«Адами капитал – жаңғыру негізі» дей отырып Мемлекет басшысы «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамытуы тиіс», деп білім беру ұйымдарының барша қызметкерлеріне бағыт-бағдарды айқындап беріп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы 2015 жылдың 30 қаңтарындағы Жолдауында да «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын 2017 жылдан бастап іске асыруды тапсырған еді. Қазіргі таңда Қызылорда облысында 30 колледждің 23-і осы жобаны іске асыруды бастады. Оның ішінде 12 мемлекеттік және 11 мемлекеттік емес оқу орындары жастарды тегін жұмысшы мамандығы бойынша оқытуда.
Елбасының тапсырмасына сәйкес 2017-2018 оқу жылында жергілікті және республикалық бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыс көлемі 4603 орын болып белгіленді. Оның ішінде жұмысшы мамандықтары бойынша республикалық бюджет есебінен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» негізінде 1515 орын, жергілікті бюджет есебінен 1675 орын, барлығы 3190 орын бөлінді. Осы жоба шеңберінде студенттер 28 мамандықтың 42 біліктілігі бойынша білім алуда.
Аталған тапсырма аясында біздің М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжіне 4 жұмысшы біліктілігі бойынша 100 орын мемлекеттік тапсырыс бөлініп, студенттер білім алуда.
Облысымыздың техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары қазіргі таңда шын мәніндегі «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуірінде, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңінде» жұмыс істеп, қызмет ететін жастарды оқыту мен тәрбиелеудің жолында аянбай еңбек етіп келеді. Осы Жолдау аясындағы Елбасымыздың «Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлы дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек» деген тапсырмасы білім беру ұйымдарына үлкен міндеттер жүктейтінін жақсы түсінеміз. Аталған бағытта колледж ұжымы еңбек нарығының заманауи талаптарына толыққанды жауап беретін, бәсекеге қабілетті жұмысшы мамандарын даярлау ісін жаңа сатыға көтеру мақсатында оқу-тәрбие үдерісіне жаһандық тәжірибеде қолданысқа ие дуалды оқыту мен модульдік бағдарламалар негізінде білім беру жүйелеріне көшуді бастады. Жұмыс беруші серіктестер мен студенттердің ата-аналарынан құралған өкілдер колледждің Қамқоршылық кеңесі арқылы білім сапасын бақылауға және оны арттыруға бағытталған іс-шараларға толыққанды қатысуға қол жеткізді.
Оқу орнының материалдық-техникалық базасы да облыс басшыларының қамқорлығы арқасында жыл санап жаңаланып, жаңғырып келеді. 2017 жылы колледжіміз 82,0 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтті.
Президент Н.Ә.Назарбаев «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», деді. Бұл жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру жұмыстарын түбегейлі қайта қарап, әлемдік озық үлгілерді өз тәжірибемізге енгізуге міндеттейді деп ойлаймын.
Бақыт КЕНБАЕВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор