Дегенмен ғасырлар көшінде даланың шөлдегенін талай бастан кешірген біздің халық осы уақытқа дейін қаланың шөлдегендігін көрмеген еді. Адамзат өркениетінің жетістіктері нәтижесінде инженерлік желілер арқылы салынған қалалар су тапшылығынан тыс тұратындай сезілуші еді. Сөйтсек қалалар да шөлдейді екен.
Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласы әлемдегі ірі қалалардың арасында бірінші болып сусыз қалған шаһар атанып отыр. Бұл қаланың өзінде 400 мың адам, ал маңайындағы агломерацияларымен қоса алғанда 3 миллион адам мекен етеді. Жеке қала үшін проблеманың ауқымын осыдан-ақ түсінуге болады. Кейптаун – аталған елдің астанасы Йоханнесбургтен кейінгі екінші үлкен қала. Мұнда елдің парламенті мен көптеген үкіметтік мекемелер шоғырланған. Сонымен қатар ол әлемдегі ең көрікті қалалардың бірінен саналады.
Елдегі үш жылға созылған құрғақшылық пен қала халқы санының шамадан тыс өсуі салдарынан орын алған төтенше жағдайға орай қала билігі тұрғындардың су пайдалану нормасын күрт шектеді. Соған сәйкес күніне әр тұрғын үшін 50 литрден аспауы тиіс. Бұдан артқан жағдайда үлкен сомада ақшалай айып салынатын болады.
50 литр – бұл былай қарағанда, едәуір су секілді көрінетіндігі анық. Бірақ мұның қаншалықты қиын жағдай екендігіне салыстырғанда ғана көз жеткізуге болады. Мәселен, АҚШ-та бір адам күніне 300 литрге дейін су пайдалана алады. Үнемшіл Еуропада бұл норма – күніне 150 литр. Астанада 1 адамға күніне 30 шелек деп есептелінген болатын. Яғни бізде де 300 литр шамасында.
Қала тұрғындары үшін судың пайдалану нормасын белгілеген кезде оның гигиеналық жағдайы, басқа да қажеттіліктері толық есептеледі. Мәселен, унитаздың бөшкесін бір бассаңыз, 10-15 литр су аға жөнеледі. Душтың астына 1 минут қана тұрған жағдайдың өзінде тағы осынша су кетеді. Ал сіз кемінде 10-15 минут тұрасыз. Сонда қаншама судың кетіп қалғанын аңғара бермейсіз. Егер ваннаға су толтыратын болсаңыз, өзіңіздің бір күндік нормаңызды толық жұмсап қойдым деп есептей беріңіз. Өйткені ваннаға түскеннен кейін таза сумен шайынатыныңыз тағы анық.
Мұның сыртында, автомат машинамен кір жууға, ыдыс-аяқ жууға кететін суды есепке алыңыз. Ал қаладағы машиналарды жуып тұру үшін күніне қанша су жұмсалады екен?! Оны, шамасы, ағып жатқан өзен ретінде қабылдауға болар.
Қалыптасқан проблема мен шектеуге байланысты қазір Кейптаунда пайдаланылған суды қайталап пайдалану тәжірибесі етек алуда. Адамдар ваннаға түсуден бас тартуда. Суды үнемдеу үшін шелекпен жуынуға көшті. Өйткені жуынған суын енді унитаз бөшкесіне құяды. Сөйтіп «Судың сарысын қалдырып, қоңырын ғана ағызыңыз» деген қағидат етек алып тұр.
Газон суару, машина жуу, кір мен ыдыс-аяқты автоматпен жуу секілді шаралар енді мұндағы байлардың ғана қолынан келетін іс болып қалды. Судың жинақталған қоры, күннен-күнге азайып барады. Су сақтайтын нысандар қазір автомат асынған әскермен, арнайы жасақтармен күзетілуде. Егер қалаға су жеткізу мәселесі шешілмейтін болса, сәуір айында тұрғындар үшін су беру тоқтатылады. Ол тек аурухана секілді ерекше маңызды нысандарға ғана бөлінбек.
Қазір қала тұрғындары жаңбыр суларын жинау ісімен шұғылдануда. Жаңбыр сулары қарапайым халық үшін өздерін сумен қамтудың тиімді жолына айналған. Бірақ өкінішке қарай, құрғақшылықтың орнығуына байланысты ол да жиі бола бермейді. «Егер жағдай оңалмайтын болса, бізге ыдыс-аяқ жуудан бас тартып, тек бір реттік ыдыстарды ғана пайдалануға тура келеді», дейді қала тұрғындарының бірі.
Су жөніндегі сарапшылар Кейптаун оқиғасын осыған дейін де талай айтылып келе жатқан қалалардағы су тапшылығы проблемасының алғаш рет жарыққа шығып, айқын көрініс берген тұсы ретінде бағалауда. Мұндай жағдай көп кешікпей басқа қалаларда да орын ала бастауы әбден мүмкін екен. Өйткені соңғы деректерге қарағанда әлемде миллиардтан астам адамның тұщы суға қолы еркін жете алмай отыр. 2,7 миллиард адам жоқ дегенде бір жылда айына бір рет су тапшылығын сезінеді.
2014 жылы жарияланған 500 қаланы зерттеу нәтижелері осы қалалардың әрбір төртіншісі су тапшылығының алдында тұрғандығын анықтады. Біріккен Ұлттар Ұйымының айқындауы бойынша, егер жинақталған судың жылдық қоры 1 адамға шаққанда 1700 текше метрден төмен болса, ол қалада су тапшылығы проблемасының туындау қаупі бар деп есептеледі.
Оның үстіне БҰҰ мақұлдаған сарапшылар болжамы 2030 жылға таман тұщы суға деген жаһандық сұраным ұсыныстан 40 пайызға артып түсетіндігін көрсетіп отыр. Бұл жағдай климаттың өзгеруі, адам қызметі, халық санының өсуі секілді бірқатар факторлардың есебінен орын алатын болады. Демек жаһандық деңгейде қарастыратын болсақ, қазіргі Кейптаун проблемасы – бұл әзірге айсбергтің біздің көзімізге алғаш көрінген ұшы ғана. Небір күрделі де күрмеулі жағдай алдымызда тұр. Оны күтілмеген кездейсоқтыққа балауға әсте болмайды.
Сарапшылар алдағы уақытта Кейптаунның кейпін киюі мүмкін 11 қаланы атап көрсетті. Олар: Бразилияның Сан-Паулу, Үндістанның Бангалор, Қытайдың Бейжің, Египеттің Каир, Индонезияның Джакарта, Ресейдің Мәскеу, Түркияның Ыстанбұл, Мексиканың Мехико, Ұлыбританияның Лондон, Жапонияның Токио, АҚШ-тағы Флорида штатының Майами қалалары.
Әрине, әзірге бұл тізімге су тапшылығының проблемасы өз үкіметтері мен БҰҰ сарапшылары тарапынан әбден зерттелген дамыған немесе ірі елдердің қалалары ғана енгізілгендігі түсінікті. Ал шынтуайтына келсек, су тапшылығы проблемалары бұлардан да асқынған қалалар әлемде аз емес секілді. Міне, осы жайды Қазақстан Үкіметінің назарына салғанды жөн көріп отырмыз. Біздің елімізде қалалардағы су тапшылығының проблемалары қаншалықты зерттелген? Қалалардың даму жоспарларын бекіткен кезде осы мәселе қаншалықты ескеріледі? Міне, осы сұрақтардың жауабын іздеген жөн секілді.
Тәуелсіз Қазақстанымызда су тапшылығы проблемасы бар екендігін бізде халықты ауыз сумен қамтудың мемлекеттік бағдарламаның қабылданып, оны игеруге триллион теңге қаражат бөлінуінен-ақ аңғаруға болады. Міне, осындай істің нәтижесінде әлемде асқына бастаған жоғарыдағыдай проблема әзірге біздің қабырғамызға дұрыстап бата қойған жоқ. Бірақ орын алып отырған Кейптаун проблемасы жерінің көбін шөлді және шөлейт аймақтар құрайтын Қазақстан үшін мықты ескерту екендігі анық.
Алысқа бармай-ақ Астананың өзін алып қарайық. Ол ылғалдылығы жөнінен тәуекелді аймақ саналатын Сарыарқа төсінде орналасқан. Астананы ауызсумен қамтитын қаладан 51 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан Астаналық (Вячеслав) су қоймасы екендігі белгілі. 2002-2003 жылдары бұл су қоймасына Ертіс-Қарағанды каналынан су жеткізу мәселесінің шешілуі Астананы сумен қамтуға жағымды ықпал етті. Оның үстіне соңғы жылдары өңірге қар мен жауын-шашынның көп түсуі де жағдайды жақсарта түсті. Өкінішке қарай көктемде қардың еруінен туындайтын үлкен су көзі елді мекендерді басып қалып, халықты әуре-сарсаңға салып, босқа ағып кетіп жатыр. Ал Астана халқының саны жылдан-жылға қарқынды өсуде. Демек алдағы уақытта көбейген халықты сумен қамту мәселесін сенімді түрде шешіп, жазда суға шомылып, күнге қыздырынатын демалысын ұйымдастыру үшін қала маңайынан көлшіктер мен бөгендер, шағын су қоймаларын салудың маңызы зор. Мұндай орындар әзірге Астана маңайында өте тапшы.
Алдағы уақытта Астана халқының саны еселеп өсетіндігі белгілі болуда. Өйткені оның тартымдылығы жылдан жылға артып келеді. Міне, осындай жағдайда қалың нөпір халықты құрғақшылық өңірде орналасқан қалада сумен қамту мүмкін бе? Мәселен, БҰҰ сарапшыларының белгілеген нормасы бойынша қалаға 1 адам қосылса, ондағы судың жылдық қоры 1700 текше метрге артуы тиіс. Сонда енді бір 500 мың адам қосылса, не болады? Бұл қазірден бастап ойланатын мәселе.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»