Елге іскерлігімен танылған, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Серікбай Ибадуллаевтың бұл еңбегінде нақты деректерге сүйене, өзі туып-өскен Отырар ауданына қарасты Балтакөл совхозының 31 жылдық тыныс-тіршілігі, онда еңбек еткен азаматтар жайында жазыпты. Автор еңбек жолын осы Балтакөл кеңшарында қарапайым құрылысшыдан бастап аға прораб, партком хатшысы, совхоз директоры лауазымына дейін көтерілген. Яғни «Балтакөл» кітабы автордың өткенді еске алып, ой елегінен өткізе жазған, туған жер – өскен ортаға деген сағынышынан, құрметінен туған шынайы шығарма.
– Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері барын, осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс екендігін айтты. «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деген Мемлекет басшысы «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Игі бастама бүгінде елімізде жүзеге асырылуда. Иә, халқымызда «Өткеніңді білмесең – болашағыңды болжай алмайсың», деген даналық сөз бар. Сол айтпақшы, өзіміздің алтын бесігіміз атанған қасиетті «Балтакөл» ауылы жайлы сөз қозғай қалсам, кеудемді мақтаныш сезімі кернейтіні рас», – дейді Серікбай Ибадуллаұлы.
Бес тараудан тұратын, іргелі бір ауылдың энциклопедиясы дерлік кітап – жеті жыл бойғы тынымсыз ізденістің нәтижесі. «Балтакөл» қаракөл-қой совхозының құрылу, қалыптасу, даму жолдары жөніндегі деректер, естеліктер, 1965-1996 жылдары еңбек еткен азаматтардың өмірдерегі жинақталған. Сондай-ақ мұнда ақынжанды азаматтың өлеңдер топтамасы енген. «Өздері туып-өскен ауылы немесе аймақ туралы жан-жақты хабардар болған жастардың ел тарихын да терең танитыны анық. Бұл кітапты жазудағы мақсатым кеңшар тарағалы бері де көп жылдар өтті. Өкінішке қарай, тоқсаныншы жылдары дүниеге келген ұрпақ өз ауылының өткенінен хабарсыз. Сондықтан да жас ұрпаққа қайратты да еңбекқор, өңір экономикасының қуатты болуы үшін тер төккен аталары мен бауырлары жайлы естелікті жеткізгім келді», дейді автор.
Соңғы жылдары деректі публицистикалық шығармалар жазып, оқырманға «Сыр бойы – құтты мекенім», «Ағарту» атты туындыларын ұсынған Серікбай Ибадуллаұлы жылдар бойы ізденіп, өз қаржысына басып шығарған «Балтакөл» кітабын кітапханаларға, ауыл азаматтарына таратпақ.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»