Қазақстан • 16 Ақпан, 2018

Алматыда БҰҰ-ның Қазақстандағы Кеңсесінің 25-жылдығы атап өтілді

353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біріккен Ұлттар Ұйымымен өзара іс-қимыл - тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыты. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Алматыда өткен «Қазақстан-БҰҰ: тәжірибе, жетістіктер мен ынтымақтастықтың келешегі» атты жоғары деңгейдегі жиналыс барысында сөйлеген сөзінде айтты. Іс-шара БҰҰ-ның Қазақстандағы алғашқы кеңсесінің ашылуына 25 жыл толуына арналды.

Алматыда БҰҰ-ның Қазақстандағы Кеңсесінің 25-жылдығы атап өтілді

Қ.Әбдірахманов өз сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың негізгі халықаралық бастамалары дәл осы БҰҰ-ның трибунасынанұсынылғанын атап өтті. Жаһандық ұйым Мемлекет басшысының кең ауқымды ядроға қарсы және соғысқа қарсы бастамаларын насихаттаудың басты алаңы.

«БҰҰ ұйымдары мен бағдарламалары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып,бұл дәстүрді жалғастыруда. Сонымен бірге, БҰҰ біздің елімізге бұрынғы Семей ядролық полигонын сауықтыру, Арал теңізін қалпына келтіру секілді маңызды жобалар аясында техникалық және қаржылық көмек көрсетті», - деді өз сөзінде Қ. Әбдірахманов.

Сыртқы істер министрі Қазақстан мен БҰҰ гендерлік теңдікті ілгерілету, балалардың құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау, экология, көші-қон, есірткі тасымалына қарсы күрес және басқа да салаларда бірлесіп, белсенді жұмыс атқарып жатқандығын атап өтті.

Қ. Әбдірахманов ең беделді орган – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның жуырдағы төрағалығынаерекше назар аударды. Төрағалық аясында Президент Н. Назарбаевтың бітімгерлік бастамаларына және Орталық Азияда бейбітшілік, қауіпсіздік пен даму аймағын құру бойынша шараларына екпін қойылды.

Сонымен қатар, кездесу барысында Алматы қаласында 2030 жылға дейін Орталық Азияда Тұрақты дамудың мақсаттарын жүзеге асыруға жәрдемдесуге бағытталған БҰҰ хабын құру жөніндегі Қазақстанның идеясына БҰҰ тарапынан қолдау білдірілетіні атап өтілді.

Елдегі және аймақтағы БҰҰ қызметі туралы пікір алмасу қатысушыларға Ұйымның көп қырлы жұмысын жүйелеуге және отырыста мақұлданған2018-2020 жылдарға арналған Қазақстан-БҰҰ бірлескен іс-қимылдар жоспары аясында өзара әрекеттесудің келешегін айқындауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, мерейтойлық іс-шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Қазақстандағы БҰҰ агенттіктерінің басшылары, дипкорпустың өкілдері, дипломатиялық қызмет ардагерлері, академиялық және сарапшылық қауымдастықтардың өкілдері қатысты. СІМ басшысы мен Алматы Әкімі БҰҰ Кеңсесі осыдан 25 жыл бұрын елімізде өз жұмысын бастаған «Қазақстан» қонақ үйінде естелік тақтайды ашты.