Смағұл Елубайдың сценарийімен түсірілген кино туындының мазмұны терең, тақырыбы тың. Психологиялық драма жанрында түсірілген аталмыш картина қазақ қоғамының көкейкесті мәселелеріне негізделген. Фильмнің оқиғасы екі кейіпкер арасында өрбиді. Бір-біріне мүлдем қарама-қайшы бейнедегі кейіпкерлер. Әбіл мен Қабыл архетипі іспетті. Айдар Асанбай сомдаған Руслан – Алматы қаласының жетімдер үйінде өскен, ата-ана мейрімін көрмеген, бойын адамзатқа деген ыза мен өшпенділік кернеген, тілі мен дінінен тамыр үзген жігіт. Көзін шел басып, кие мен қасиеттен жұрдай. Руслан Әнес әулиенің басындағы киелі ағашты өртеп жібереді. Ал актер Әділет Топаев сомдаған Мәмбет – тарихы мен дәстүрін, тілі мен дінін сақтаған, жүрегі иман мен мейірімге, атамекеніне деген құрметке толы, шетелден келген қандасымыз. Мәмбет мына жалған дүниеде адасып жүрген пендеге жол сілтеуге, құтқаруға келген жарық күш сынды.
Көрермен флешбэк арқылы Руслан мен Мәмбеттің осы күнге қалай жеткенін көреді. Бейкүнә сәби Руслан дүние есігін ашқан күннен бастап мейірімсіздік пен қатыгездікке ұшырап, тағдыр тауқыметін басынан кешіреді. Қос кейіпкердің бейнесі арқылы қазіргі қоғамдағы қайшылықты, кеңестік кезеңнің зардабы айқын көрінеді. Руслан өз туған жерінде бола тұра тамырынан үзілген, ал Мәмбет тағдыр тауқыметімен атамекеннен алшақ өссе де рухани тамыры тереңде жатыр.
Фильмдегі қоюшы-оператор Александр Рубанов пен қоюшы-суретші Джал Ибрагимовтің де жұмысын ерекше атап өтуге болады. Ақ пен қараның арпалысын, зұлымдық пен мейрімділікті, өткен мен бүгінді кино тілінің құралдары арқылы шебер көрсете білген. Фильм толығымен табиғатта түсірілген, экранда «адам» және «табиғат». Кейіпкерлер бір жағынан табиғат алдында дәрменсіз, панасы көк аспан, төсегі қара жер. Табиғат өз бауырына балаларын басып алып, барынша қорғағысы келетіндей әсер қалдырады. Осы атмосфераны экранда көрсеткен оператор мен суретшінің үлесі орасан зор. Шөлді даланың панорамалары, түрлі ракурстар, жарық пен көлеңкенің құбылуы арқылы көрерменге негізгі ойды жеткізуге ықпал етеді. Түсірілім Алматы облысының Жаркент қаласы маңындағы Ағаш көлінің жағалауында өткен.
Фильм атмосферасының ашылуына сазгер Әділхан Байысбаевтың қосқан үлесі де айтарлықтай. Көркем бейнелік қатарға әуен өзіндік динамика беріп отырады. Әуеннің өзі фильмнің негізгі идеясын толықтыра түседі. Өткеніміз бен бүгініміз бір арнаға тоғысып, ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен этно-рок стиліндегі әуен фильмнің мазмұнын тереңдете түскен.
Оазис – шөл даладағы сулы, өсімдіктері мен ағаштары бар, құмды шөлде жоғалған жолаушы үшін өлімнен құтқаратын жұмақ мекен. Руслан мен Мәмбет шөл далада осындай бір оазиске түседі. Руслан үшін – полициядан қашып, пана болған жер болса, Мәмбет үшін – киелі, қасиетті атамекен. Атасы Әнес әулиенің аманатын орындауға келген Мәмбетке оазис – ата дәптеріндегі ілім-білім. Ал хақ оазис фильмнің соңғы көрінісінде: мақсатына жеткен Мәмбет түйелер керуенімен алыс көкжиекте сағым сияқты көрінген алтын күмбезді, азан шақырған мешітке қарай жол тартады.
Алма АЙДАР,
Т.Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы, кинотанушы, PhD докторы