Аймақтар • 13 Ақпан, 2018

Индер ауданындағы 145 оқушы қазақстандық олимпиадашыларды қолдады

533 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Индер ауданында оқушылар арасында шаңғыдан жарыс өтті. Жарысқа аудандағы барлық мектептерден 145 жас спортшы қатысты, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Индер ауданындағы 145 оқушы қазақстандық олимпиадашыларды қолдады

Шара ұйымдастырушылары - Индер аудандық әкімдігі. Жарыстың мақсаты - Оңтүстік Кореядағы қысқы олимпиада ойындарына қатысып жатқан қазақстандық олимпиадашыларға қолдау білдіру. Индер ауданының әкімі Серік Арыстанның айтуынша, балалардың ұмтылысы жақсы, сондықтан жергілікті оқушылар аймақаралық жарыстарда ылғи жүлделі орынға ие. 

«Өткен жылы барлық мектептерге шаңғы мен коньки алынды. Басты мақсат – ауданда қысқы спорт түрлерін дамыту. Бүгінгі күнге дейін балалардың жаттығуына мүмкіндік болмады. Енді барлық мектепте өз командалары бар. Бүгін аудан тарихында алғаш рет қазақстандық олимпиадашыларды қолдау мақсатында сайыс өткіздік», дейді Серік Арыстан.

Таза ауадағы қызықты сайыс ешкімді бей-жай қалдырмады.

«Осындай жарыстар жиі өтіп тұрғанын қалаймын. Біз көрші облыстарда өткен осындай жарыстарға қатысып, екінші орын алдық. Енді ылғи жаттығып, келесі жарыстарда міндетті түрде жүлделі орын аламыз», деді қатысушылардың бірі Сұлтанбек Рахметов.

Айта кетейік, өңірде жазғы спорт түрлері дәстүрлі түрде қарқынды дамып келеді. Өткен жылдан бастап мұнда қысқы спорт түрлерін дамытуды да қолға алған. Тек Индер ауданында ғана 49 миллион теңгеге барлық мектептерге қажетті құралдар алынды.