Қазақстан • 22 Ақпан, 2018

Арал – Орталық Азияға ортақ мәселе

4971 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Аралдың Қазақстан мен Өзбекстанның ғана емес, бүкіл әлемнің проблемасына айналғанына жарты ғасырға жуықтады. Себебі суы тартылған теңіздің түбінен желмен көтерілген тұз аралас ауа Тянь-Шань тауларын былай қойғанда, солтүстіктегі Ресейге, одан әрі Еуропаға дейін жетіп жатқаны жөнінде нақты дәлелдер бар.

Арал – Орталық Азияға ортақ мәселе

Сондай-ақ Арал мәселесін зерттеп жүрген ғалымдар теңіз табанынан көтерілген тұзды жел оның жолындағы таулардың басында ғасырлар бойы қатып тұрған мұздықтарды еріте бастағанын айтады. Егер осы экологиялық проблеманың алдын алмаса, бір Аралдың өзі үлкен табиғи апаттардың орын алуына себеп болуы әбден мүмкін.

Аймақтың жан ауыртар жарасы

Жиырмасыншы ғасырдың орта­сында Арал көлемі жа­ғы­нан дүние жүзіндегі ең үл­кен төртінші көл саналған екен. Кейін, яғни жетпісінші жыл­дардың соңында оның суы күрт азая бастаған. Жоғары орын­дар­ға нешеме рет дабыл қағылса да, кеңестік билік ғалым-ма­ман­­­дар­дың жанайқайына құлақ ас­пады. Балығы тайдай тула­ған теңізді құтқаруды сол кезде қол­ға алғанда, бүгінде жағдай бас­қаша болар еді дегенді сенім­ді түрде айтады ғалымдар. Де­ген­мен кейбіреулер «жерден алып жерге салатын» Кеңес­тер Одағының соңғы прези­ден­ті Михаил Горбачев қана сек­сенін­ші жылдардың аяғында Арал проблемасын бүкіл әлемге жа­йып салғаны әлі ұмытыла қой­ған жоқ. Рас, сол жылдары те­ңіз мәселесімен шындап ай­на­лы­суға КСРО-ның қаржы-эко­но­микалық жағдайы да жоқ еді.

Кеңестер Одағы тарағаннан кейін ғана экологиялық ауырт­па­лыққа ең алдымен душар болған Орталық Азиядағы мемлекет­тер Аралды құтқару шараларын қолға алды. Бірақ зерттеуші ға­лым­дар енді Аралдың суын бұ­рынғы қалпына келтіру мүм­кін еместігін мойындап отыр. Бірақ бірнеше көлге бөлінген те­ңіздің солтүстік бөлігін қай­та жандандыру арқылы сол өңір­де тіршілік етіп отырған тұр­ғын­дардың үміт отын жағуларына мүмкіндік бар. Ол үшін Орта­лық Азия­дағы мемлекеттер бас бі­рік­тіріп, көпке ортақ мәселе бо­йын­ша күш жұмылдырғаны жөн-ақ.

Атап өтуіміз керек, Арал те­ңізін құтқару жұмыстарына Қа­зақ­­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қо­с­қан үлесі өте көп болды. Мыса­лы, Елбасы­ның бастамасымен 1993 жылы Аралды құтқару халықаралық қоры құрылды. Оған Орталық Азиядағы барлық бес мемлекет мүше. Мемлекет басшысының ерен еңбегі Солтүстік Аралдың сақталып қалуынан да айқын көрінеді. «1992 жылғы Берг бұ­ға­зына салынған бөгет құры­лысы әлі есімізде, дейді Арал про­блемасымен отыз жылдан бері айналысып жүрген ресей­лік ғалым Николай Аладин. – Оны қолға түскен материалдың барлығымен соқтық. Тас, бал­шық, тіпті қамыс та пайдаланылды. Су деңгейі сақталынып, онда балық пайда болды. Бірақ бө­ге­тті 1999 жылы су шайып кет­ті. Көп уақыт өтпей, Қазақ­стан Пре­зидентінің ерекше назар ауда­руының нәтижесінде бө­гет қа­йта тұрғызылды. Ол стан­­­дарт­­қа сай сапалы болып са­лы­нды».

Солтүстік бөлігі Қазақстанға, Оңтүстігі Өзбекстанға қарайтын Арал теңізі өткен жылдар ішін­де өзінің бастапқы көлемі­нен төрт есеге дерлік тартылды. Сол­түс­тік (Кіші) және Оңтүс­тік (Үлкен) Арал болып екіге бө­лінді. Ал 2000 жылдан бас­тап үш­ке бөлініп кетті. Теңіз­дің тар­тылған жерлерінен ұш­қан тұзды дауыл барлық б­ағыт­та 100 шақырымға жуық қашық­тыққа таралуда деген дерек бар. Ғалымдар Арал теңі­зі­нің тар­тылуы салдарынан он­дағы 30-ға тарта балық түрі мүлде жо­йылып кеткеніне қынжы­лыс білдіреді. Кезінде балық аулап кү­нелтіп келген елді мекен­дер­де теңізге төнген қатер жұ­мыс­сыздар санын көбейт­ті, өсімдік түрлерінің, аң-құс­тар­дың күрт азаюына соқтырды.

Ауаға көтерілген тұзды масса шекара таңдамайды

Осы ғасырдың басында ға­лымдар тартылған теңіздің ор­нында зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп келген еді. Бұл орын ал­­ған проблемаларды анық­тау­­ға, оған қарсы іс-шаралар қол­­­дануға және залал мөлшерін тара­­­­зы­лауға мүмкіндік беретін. Өкі­нішке қарай, соңғы алты-жеті жылда Аралды зерттеу жұ­­мыстары тоқтап қалды. Осы мә­се­­лемен айналысатын мамандар іс-әрекетсіз осылай отыра берсе, алдағы уақытта теңіз­дің орнында қалған шағын көлдерден де айырылып қа­ламыз деп дабыл қағуда. Ма­ман­дардың жанай­қайы дұ­рыс. Өйткені Аралды құт­қару ха­лықаралық қоры жұ­мыс істей бастағаннан бергі аралықта қор­дың қарауына 70-тен астам ғы­лыми жоба түскен екен. Со­ның 12 жобасы ғана іске асы­­рылыпты. Олардың ешқай­сысы теңіз суы деңгейін шамалы бол­са да көтеруге септесе ал­май­­ды. Себебі көпшілігі ғылы­ми жобаларға қарағанда, әлеу­мет­тік жобаларға жақын келеді.

Арал теңізінің экологиялық зардаптарына қатысты адам жанын түршіктіретін деректер де кездеседі. «Арал туралы деректер көпшілікке әлі де беймәлім. Мәселен, КСРО кезінде Арал теңізі «Байқоңыр» ғарыш ай­ла­ғына қосымша айлақ болып есептелетін, дейді ресей­лік ғалым Сергей Лисовский Sputnik порталына берген сұх­батында. – Яғни ғарышқа ұшы­рылған ғарыш кемелерінің кап­сулдері Аралдың суына түсе­тін. Дәлірек айтқанда, теңіз «Байқоңыр» ғарыш айлағының қону алаңы болды. Оның КСРО билігі үшін маңыздылығы сонда еді. Екіншіден, Арал теңізінің «Возрождение» деп аталатын аралында бактериологиялық қару жасалғанын бүгінде көпші­лік біле бермейді. У жасал­ған жерде оған қарсы қолданылатын дәрі де болатыны белгілі. Сол сияқты бактериологиялық қару жасаған кезде ол қарудан қор­ғану­дың да барлық жолдары қарастырылды. Кеңестер Одағы тарағаннан кейін улы заттан қорғану амалдары да жойылды. Қазір посткеңестік елдердің бірде-бірі бактериологиялық қарудан қорғана алмайды».

Арал проблемасын зерттеу­шілердің пікірінше, теңіз­дің суы тартылған жерлерінде қазіргі кезде топырақтың қайта түзілу процесі және өсімдіктердің өзді­гімен өсу процесі жүріп жатыр. Бұл таңғаларлық құбы­лыс дейді ғалымдар. Сондай-ақ Арал­дың құрғаған орнына сек­сеуіл және басқа да шөлге тө­зімді ағаштар мен өсімдіктер егіле бастаған. Оның жалпы көлемі 270 мың гектардан асады. Бұл жердің астында әлі де су бар екенін білдіреді. Болашақта Аралдың тағдыры қалай болатынын болжап-білу қиын­дау. Өйткені тылсым таби­ғат­ты адам баласы әлі толық зерт­теп болған жоқ. Ал Аралдың қасі­рет-тағдыры бүгінде АҚШ-тың Юта штатындағы Тұзды көл мен Африка құрлығындағы Чад көлі­нің басына түсіп отыр. Сон­дық­тан зерттеу жұмыстарын тоқтатпаған жөн.

Эколог-ғалымдар Оңтүстік Аралда енді тіршілік ешқашан бол­майды деген қорытынды жа­сап отыр. Ал Солтүстік Арал өзі­нің өміршеңдігімен ерекшелену­де. Себебі онда тұщы су бар, балық та көбейіп келеді. «Қазақ­стан аумағына қарайтын Солтүс­тік Аралда балықтар қоректенетін шаяндардың пайда болғанын естіп, ерекше қуан­дым», дейді ресейлік ғалым Николай Аладин.

Өзіміздің өзендерді Аралға қарай бұрса қайтеді?

Кезінде Арал проблемасымен Орталық Азия елдерінің ға­лым­­дары ғана емес, алыс-жа­қын шет мемлекеттердің де зерт­теуші ғалымдары айналыс­ты. Көптеген ұсыныстар да ай­тыл­ды, бірқатар жобалар да іске асырылды. Солардың нәти­жесінде теңіздің бір бөлігі – Кіші Арал суға толды. Бірақ эко­логиялық қауіп сейілген жоқ. Тіпті өткен ғасыр­дың сек­се­нін­­ші жылдары Сі­бір өзен­де­рін Қазақстанға бұру идеясы көтерілгені де есі­мізде. Ал АҚШ ғалымдары Арал эко­ло­гия­­лық апатын жою үшін 4 миллиард доллар қаржы қажет­тігін айтады.

Арал теңізінің проблемасын шешуге қатысты еңбек арда­гері, ақтөбелік инженер Сәбит Наурызбаевтың ұсынысы көп­шілік назарын аударады деген ойдамыз. Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газетінде (2016 жылғы сәуір) «Аралды құтқаруға бола­ды!..» деген тақырыпта жария­лан­­­ған мақалада автор Арал проб­­лемасын аймақтық су көз­дерін пайдалану арқылы, яғни Ор мен Жайық өзендерінің суын Ырғыз өзеніне қосып ағызу ар­­қы­лы шешуге болатынын ұсы­­­на­ды. Соған байланысты С.Нау­­рыз­­баев нақты дәлелдерді ал­ға тар­та отырып, мысалдар келтіреді.

Автордың атап өтуінше, Ырғыз өзенінің ұзындығы 593 шақырым, салаларын қосқанда 850 шақырым болады, ал су бассейнінің көлемі 32 000 шаршы шақырымды құрайды. Өзен Ресейдің Домбровка елді мекенінің шығысынан бастау алады. «Өзен суы Комсомол, Қарабұтақ ауылдарының жанынан өтіп, Аралтоғай, Ұлғайсын, Құрылыс арқылы Ырғыз селосына жетеді, дейді С.Наурызбаев. – Ырғыздың бастауы Ресейдің Орск (Жаманқала) қаласынан 30 шақырым ғана жерде. Осы жақтағы Жайық, Ор өзендері жазғытұрым тасыған кездерінде Шідер өзені арқылы Комсомол елді мекенінің жанында Ырғыз өзенімен қосылып ағады. Бұл қос өзен – Жайық пен Орды Ырғыз өзеніне қосып ағызуға бо­ла­тынын көрсетеді».

Аталған осы өзендердің ішін­де Ырғыз өзені жаз шыға бірін­ші болып тасиды екен. Тасы­ған Ырғыз суы Телқара сала­­сы арқылы Торғай өзеніне құя­ды. «Бір ай шамасында Тор­­ғай өзенінің өзі тасып, құ­йыл­ған Ырғыз суы тағы да сол Телқара арқылы Ырғыз өзені­не қайта құйылады, дейді С.Наурызбаев. – Бұл жағдай Ырғыз, Торғай суларының көп­ке дейін тұщы күйінде сақталуы­на мүмкіндік жасайтын еді. Өкінішке қарай, ертеректе Ыр­ғыз өзеніне бөгет салынды... Жал­пы, бұрындары Жайық, Ор және Торғай өзендері Ырғыз өзені­не құйып тұрған. Енді сол өзен­дердің барлығының ба­сын қосып, олардың суын Ыр­ғыз өзеніне бағыттаудың аса қажет­тігі туып отыр».

Бір кездері Торғай өзені Құр­дым (Шалқар теңізі) арқылы Арал теңізіне құйғаны жөнінде деректер бар. Сәбит Наурызбаев соны негізге ала отырып, Арал­ды дала өзендерін пайдалану ар­­қылы бастапқы қалпына кел­тіру­­дің жолдарын ұсынады. Оның осы күрделі проблеманы шешуге байланысты бұдан бас­қа да жинақтаған деректері мен ақ­парат-анықтамалары жеткілікті.

***

Өткен ғасырдың тоқ­санын­шы жылдары Арал теңізі жаға­лау­дан 80 шақырымға дейін алыс­­­тап кетті деген сөздер жиі ес­­­т­і­­летін. Ол кезде расында да жағ­дай солай болатын. Кейін­деп Сыр­дария өзенінің арна­сын реттеу және Солтүстік Арал­ды сақтап қалу жобасының жүзе­ге асырылуына байланысты Кіші Арал Арал қаласына 40 ша­қы­рымдай жақындап келді. Оның деңгейі 40-42 метрге дейін көтерілді.

Кезінде ойдағыдай жұмыс істеген Арал теңізін құтқару ха­лық­аралық қорының қызметіне бүг­ін­де Орталық Азияның бес мем­­лекеті де қанағаттанып отыр­­ған жоқ. Ендігі жерде бұл қор­ға өз жұмысын ширата түсу және теңізге қатысты күрделі мәсе­ле­лерге жаңаша келу қажет сияқ­ты. Ол Қазақстан Президенті мен Өзбекстан Президентінің өткен жыл­ғы Астанадағы кездесуін­де де сөз болды. «Біз Арал теңі­зі төңі­регіндегі ахуалды да талқы­лап, кезекті мәрте Арал теңізін құт­қару халықаралық қоры бұл про­блеманы шешетін және біздің ел­дерімізді байланыстыра­тын негіз­гі тұғырнама деген ортақ пікір­ге келдік», деп атап өткен еді сонда Қазақстан басшысы.

Келесі айда Астанада Орта­лық Азиядағы бес мемлекет – Қа­зақ­стан, Өзбекстан, Қыр­ғыз­­стан, Тәжікстан және Түрік­менстан елдері басшыларының саммиті өтеді. Үлкен жиын барысында планетаның жан ауыртар жарасына айналған осы Арал проблемасы да талқылануы мүмкін.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»