Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 4-мұнай зауытының құрылысына қатысты нақты шешім 2018 жылдың екінші жартысында қабылданады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 4 мұнай өңдеу зауытының құрылысына қатысты мәселе пысықталып жатыр. Жүргізілген сараптама тұтынудың болжамды өсімін ескергенде автомобиль бензиніне тапшылық 2021-2023 жылдары аралығында, дизель отынына 2023 жылы және авиакеросинге 2026 жылдан кейін қалыптасатындығын көрсетіп отыр», - деді Қанат Бозымбаев. Оның айтуынша, Энергетика министрлігінің басшылығымен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2018 жылдың екінші жартыжылдығында 4-ші мұнай өңдеу зауытының алдын ала техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлейтін болады.
«Еінші жартыжылдықта құрылыстың жүргізілу мүмкіндігі, орналасатын орны және зауыттың қуаты туралы нақты шешім қабылданады», - деді министр. Сонымен қатар Қанат Бозымбаев 2018 жылдың екінші жартыжылдығында жанар-жағармай өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндік туатынын айтты.
«2017 жылдың басты оқиғасы Павлодар мен Атырау мұнай өңдеу зауыттарын реконструкциялау және жаңғырту жобаларының аяқталуы болды. 2018 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуды аяқтау жоспарланған. 2018 жылы мұнай өңдеу көлемі 1,1 млн тоннаға артып, 16 млн тоннаны құрайтын болады», - деді министр. Оның айтуынша, еліміздің жаңғыртылған барлық мұнай өңдеу зауыттары жобалық қуатына шыққаннан кейін 2018 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап ішкі нарық мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіледі. Бензинге, дизель отынына және авиакеросинге тәуелділік жойылады. Терең қайта өңдеу көлемі 63-тен 83 пайызға дейін артады. К4 және К5 экологиядық санатындағы өнімдер шығарылады және жанар-жағармайды экспортқа шығару мүмкіндігі туады.
«Ішкі нарықта отандық жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бензин бойынша 90, дизель отыны бойынша 90 және авиакеросин бойынша 70 пайызды құрайтын болады», - деді ол.
Сондай-ақ Қанат Бозымбаев Қазақстан бензин бағасы арзан елдердің рейтингінде 15-ші орында тұрғанын айтып өтті.
«Global petroleum prices» халықаралық агенттігі әлемдегі жанар-жағармай бағасы ең арзан елдердің рейтингісін жасайды. Аталған рейтингті жасау үшін жоғары октанды бензин мен дизель отынның бағасын пайдаланады. Аталған рейтингте 167 елдің деректері қолданылады. 2018 жылы 19 ақпанда жарияланған рейтингте бірқатар мемлекет арасында ең арзан бенизин бойынша Қазақстан 15-ші орында тұр», - деді министр. Оның дерегінше, елімізде 1 литр бензиннің бағасы 56 центті құраса, әлемде 1 литр бензиннің орташа бағасы - 1 доллар 15 цент. Ең арзан бензин Венесуэлада, 1 литрі 10 центке тең. Ал ең қымбат бензин 2 доллар 10 цент көлемінде Исландияда тіркелген.
«Аталған рейтингте Қазақстан дизель отынының бағасы бойынша 14-ші орында тұр. Біздегі дизель отынның бағасы - 50 цент. Әлемдегі дизельдік отынның орташа бағасы - 1 доллар 04 цент. ТМД елдері бойынша салыстырар болсақ, онда бізге қарағанда ең арзан бензин Түрікменстанда 0,43 центті құрайды. Дизель отыны да Түрікменстанда және Әзербайжанда бізден арзан», - деді Қанат Бозымбаев. Оның айтуынша, 2018 жылғы мұнай өндіру жоспары 87 млн тоннаны құрайды.
«2017 жылы 86,2 млн тонна мұнай өндіріліп, 2016 жылғы деңгейден 105 пайызға өсім көрсетті. Өндірудің ең жоғары көлемі Атырау мен Маңғыстау облыстарымен қамтамасыз етілді. 2018 жылғы мұнай өндіру жоспары 87 млн тоннаны құрайды», - деді министр. Оның атап өтуінше, 2017 жылы мұнай өндіру көлемінің өсіміне Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарындағы тұрақты еселенумен байланысты. 2018 жылы да Қашаған есебінен негізгі өсім болады деп күтілуде.
«Қашағаннан мұнай өндіру жоспары 11 млн тоннаны құрайды. Бұл ретте Қызылорда мен Ақтөбе облыстарындағы кен орындарда өндіру көлемінің төмендейтіндігі күтілуде. Бұл аталған кен орындарының табиғи тозуымен әзірлемелер кезеңінің кеш басталуымен байланысты», - деп түсіндірді ол. Министр дерегінше, 2017 жылы 69,8 млн тонна мұнай экспортқа шығарылды.
«2016 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 45, 2017 жылы шамамен 54 долларды құрады. 2018 жылғы болжам барреліне шамамен 55-60 доллар болады деп күтілуде. 2017 жылдың 30 қарашасында ОПЕК+ қатысушыларының кеңесінде 2018 жылдың соңына дейін мұнай өндіруге қойылған шектеуді созуға уағдаласты», - деді Қанат Бозымбаев.