Қазақстанда табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделі қалыптасқан. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, негізінен ұзақ мерзімге арналған және жоспарлы түрде іске асырылуда. Біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қала береді. Қазақстан әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық даму жолына бет алған. Осыны баса айтқан Елбасы алдағы он міндетті атап өтті. Оның ішінде әлеуметтік салаға да жіті көңіл бөлінді. Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту қажеттігін, өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаhандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуына тиіс екендігін атап өтті.
Қазіргі денсаулық сақтау ісі негізінен аурудың алдын алуға бағытталған. Саламатты өмір салтын насихаттау жұмыстары әрі қарай жалғасады. Халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс арта түсетініне ауданның медицина қызметкерлері түсіністікпен қарауда.
Ол үшін медицина қызметкерлердің кәсіби білім деңгейін арттыру жұмыстары жалғасын табады, сапасына көңіл бөлінеді.
Онкологиялық аурулармен күресу үшін бес жылдан бері скринингтік тексеру шаралары жүргізілуде. Ауданымызда онкологиялық ауруларды ерте анықтау жұмыстары белсенді жүргізілуде, жылдан-жылға қатерлі сырқаттың асқынған түрі азаюда.
Аудан бойынша материалдық-техникалық база нығайтылуда: алты елді мекенде типтік үлгідегі дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілді. 2017 жылы 108 миллион теңгеге аса қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген, осыған орай аудан бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге толыққанды дайындық жұмыстары жүргізілді.
Жолдауда ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлы қосымшаларды қолдану, электронды денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттігі атап өтілді. Бүгінгі таңда Шет аудандық орталық ауруханасы мен дәрігерлік амбулаторияларда цифрлы ақпараттық жүйелер қолданысқа енгізілуде. Ауруларға көрсетілетін дәрігерлік қызмет кешенді медициналық-ақпараттық жүйемен атқарылуда және бұл жүйе арқылы емхана дәрігерлері облыс көлеміндегі жоғары деңгейлі ауруханалармен тығыз байланыста. Диагнозды нақтылауға жоғары деңгейдегі клиникаларға кез келген қажетті жағдайда жіберуге мүмкіндік жасалған. Электронды денсаулық паспортын енгізу, екі мобильдік цифрлы қосымшалар жұмысы атқарылуда. Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі аудан әкімінің қолдауымен аудан бойынша біртіндеп өз шешімін тауып келеді. Өткен жылы ауруханамыз 12 дәрігер маманмен толықты, оның алтауы – жас маман. Жоғары санатты хирург маман келуіне орай ота жасаудың әртүрлі әдістемелері енгізілуде.
Елбасымыздың Жолдауы болашақтағы жолымызды айқындап берді. Ең бастысы, осы Жолдауды жүзеге асырудағы негізгі жетістігіміз халқымыздың әл-ауқатын жақсарту болмақ. Қол жеткізген табыстарға тоқмейілсуге болмайды. Елбасы атап көрсеткендей, Қазақстан тәуелсіздігінің үшінші онжылдығына дұрыс бағытта қадам басу үшін бізге әлі көп жұмыс істеуге тура келеді.
Хауарира ӘБІТАЕВА,
облыстық мәслихаттың депутаты
Қарағанды облысы,
Шет ауданы