Қазақстан • 26 Ақпан, 2018

Суға шөлдеген қалалар

3399 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әлемдегі ең алып континет – Еуразия кеңістігінің қақ ортасында, мұхиттардан жырақ орналасқандықтан біздің даламызда су тапшылығы әлімсақтан бар және бұл проблема тарихтың қай кезеңінде болмасын біздің халқымыздың тағдырына орасан зор ықпалын тиігізіп келеді. Тіпті ата-баба дәстүріміздің, көшпелі өмір салтымыздың қалыптасуына, тіршіліктің басты көзі ретінде мал шаруашылығының таңдап алынуына осы проблеманың төтенше әсері тиген. Ұшқан құстың қанаты талатын ең алып өңірлерге Сарыарқа, Бетпақдала, Мойынқұм секілді атаулар берілуінің өзі осы проблеманың біздің халқы­мыз­дың тарихымен қабаттаса өріліп келе жатқандығын көрсетеді. 

Суға шөлдеген қалалар

Дегенмен ғасырлар көшінде даланың шөлдегенін талай бас­тан кешірген біздің халық осы уақытқа дейін қаланың шөл­дегендігін көрмеген еді. Адамзат өркениетінің жетістіктері нәти­жесінде инженерлік желілер арқылы салынған қалалар су тап­­­шылығынан тыс тұратындай се­зілуші еді. Сөйтсек қалалар да шөлдейді екен.

Оңтүстік Африка Респуб­ликасының Кейптаун қаласы әлем­дегі ірі қалалардың арасында бі­рін­ші болып сусыз қалған шаһар атанып отыр. Бұл қаланың өзінде 400 мың адам, ал маңайындағы агломерация­ларымен қоса алғанда 3 миллион адам мекен етеді. Жеке қала үшін проблеманың ауқы­мын осыдан-ақ түсінуге бола­ды. Кейптаун – аталған елдің астанасы Йоханнесбургтен кейін­гі екінші үлкен қала. Мұн­да елдің парламенті мен көп­теген үкі­меттік меке­мелер шоғыр­ланған. Соны­мен қатар ол әлем­дегі ең көрікті қала­лардың бірі­нен саналады.

Елдегі үш жылға созылған құр­ғақ­шылық пен қала халқы саны­ның шамадан тыс өсуі салдарынан орын алған төтенше жағдайға орай қала билігі тұр­ғын­­дардың су пайдалану норма­сын күрт шектеді. Соған сәйкес күніне әр тұрғын үшін 50 литрден аспауы тиіс. Бұдан артқан жағдайда үлкен сомада ақшалай айып салынатын болады.

50 литр – бұл былай қарағанда, едәуір су секілді көрінетіндігі анық. Бірақ мұның қаншалықты қиын жағдай екендігіне салыс­тырғанда ғана көз жеткізуге б­о­лады. Мәсе­лен, АҚШ-та бір адам күніне 300 литрге дейін су пай­далана алады. Үнемшіл Еуро­пада бұл норма – күніне 150 литр. Астанада 1 адамға күніне 30 ше­лек деп есептелінген болатын. Яғ­ни бізде де 300 литр шамасында.

Қала тұрғындары үшін судың пайдалану нормасын белгілеген кезде оның гигиеналық жағдайы, басқа да қажеттіліктері толық есептеледі. Мәселен, унитаздың бөш­кесін бір бассаңыз, 10-15 литр су аға жөнеледі. Душтың ас­­­тына 1 минут қана тұрған жағ­дайдың өзінде тағы осынша су кетеді. Ал сіз кемінде 10-15 минут тұрасыз. Сонда қаншама судың кетіп қалғанын аңғара бер­мейсіз. Егер ваннаға су толтыратын болсаңыз, өзіңіздің бір күн­дік нормаңызды толық жұмсап қой­дым деп есептей беріңіз. Өйткені ваннаға түскеннен кейін таза сумен шайынатыныңыз тағы анық.

Мұның сыртында, автомат маши­намен кір жууға, ыдыс-аяқ жууға кететін суды есепке алы­ңыз. Ал қаладағы машиналарды жуып тұру үшін күніне қанша су жұмсалады екен?! Оны, шамасы, ағып жатқан өзен ретінде қабылдауға болар.

Қалыптасқан проблема мен шектеуге байланысты қазір Кейп­таунда пайдаланылған суды қай­талап пайдалану тәжірибесі етек алуда. Адамдар ваннаға түсуден бас тартуда. Суды үнемдеу үшін шелекпен жуынуға көшті. Өйт­кені жуынған суын енді унитаз бөшкесіне құяды. Сөйтіп «Судың сарысын қалдырып, қоңырын ғана ағызыңыз» деген қағидат етек алып тұр.

Газон суару, машина жуу, кір мен ыдыс-аяқты автомат­пен жуу секілді шаралар енді мұндағы байлардың ғана қолы­нан келе­тін іс болып қалды. Судың жинақ­талған қоры, күннен-күнге азайып барады. Су сақтайтын нысандар қазір автомат асынған әскермен, арнайы жасақтармен күзетілуде. Егер қалаға су жеткізу мәселесі шешілмейтін болса, сәуір айында тұрғындар үшін су бе­ру тоқтатылады. Ол тек ауруха­на секілді ерекше маңызды нысан­дарға ғана бөлінбек.

Қазір қала тұрғындары жаң­быр суларын жинау ісімен шұ­ғыл­дануда. Жаңбыр сулары қа­ра­пайым халық үшін өздерін сумен қамтудың тиімді жолына айналған. Бірақ өкінішке қарай, құрғақшылықтың орны­ғуына байланысты ол да жиі бола бермейді. «Егер жағдай оңалмайтын болса, бізге ыдыс-аяқ жуудан бас тартып, тек бір реттік ыдыстарды ғана пайда­лануға тура келеді», дейді қала тұрғындарының бірі.

Су жөніндегі сарапшылар Кейптаун оқиғасын осыған дейін де талай айтылып келе жатқан қалалардағы су тапшылығы проб­лемасының алғаш рет жа­рыққа шығып, айқын көрініс берген тұсы ретінде бағалауда. Мұндай жағдай көп кешікпей басқа қалаларда да орын ала бас­тауы әбден мүмкін екен. Өйткені соңғы деректерге қарағанда әлем­де миллиардтан астам адам­ның тұщы суға қолы еркін жете алмай отыр. 2,7 миллиард адам жоқ дегенде бір жылда айына бір рет су тапшылығын сезінеді.

2014 жылы жарияланған 500 қаланы зерттеу нәтижелері осы қалалардың әрбір төртіншісі су тап­шылығының алдында тұрған­дығын анықтады. Біріккен Ұлттар Ұйымының айқындауы бойынша, егер жинақталған судың жылдық қоры 1 адамға шақ­­қанда 1700 текше метр­ден төмен болса, ол қалада су тап­шылығы проблемасының туындау қаупі бар деп есептеледі.

Оның үстіне БҰҰ мақұлдаған сарапшылар болжамы 2030 жылға таман тұщы суға деген жаһандық сұраным ұсыныстан 40 пайызға артып түсетіндігін көрсетіп отыр. Бұл жағдай климаттың өзгеруі, адам қызметі, халық санының өсуі секілді бірқатар факторлардың есебінен орын алатын болады. Демек жаһандық деңгейде қарастыратын болсақ, қазіргі Кейптаун проблемасы – бұл әзірге айсбергтің біздің көзімізге алғаш көрінген ұшы ғана. Небір күрделі де күрмеулі жағдай алдымызда тұр. Оны күтілмеген кездейсоқтыққа ба­лауға әсте болмайды.

Сарапшылар алдағы уақытта Кейптаунның кейпін киюі мүм­кін 11 қаланы атап көрсетті. Олар: Бразилияның Сан-Пау­лу, Үндістанның Бангалор, Қытай­дың Бейжің, Египеттің Каир, Индонезияның Джакарта, Ресей­дің Мәскеу, Түркияның Ыстан­бұл, Мексиканың Мехико, Ұлы­бри­танияның Лондон, Жапо­ния­ның Токио, АҚШ-тағы Флорида шта­тының Майами қалалары.

Әрине, әзірге бұл тізімге су тапшылығының проблемасы өз үкіметтері мен БҰҰ сарапшылары тарапынан әбден зерттелген дамыған немесе ірі елдердің қала­лары ғана енгізілгендігі тү­сінікті. Ал шынтуайтына келсек, су тапшылығы проблемалары бұлардан да асқынған қалалар әлемде аз емес секілді. Міне, осы жайды Қазақстан Үкіметінің назарына салғанды жөн көріп отырмыз. Біздің елімізде қалалардағы су тапшылығының проблемалары қаншалықты зерттелген? Қалалардың даму жоспарларын бекіткен кезде осы мәселе қан­ша­лықты ескеріледі? Міне, осы сұрақтардың жауабын іздеген жөн секілді.

Тәуелсіз Қазақстанымызда су тапшылығы проблемасы бар екендігін бізде халықты ауыз сумен қамтудың мемлекеттік бағ­дар­ламаның қабылданып, оны игеруге триллион теңге қара­жат бөлінуінен-ақ аңғаруға болады. Міне, осындай істің нәтижесінде әлемде асқына бастаған жоға­рыдағыдай проблема әзірге біз­дің қабырғамызға дұрыстап бата қойған жоқ. Бірақ орын алып отыр­ған Кейптаун проб­лемасы же­рінің көбін шөлді және шөлейт ай­мақтар құрайтын Қазақстан үшін мықты ескерту екендігі анық.

Алысқа бармай-ақ Астананың өзін алып қарайық. Ол ылғал­дылығы жөнінен тәуекелді аймақ саналатын Сарыарқа төсінде орналасқан. Астананы ауызсумен қамтитын қаладан 51 ша­қырым оң­түстік-ба­тыста орналасқан Астаналық (Вячес­лав) су қоймасы екендігі бел­гілі. 2002-2003 жылдары бұл су қоймасына Ертіс-Қарағанды каналынан су жеткізу мәселесінің шешілуі Астананы сумен қамтуға жағымды ықпал етті. Оның үс­тіне соңғы жылдары өңірге қар мен жауын-шашынның көп түсуі де жағдайды жақсарта түсті. Өкінішке қарай көктемде қардың еруінен туындайтын үлкен су көзі елді мекендерді ба­сып қалып, халықты әуре-сар­саңға салып, босқа ағып кетіп жатыр. Ал Ас­тана халқының саны жылдан-жылға қарқынды өсуде. Демек алдағы уақытта көбейген халықты сумен қамту мәселесін сенімді түрде шешіп, жазда суға шомы­лып, күнге қыздырынатын дема­лысын ұйымдастыру үшін қала маңайынан көлшіктер мен бөгендер, шағын су қоймаларын салудың маңызы зор. Мұндай орындар әзірге Астана маңайында өте тапшы.

Алдағы уақытта Астана хал­қының саны еселеп өсетіндігі белгілі болуда. Өйткені оның тар­тым­дылығы жылдан жылға ар­тып келеді. Міне, осындай жағдайда қалың нөпір халықты құрғақшылық өңірде орналасқан қалада сумен қамту мүмкін бе? Мәселен, БҰҰ сарапшыларының белгілеген нормасы бойынша қалаға 1 адам қосылса, ондағы судың жылдық қоры 1700 текше метрге артуы тиіс. Сонда енді бір 500 мың адам қосылса, не болады? Бұл қазірден бастап ойланатын мәселе.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»