Мақалада ең алғашқы өзара келісімшартта нақты көрсетілгеніне қарамастан белгілі бір уақыт ішінде банк бастапқыдағы 11 пайыздық сыйақы мөлшерін ешбір сұраусыз бірден 18 пайызға көтеріп жөнсіз әрекетке барғаны айтылады. Бұл арада ресейлік банк қазақстандық компанияны күштеп болса да өз иелігіне алуды мақсат етіп отырғанын жасырмайды да. Іс сотқа түскен. Істің ресейліктердің мүддесін қорғау жағына бұрылып бара жатқанын байқаған өндірістегі барлығы 9000 жұмысшы шын мәнінде осы мерзімде әрі-сәрі күй кешуге мәжбүр еді.
Сол тұста «Имсталькон» АҚ бас директоры Михаил Резунов: «Біз өзіміздің қазақстандық қуатты кәсіпорнымызды, тәуелсіздігіміздің құрдасы – ұлттық төл компаниямыздың ғұмырын абыроймен сақтап қалуға бар күшімізді саламыз. Банк бізге ең болмаса үстеме несиені қайтару мезгілін шартта көрсетілген 2019 жылға дейін создырып берсе де жеткілікті. Ресейліктерге алған несиені толығымен қайтаруға шамамыз жетеді. Олардың заңды белінен басып үстеме пайызды жоғарылатуы ешқандай ақылға сыймайды», деп қалыптасқан ахуалға орай жазған хатында редакция тарапынан қазақстандық құзырлы органдарды құлағдар етіп, олардан тез арада арашаға түсуін өтінген.
Арада тартысты 1 жыл 6 ай уақыт өтіпті. Осы мерзім ішінде «Имсталькон» АҚ үстінен тапсырылған шағымға орай Алматы қалалық соты мен Алматы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты, сондай ақ, Жоғарғы сот барлығы 9 рет іс қарапты. Қорытындысында барлық соттың шешімі бір – осы іске байланысты банк тарапынан уақытша құрылған сауықтыру басқармасының «өндіріс орны банкрот болуға тиіс» деген шешімі негізсіз деп табылды. Осыған орай «Имсталькон» АҚ бастапқы жұмыс ырғағына қайта оралып, қазіргі таңда болашақта атқаратын жұмыс ауқымын анықтап алу шараларымен айналысуда. Сот шешімінен соң «Имсталькон» компаниясы уақытты кешеуілдетпей Қазақстан Республикасының Үкіметіне өндірістік маңыздағы өтініш тапсырды. Онда былай деп көрсетілген: «Имсталькон» АҚ алдағы екі жыл ішінде Үкіметтен жеңілдікпен демалыс сұрап, сол арқылы депозит шот есебін ашып, әрбір жинақ кассасынан түскен қаражат мөлшерін дер кезінде Үкімет иелігіне жіберіп отырады. Жиналған қаражат бірнеше банкке шашылмай, бір орталыққа – Үкімет белгілеген бір банкке аударылады».
Қазіргі таңда акционерлік қоғамның Үкімет алдында барлық салық түрінен ешқандай да қарызы жоқ. Сондай-ақ компания тұрақты кепілдеме ретінде өзінің 50 пайыз акциясын Үкіметке беруге әзір. Осыған орай «Имсталькон» «Бәйтерек» қорында алғашқы тұсаукесерін өткізді. Акционерлік қоғамның бұл қадамдары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру талаптарына толықтай жауап береді. Жалпы, ұлттық жоспар аясындағы атқарылып жатқан шараларға Үкіметтің дер кезінде қолдау көрсетуі бұл іске оң әсерін тигізгені анық.
Қалыптасқан соңғы ахуалға сай «Имсталькон» кәсіпорнын ретсіз қыспаққа алған ресейлік «Сбербанк» пен «Альфабанк» қазақстандық өндіріс орнына 40-50 пайызға дейін төмендету дисконтын беруге дайын екендіктерін білдірді. Қазақстандық «Имсталькон» акционерлік қоғамының айналасында 2015 жылдың 15 қазанынан басталған дүрбелең осымен толық аяқталды деуге толық негіз бар. Осыған орай «Имсталькон» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Халел Төреғалиев бүгінгі өндірістік ахуалға былайша тұжырым жасады:
– Ең алдымен отандық өндіріс орнының басына іс түсіп, жағдай ушыққан тұста араша болып, компанияның тығырыққа тірелу себептерін мейлінше айғақтап, істің ақиқатын ашып жазғаны үшін «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына алғыс айтамыз. Басылымдағы өткір мақаладан соң еліміздің Үкіметі, Үкімет басында отырған бірқатар лауазымды азаматтар бұл мәселені бірден назарына алды. Сот ісінің әділ шешімін табарына бәріміз де сендік. Сот әділ шешімін шығарды да. Қазіргі таңда Үкімет сеніміне ие болған отандық өндіріс орны ең алдымен алдағы уақытта атқаратын жұмыс ауқымын жоспарлап алды. Оның бір мысалы, Қазақстан аумағында қоныс тепкен америкалық «Шеврон» және халықаралық «Еурохим» компанияларымен ұзақ мерзімге келісімшартқа отырды. Ендігі істелетін жұмыс бір ғана бағытта жүреді, яғни компания басына қиын іс түскенде дер кезінде көмек қолын созған Қазақстан Үкіметіне тиесілі қарыз-қаражатты белгіленген мерзімде қайтарады, қазір оның мерзімі анықталу сатысында. Ұжымдық құрылымның ішкі бөлімшелерінде біршама айықтыру-сауықтыру, өндірістік тәртіпті жаңаша қалыптастыру секілді нақты шаралар мұқият жүргізілуде. Тұрақты еңбек ахуалының орныққанын сезінген еңбек ұжымы жаңаша талпыныспен жұмыс істеуде.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ