты тап­сырма бергені анық.

Қыруар қазына қараусыз жатыр

Инвестициялар және даму министр­лігінің деректеріне жүгінсек, қазір елі­мізде 1370 техногендік минералды қал­дықтар (ТМҚ) нысандары бар. Олардың біразы мемлекеттің меншігінде.

Тау-кен өндірісі мен металлургиялық кәсіпорындар да елімізде 40 млрд тоннадай техногендік қалдықтар бар екенін айтып, оларды қайта өңдеудің қажеттілігін көрсетіп, дабыл қағуда. Олардың көбі жер қойнауын пайдаланушылардың контрактіге алған аумақтарында жатыр.

Осы техногендік-минералдық қалдық­тар ел экономикасының дамуына зор үлес қоса алады, өйткені олардың құрамында өте бағалы және сирек кездесетін металдар бар. Осы заманғы технологияда оларды тазартып алудың әдістері жеткілікті.

Кәсіпкерлермен кездесулерде бізге осы мәселе туралы жиі айтылды. Қайта өңдеу өндірісіне мүмкіндік туса мыңдаған жаңа және қосымша жұмыс орындары да ашылар еді.

Мәжілістің қоржынына түскен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа Кодекстің жобасын жұмыс тобында қарағанда да осы мәселе көтерілді. Қалдықтардың көлемі жыл сайын артып, қауіпті деңгейге жетіп қалғаны да сөз болды.

Біздің елімізде техногендік-минерал­дық қалдықтарды өңдеуге ниет еткен компаниялар да бар. Алайда олардың ТМҚ-ға қол жеткізу құқы жоқ. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңның 13-бабы бойынша қалдықтардың бәрі келісімшарттың мерзімі аяқталғанша жер қойнауын пайдаланушының иелігінде болады. Осының өзі миллиондаған тонна қалдықтың ондаған жылдар бойы пайдаланылмай, экономикалық айналысқа енгізілмей, тау-тау болып үйіліп жатуы­на және экологиялық зиян туғызуға соқ­тырып отыр. Жер қойнауын пайдаланушылар ТМҚ көлемі туралы есеп беруге тиісті еді, алайда ашық ақпарат көздерінде олардың ақпараттары жоқ. Ал уәкілетті органымыз бұл мәселені тек бақылап, тым-тырс жатыр.

Міне, осы мәселелерді айтып, Мәжі­лістегі «Ақ жол» демократиялық партия­сының фракциясы атынан жуырда Инвес­тициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің атына депутаттық сауал жолдап, мына мәселелер туралы ақпарат­тар беруін өтіндік:

1. Әрбір аймақ, кен орны және меншік иелері бойынша ТМҚ көлемі туралы;

2. Мемлекет пен меншік иелеріндегі ТМҚ көлемдерін қайта өңдеу бойынша жасалған жұмыс жоспары;

3. Жер қойнауын пайдаланушы­лар­дың ТМҚ-дағы пайдалы заттарды алуы бойын­ша келісімшарттағы міндеттерді орындауы;

4. Жиналған техногендік қалдықтарды өңдеуге ынталандыру мақсатымен мәсе­лені қайта қарау.

Дания ЕСПАЕВА,

Мәжіліс депутаты