Жел стансасын орнату үшін Каспий теңізі жағалауындағы Манаш ауыл маңы таңдалған. Бұл кездейсоқ емес. Зерттеулерге сәйкес, бұл жерде желдің жылдамдығы секундына 10-12 м/с-қа жетеді. Электр стансасының тұрақты жұмыс істеуі үшін 4 м/с жеткілікті.
Барлығы 36 жел турбинасын орнату жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жетеуі орнатылған. Олардың әрқайсысының салмағы шамамен 230 тонна, биіктігі 100 метрден асады.
- Электр стансасы жаңартылатын энергия көздерін дамытуға арналған бағдарлама негінде жүргізілуде. Жоба жел парктерін салуға, сондай-ақ, «Атыраужарық» АҚ-ның желілеріне қосылатын екі қосалқы стансаның құрылысын салуды көздейді. Жұмысты «ВетроЭнерготехнологии» ЖШС қолға алған. Жобаның құны 12,3 млрд теңге. Бұл станса Атырау облысында өндірілген барлық электр энергиясының 13-14% пайызын құрайды, - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жұмабай Қарағаев.
Бақытгүл Бабаш,
«Егемен Қазақстан»