Қазақстан • 14 Ақпан, 2018

Хат қоржын (14.02.2018)

272 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Оқырман ойы

Хат қоржын (14.02.2018)

Әр үйге 10 түп жеміс ағашы отырғызылды

Адамзаттың алдында тұрған басты парыздарының бірі – ағаш егу екені белгілі. Аудан әкімдігінің бастамасымен, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, Шолаққорған ауылдық әкімдігі, Шолаққорған ауылындағы мектептер, Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі қызметкерлері «Мейірімді табиғат» атты қайырымдылық акциясын өткізді. Акция аясында аудан бойынша аз қамтылған отбасылар мен мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмайтын азаматтардың жеке тұрғын үйлерінің ауласына 10 түптен жеміс ағаштары отырғызылды. Әр отбасыға 4 түп алма, 3 түп өрік пен 3 түп алмұрт көшеттерінен келді.

Аудан бойынша барлығы 73 отбасына 730 жеміс көшеттері тарту етілді. Тұрғылықты жеріміздің тал-терегін жайқалтып, гүлмен көмкерілген баққа айналдырып, ауылымыздың ажарлы болуына үлес қосу кімнің болса да азаматтық парызы. «Бабалар еккен шынарды балалары сая­лайды» демекші, отырғызған жасыл желектеріміз тез жерсініп, балғындарымыз мақтанышпен айта жүріп, саясында емін-еркін асыр салып ойнауы біз үшін үлкен қуаныш. Ағаштарды егіп қана қоймай, оларды стандартты жағдайға жеткенге дейін кемінде үш жыл бойы толықтыру, күтім, қорғау жұмыстарын орындап отыруымыз қажет, дейді орман шаруашылығының мамандары.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ
Оңтүстік Қазақстан облысы

Ысырапшылық астамшылыққа соқтырады

 Газеттеріңіздегі Серікбай Тұржанның «Ысырапшыл дәстүрден арылайық!» атты мақаласын оқығаннан кейін қолыма қалам алдым. Өйткені бұл бір адамды ғана толғандырып жүрген мәселе емес. Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да өлікті жөнелтудегі ысы­рапшылдықты айтып та, жазып та жүр. Бірақ әлі де бір ортақ шешімге келген жоқпыз. «Қазақстанның қай түкпіріне барсаң да» деп отырғаным, автор оңтүстіктегі жағдайды жазып отыр, бізде солтүстікте де дәл осындай жағдай.

Алдымен айтарым, жанашырлар жиналып кеңескенде «халық көп жиналуға тиісті, үш жылқы сою керек» деген шешімге жиі келеді. Мұны қалай ысырапшылдық демессің? Астанадан бастап, біздің солтүстік өңірде табақтағы етті таратып алу бар, ас үйге бірер жапырақ туралған ет қана қайтады. Мүшелеп табақ тартсаң кем дегенде 700-800 адам жиналған жерде үш жылқың да аз болуы мүмкін...

Ал, жаназа дастарханына етпен бірге неше түрлі салаттар, шайға жеміс-жидектің, тәттілердің түр-түрі келуі ысырапшылдық емей немене? Бауырсақ, сары май, қант салсақ жетпей ме? Дұға – той емес қой! Ысырапшылық ақыры астамшылыққа апарып соқтырады. Дұғадағы ас мәзірін жалпы қазақ елінде бір арнаға түсіру қажет. 

Автор жазғандай «Жасы 80-90-ға келген қарияларға ғана: «Тәбәрік болсын, жасымыз соған жетсін!» деп ырымдап, жыртыстың берілгені де дұрыс шығар, ал былай әйтеуір жаппай жыртыс, телім үлестіре беруді мен өзім дүние шашу деп білемін» деп, мен де бұл жазғандарын қолдаймын, тек 70 емес, 80-нен асқан қарияларға десек дұрыс болар еді.

Совет ХАМИТҰЛЫ,
еңбек ардагері 
Көкшетау 


Балуанның есімі ұмыт қалмаса...

Техника ғылымдарының кандидаты, доцент, белгілі балуан, КСРО спорт шебері, еркін күрестен Қазақ КСР-нің бірнеше дүркін чемпионы, КСРО біріншілігінің үш дүркін қола жүлдегері атанған Құлжабай Алтынбековтің есімі бір Оңтүстік Қазақстан облысына ғана емес, бүкіл қазаққа белгілі. Ғылым мен спортты өмірінің басты мақсаты санаған Құлжабай Алтынбеков кеңес дәуірі кезінің өзінде физика пәнінен жоғары оқу орындары мен мектеп оқушыларына арнап қазақ тілінде оқулық жазған белгілі ғалым.

Әрқашан да азаматтықтың туын жоғары ұстаған өнегелі ұстаз, білікті жаттықтырушы Құлжабай Алтынбеков небары 53 жыл ғана ғұмыр кешіп, дүниеден озды. Өкінішке қарай, Оңтүстік Қазақстан облысының ғылымы мен спортының өркендеуіне шексіз үлес қосқан есіл ердің ардақты есімі ұмытылып барады. Бүгінге дейін туған жері – Түлкібас ауданы мен өзі қызмет істеген Шымкент қаласында осы күнге дейін Құлжабай Алтынбековтың атындағы бір де бір спорт турнирінің өткізілмеуі – айтар ойымызды дәлелдесе керек. 

Дегенмен, игіліктің ерте-кеші жоқ. Ардақтыларымызды қадірлей білейік. Елі барда көзінің тірісінде халық қалаулысына айналған Құлжабай Алтынбековтің есімі ұмытылмайды деп сенеміз.

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Ауыл жастары асарлатты

Өткенде Маңғыстау аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағыты аясында және республикалық жастар акциясы негізінде Шетпе ауылында еңбек және тыл ардагері, жалғызілікті қария Спанғали Байдуллаевтың үйіне қайырымдылық шарасы өткізілді. 
 Бағдарламаның «Асар» бағыты бойынша өткен шарада ауылдың белсенді жанашыр жастары қарт С.Байдуллаевтың үй-жайына және ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді. Бұған дейін де ауыл жастары бірнеше ауыл тұрғындарында барып, қайырымдылық іс шарасын өткіз­ген еді. Ауыл жастары үй жайларын тазалап қана қоймай, әр сенбі сайын жалғызілікті қарттардың хал-жағдайларын біліп тұрады. Қажет болса же­дел жәрдем шақыртып, денсаулықтарын қарауға жәрдемдесіп келеді. 

Шетпеде қазіргі таңда 5 жалғызілікті қария тұрып жатыр. Бар­лығы да мемлекет қамқорлығында. Аталмыш шараға Шетпедегі А.Мең­далы­ұлы атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары мен жасотандықтар атсалысты. 

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ
Маңғыстау облысы 

Жаңа мектептерге ел риза

Жамбылдық 2 400 оқушы жаңа мектептерде білім нәрінен сусындауда. Олардың бірі «Салтанат» шағын ауданындағы №30 орта мектеп болса, екіншісі «Шөлдала» елді мекенінде орналасқан 1 200 балаға арналған орта мектеп. Сонымен қатар облыс орталығындағы көне мектептердің бірі – №24 мектеп-гимназиясына қосымша салынған ғимарат іске қосылған болатын. 

Аталған нысандардың барлығы 2015-2019 жылдарды қамти­тын инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол» бағдар­ламасының аясында салынды. №30 мектеп-гимназиясында бұрын балалар апатты жағдайда тұрған ғимаратта білім алып келген болса, енді олар жалпы аумағы 9 мың шаршы метрді алып жатқан жаңа да кең сыныптарда оқып жатыр. Орта мектептің 46 оқу кабинеті заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген. Акт залына 350 адам сыйса, асханасында бір мезгілде 150 бала тамақтана алады. Спорт залында спортпен айналысуға арналған жаңа құрылғылар бар. Балалардың білім алуына осындай жағдай жасалынып отырылғанына ел-жұрт әркез алғыстарын бідіруде.

Айдар ОСПАНАЛИЕВ
Жамбыл облысы