Жақсы сөз жерде жата ма? Облыс әкімдігі «оралмандарға арнап ауыл салып жатыр екен» деген сүйінші хабар жан-жаққа тез тарап, оның ақ-қарасын ажыратып жатпастан квотамен де, квотасыз да келушілердің қатары күрт көбейіп сала берді. Осы жағы ескерілген болу керек, жапан даланы көз тартар көрініске айналдыру жөнінде шешім қабылданып, 2010 жылы – 140, 2011 жылы – 100 баспана, оған қоса 50 жылыжай, кейін екі қабатты мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт бой көтерді. Қазір мұнда шағын орталық, хоккей корты, спорт залдары жұмыс істейді. Көшелер асфальтталып, су құбырлары тартылды. Президент Н.Назарбаев Қызылжар өңіріне келген сапарларының бірінде Бәйтерек ауылына арнайы соғып, мемлекет тарапынан жасалар қамқорлықтың жалғаса беретінін жеткізген. Олай болса, облысқа жақын орналасқан елді мекенде әлеуметтік, жұмыспен қамтамасыз ету секілді өзекті мәселелер талапқа сай шешіліп отырғанда тұрғындар не себепті құзырлы орындардың босағасын тоздырып, Жоғарғы сотқа дейін шағымданып отыр деген сұрақ туады.
Оның мән-жайын бізге Қайролла қажы Сүлейменов ақсақал түсіндіріп берді. «2009-2011 жылдар аралығында 263 үйдің кілті тапсырылды. Қазір тұрғындардың саны екі мыңға жуық болса, олардың басым көпшілігін тарихи Отанына оралған отбасылар құрайды. Қол қусырып қарап отырған ешкімді көрмейсің. Бау-бақшамен, мал бағумен айналысады. Жылыжайларда көкөніс өсіреді. Облысқа қатынап жұмыс істейді. Мешіт, дәмхана көлік жөндейтін станса салынуда», дей келіп, ренішін ақтарып салды. Бәйбішесі Мәриям екеуінің Түмендегі жылы орнын суытып, атажұртқа келуіне сол кездегі жергілікті билік орындарының баспананы тегін аласыздар деген уәдесі себеп болса керек. Тіпті зейнетақыларының бірнеше есе кеміп қалғанына да кейімеген. Ұл-қыздары да қуана оралған. Енді, міне, «алданып қалдым» дегендей өкініш кейіпте отырған сыңайлы. «Сол кездегі аймақ басшысының маған үйдің кілтін салтанатты түрде тапсырып тұрып, баспана жекеменшігіңізде болады» деп қолымды құшырлана қысқаны бос уәде болып шыққаны ма? «Әкесі өлгенді де естіртеді» ғой. Содан бері жан-жаққа қанша арыздансақ та, мұң-мұқтажымызға ешкім құлақ асар емес», дейді қария налыған үнмен.
Тілшілер қосынына ауылдастарының арыз-шағымдарын айта келген Қабдыраш Рақаевтың да өкпесі қара қазандай. Оның айтуынша, 2009 жылы күзде бірнеше отбасына мемлекеттік тұрғын үй қорының есебінен баспана беру туралы аудандық тұрғын үй комиссиясының шешімі шыққан. Алайда бұл құжат сот қарауына ұсынылмаған. Себебі хаттама белгісіз себептермен жоғалып кеткенге ұқсайды. Шағым иелерін шенеуніктер берген серттерінен неге тайқып кетті, баспана меншігімізге неге берілмейді деген сауалдар мазалайды.
Зерттеу барысы көрсеткендей, жергілікті билік орындары мен тұрғындар арасындағы баспанаға қатысты түсінбеушілікке тиісті құжаттардың заңдық-құқықтық тұрғыдан ресімделмеуінен өріс алып, оның ақыры дау-дамайлар мен сот төрелігіне жүгінулерге апарып соқтырған. Құрғақ уәде, ауызша келісімді малданып жүре беру кімге тиімді, кімге тиімсіз болғаны енді айтпаса да түсінікті. Оның үстіне құрылыс жұмыстарында орын алған түрлі қырсыздықтар мен заңсыздықтарға орай прокуратура тарапынан тынымсыз тексерулердің ұйымдастырылуы мәселені ащы ішектей созып жіберген тәрізді. 32 әкімшілік, 1 қылмыстық істің қозғалуы біраз жайттан хабар бергендей. Үкіметтің тұрғын үйлерді коммуналдық меншікке беру туралы қаулысын негізге алған лауазым иелері шағымданушыларды жалгерлік-коммуналдық төлем бойынша ғана есеп айырасыңдар деп сендіргендіктен аңқау байғұстар ауыздарын ашып жүре берген секілді. Оның үстіне 245 баспананың аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің балансына өтуі көңілдегі күмән-күдікті сейілтіп жіберсе керек. Осы кезден бастап жалдамалы пәтер ретінде тұру міндеттелген.
– Бұрынғы басшылық тұсында үйлерді жекеменшікке тегін беру жөнінде ауызша мәміле-келісімдер жасалды дегеннің өзінде ресми құжаттармен айғақталмаған. Заң нормаларында тарихи Отанына квотамен оралған бауырларымызға баспананы қайтарымсыз беру жайы қарастырылмаған. Ал жалға алып тұруға құлқы болмаса, «қалдық» принципімен сатып алуға құқылы. Өкінішке қарай осы мүмкіндікті пайдаланушылар некен-саяқ. Бәрі әлі күнге дейін аспаннан құймақ жауатындай үмітті. Ауыл тұрғындарымен бірнеше жиын өткізіліп, қанша түсіндірілсе де жағдайы келе тұра, коммуналдық төлемнен қашқақтайтындар да, келісімшарт жасасудан бас тартушылар да аз емес. Мәселен үйлерді салуға жұмсалған шығын мен аумағына байланысты ай сайынғы коммуналдық ақы мөлшері 3543 теңгеден 15727 теңгеге дейін белгіленгенімен, оны төлемеушілер жетіп артылады. «Елім, жерім» деп алабұртқан сағынышпен келген ағайындарымыз қандай құрметке де лайық. Ешқайсысын бөліп-жармаймыз. Бірақ істің байыбына бармастан жөн-жосықсыз байбалам салып, әлдебір ілік іздеудің қажеті жоқ. Мұнда квотадан тыс келген отбасылар да орналастырылды ,– дейді уәж айтушы қарсы тарап.
Баспана дауы бойынша 30 рет сот мәжілісі өтіп, бәрінде де азаматтық іс аудандық әкімдіктің пайдасына шешіліпті. Бәйтерек ауылдық округінің әкімі Гүлсім Ербатырқызының айтуынша, 202 отбасымен келісімшарт жасалған. Олардың ішінде 125 отбасы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында қоныстанған. 9 отбасы үйлерге рұқсатсыз кіріп алған. Келісімшартқа қол қоюдан бас тартқан 38 отбасының ісі сотқа жолданған. Коммуналдық төлемдер бойынша ғана берешек 20 миллион теңгеден асады.
Мәселенің байыбына тереңдей үңілу мақсатымен бірнеше тұрғынмен сөйлескен едік. Олардың қай-қайсысы болсын «тегін тұрасыңдар деген уәделерінен тайқып кету – азаматқа тән қылық емес. Ешқандай келісімшартқа қол қоймаймыз» деген райдан қайтатын түрлері көрінбейді. Құрғақ сөзге сеніп, желмаядай желе жөнелудің бір ұшығы ұлттық салт-дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған ортада өніп-өскен ағайындарымыздың көңілі даладай, пейілі баладай аңғалдығынан, сенгіштігінен болар. Алаулатып-жалаулатқан жағдай рапортшылдық, желөкпе ұраншылдық көпірме уәдеге, көбік сөзге ұрындырып, өрекпіген көңілдерді у ішкендей, су сепкендей басып, айдалада қалдырғандай күй кештіргені анық. Міне, іргелі ауылда туындаған шетін проблемалар ішкі-сыртқы миграция саласында селкеу тұстардың аз еместігін аңғартады. Әсіресе еңбек ресурстары, жұмыс күші тапшы теріскей өңірлерде демографиялық олқылықтардың орнын толықтыру, реттеу, жастарды тұрақтандыру үшін баспанамен, жұмыспен қамту жеңілдіктерін бірізділендіргені ләзім. Демократиялық даму жолына бет алған елде кез келген мәселе байбаламмен емес, байыптылықпен шешілетінін естен шығармайық.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Қызылжар ауданы