Аймақтар • 13 Ақпан, 2018

Батыс Қазақстанда екі басқармаға жаңа басшы тағайындалды

469 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов облыстық қаржы және мемлекеттік алу басқармалары ұжымдарына жаңа басшыларын таныстырды.

Батыс Қазақстанда екі басқармаға жаңа басшы тағайындалды

Қаржы басқармасының бұрынғы басшысы Салахатдинова Айгүл Бақытжанқызының зейнеткерлікке шығуына байланысты, конкурстық коссияның шешіміне және «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында көрсетілген меритократия қағидасына сәйкес, Батыс Қазақстан облысы қаржы басқармасының басшысы лауазымына Имашев Дулат Бауыржанұлы тағайындалды.

Дулат Имашев 1978 жылы туған, білімі жоғары. 1999 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын «экономист менеджер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары Батыс Қазақстан облыстық қаржы басқармасында жетекші, бас маман, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтің сапасын бақылау комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасында бас маман, Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасында бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, Батыс Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында, басшы орынбасары қызметтерін атқарған. Бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болып істеген.

Ал Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік алу басқармасына басшы болып Ниетқалиева Бибігүл Әбдіғалиқызы тағайындалды.

Бибігүл Ниетқалиева 1973 жылы дүниеге келген, білімі жоғары. 1994 жылы Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтын «бухгалтер экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары Батыс Қазақстан облысы Орал қалалық қаржы бөлімінің бас маманы, сектор меңгерушісі, бөлім басшысының орынбасары, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы болған Б.Ниетқалиева бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарып келген еді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»