– Біз үшін де, жас Қазақстан мемлекеті үшін де ол жылдар санадан өшпестей із қалдырған, еш ұмытылмас тарихи кезеңдер болып саналады. Әлі есімде, шағын ғана офисте менің бір көмекшім және барлығын қосқанда 5-ақ адам отырушы едік, – деген Найджел Рингроуз тәуелсіздік шапағымен нұрланған қазақ халқының қуанышын көре жүріп, бірге қуанып, қуаттай отырып, өздерінің де қажырлы істер атқарғанын айтып берді. – Өйткені біздің БҰҰ талаптарына сәйкес алға қойған мақсатымыз зор болды. Қазақстан Үкіметі бізді жатсынбай, көмек қолын созды. Ең алдымен бізді қолдап Алматыға ЮНИСЕФ ұйымы келді. Содан соң әлемдік банк өз филиалын ашты. Бүгінгі Қазақстан дәл сол бір жылдардағы кездескен алғашқы қиындықтарды мүлдем басынан өткермегендей, тіпті, айналып өткендей көрінеді маған. Бүгін біз осында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір қадамын ерекше атап, жемісті болашақты көздегенінің бірден-бір куәсі болып отырмыз.
Ол кездегі Алматыдағы бірден-бір көрікті ғимарат «Қазақстан» қонақүйі болғаны да ақиқат. Қазақстандағы ең биік мейманханада ашылған БҰҰ офисінің қызметі мен елмен ынтымақтастық жолындағы игілікті ісі сол кезеңнен бастап тоқтаусыз жалғасты. Бүгінгі 25 жылдыққа орай өткен салтанатты жиынның «Қазақстан – БҰҰ: тәжірибе, жетістіктер мен ынтымақтастықтың келешегі» аталуы да сондықтан. Салтанатты жиынға арнайы қатысқан Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Біріккен Ұлттар Ұйымына қосылған кезден бастап Қазақстан ұйымның белсенді мүшесі әрі сенімді серігі болғанын атап өтті.
– БҰҰ органдары мен бағдарламалары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, бұл дәстүрді күні бүгін одан әрі жалғастыруда. Сонымен бірге БҰҰ біздің елімізге бұрынғы Семей ядролық полигонын сауықтыру, Арал теңізін қалпына келтіру секілді маңызды жобалар аясында техникалық және қаржылық көмек көрсетті, – деді министр.
Қазақстанда БҰҰ-ның алғашқы офисі ашылуының 25 жылдығымен құттықтаушылар тәуелсіздік бесігі атанған Алматы қаласының бүгінде айрықша мәртебеге қол жеткізгені туралы айтып өтуді де ұмытпады. Өткен жылы Алматының 1000 жылдығы ЮНЕСКО-ның айтулы оқиғалар күнтізбесіне енді, мегаполис осы ұйымның креативті қалалар жүйесіне қосылды.
Құттықтаушылар лебізін жалғаған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек өз сөзінде ЭЫДҰ стандарттарына сай шаһарда «Алматы-2020» даму бағдарламасының белсенді түрде қолға алынғанын, сонымен қатар батыстық стандарт бойынша ашық, жайлы әрі қолайлы кеңістік қалыптастыру барысында жүйелі оң өзгерістердің жүріп жатқанын атап өтті.
– Бизнесті жеңіл жүргізу мен инвестиция тарту үшін қаламызда барлық жағдайлар жасалуда. БҰҰ-ның даму бағдарламасымен бірге «Тұрақты көлік» жобасы Алматыда ойдағыдай жүзеге асуда, бүгінгі Алматыда еліміздегі біріккен кәсіпорындардың 40 пайызы жұмыс істейді және халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың 60-тан астам офисі ашылған. Ұйымның Қазақстандағы қызметінің 25 жылдығы барысында БҰҰ-ның өңірлік хабын күзде ашудың жоспарлануы Қазақстанмен серіктестіктің жаңа тарихи жеңісі болатындығы сөзсіз, – деді қала әкімі.
Айтулы шараға Қазақстан БҰҰ жанындағы алғашқы тұрақты өкілі, бұрынғы Қазақстан Сыртқы істер министрі, арнайы мақсаттағы елші, профессор Ақмарал Арыстанбекова қатысып сөз сөйледі. «Қазақстан БҰҰ-мен ынтымақтастықта жоғары деңгейге қол жеткізді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың антитеррорлық коалиция құру бастамасы әлем үшін өте маңызды, өйткені Қазақстанда терроризмге орын жоқ. Қазақстанның қарусыздану және ядролық қаруды таратпау жөніндегі әлемдегі рөлі өте жоғары. Бейбітшілікті қалайтын барлық әлем жұртшылығы үшін маңыздысы – Қазақстанның осынау бейбіт қадамы», деді Ақмарал Арыстанбекова.
Салтанатты жиынға БҰҰ-ның Орталық Азия бойынша бас хатшысының арнайы өкілі Наталья Герман, БҰҰ-ның үйлестіруші-резиденті Норимаса Шимомура, БҰҰ-ның өкілдері, Алматыдағы ҚХР, АҚШ, Ресей және Франция елдерінің консулдары, қоғамдық ұйымдардың белсенділері, студенттер қатысты.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ