Қазақстан • 27 Ақпан, 2018

Алғыс айту күні. Ол қандай мереке?

10475 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сұрақты біз қойып отырған жоқ­пыз, бір интернет қолданушы­сы өз постында осылай жазыпты. «Білмегенге айтпасаң – білгендігің қайсы?» деген халық даналығына сүйеніп, қал-қадерімізше жауап бергіміз келді.

Алғыс айту күні. Ол қандай мереке?

2015 жыл күнтізбемізге тағы бір мерекенің – Алғыс айту күні мере­кесінің қосылуымен ел есінде қалғаны анық.

Мереке туралы хабарды естіген­де әркімнің әртүрлі күй кешкенін бай­қағанымыз бар. Зұлмат жылдардың зардабын шеккен көнекөз қарияның жүзі жадырай елең ете қалып, іле ауыр күрсініп, тұңғиық ойға батқанын көрдік. «Жөн екен» деді бар болғаны. Ашылып ештеңе айта қоймады – бәлкім сол жылдардан бойына сіңген әдеті болар.

Аға ұрпақтың ол заман туралы сараң әңгімесіне құлақ түре жүріп, кеңес дәуірінің оқулықтарындағы ел тарихы туралы ақпаратты өз ізденістерімен толықтырып өскен аза­мат­тардың көңіл түкпірінде жүр­ген бір арманы орындалғандай, көздерінде жігер оты ойнап, айналасына еңсесін тіктей қараған бейне­лері де көз алдымызда. Зиялы қауым Елбасы Жарлығын қуана қолдады. Өйткені ойлы, саналы азамат үшін бұл қажеттігі ешқандай дәлелдеуді талап етпейтін, барша қазақстандықтарға түсінікті мереке еді.

Елімізді мекендеген этнос өкіл­дері, кешегі қуғын-сүргінді бастан кешкендердің ұрпақтары, әсіресе қазақ жеріне бала да болса, ес біліп, етек жапқан жаста келгендер, баста­маға бірауыздан қолдау білдіріп, өз пікір­лерін бұқаралық ақпарат құрал­дарында жариялап жатты.

Әсіресе сол жылы барлық телеарналар жарыса көрсеткен «Ризамын, елім, саған!» атты бейнероликте күрд халқының ақсақалы, академик Нәдір Нәдіровтің, ингуш халқының бетке ұстар азаматы, Мәжіліс депутаты Мұрад Ахмедовтің балқар хал­қы­ның қайраткер қызы Людмила Хочиеваның, түрік ағайындардан шыққан белсенді кәсіпкер Аскер Пириевтің, грек халқының өнерпаз өкілі Лаки Кесоглудың:

Қамқалы тонын кигізіп,
Ас-суын алдан тосқаны үшін.
Тіліміз бен ділімізді сақтап,
Қатарға қосқаны үшін,
Ризамыз қазақ халқына! – деген сөздері тыңдаған адамды бейжай қалдырмайтын, жүректен шығып, жүрекке жететін сөздер еді.

Ғалымдар «Алғыс айту» күнін тарих ақтаңдақтарын ашу үшін аса қажет шара деп, ал ұстаздар қауымы жастардың бойына адамгершілік, қайырымдылық, туған жерді сүю, еліңнің ізгі қасиеттерін біліп, бағалау қасиеттерін сіңіретін мереке деп бағалады.

Дегенмен мереке мәнін түсінбеген, оның пайда болуына іші тарыла пікір айтқандар да бар.

Жалпы, іштарлықтарын жасыра алмай даурығатын, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» адамдар қай кезде де, қандай қоғамда да болған. Ондайларға байланысты да қазекем «ит үреді, керуен көшеді» деп кеңдік танытқан. Дегенмен тап осы жолы кеңдік танытудың жөні жоқ деген ойдамын.

Керісінше, қоғамда, әсіресе жас­тар арасында, оның ішінде ата-әже­лері тоталитарлық саясаттың шы­бырт­қысы тарының қауызына тық­қандай күй кештіргенде кең құшағына алған жер туралы, өздері аш-жалаңаш отырса да, жер иесі екендігін ұмытпай, айдалып келгендерге бала-шағасы талғажау етіп отырған қара көжесі мен қатқан нанын бөліп берген халыққа алғыс айтуды артық көретіндер үшін (өкінішке қарай, ондайлар бар екен!) кең ауқымды түсіндіру науқанын өткіз­ген жөн болар.

Кейбір жандардың мерекені көп­сінуі, бәлкім, оның ел күнтізбесіне енді ғана енуімен немесе бұл күннің белгіленуіне себепші болған жайлардан хабарының жоқтығына байланысты шығар. Немесе алғыс айту, ризашылық білдіру салты адам­зат­тың өсіп-өркендеуімен бірге келе жатқанын, қасиетті кітаптардың бәрін­де жазылғанын білмеуінен де болуы мүмкін.

Құранның Лұқман сүресіндегі Алла тағаланың: «... Маған деген шүкірлерің мен адамдарға деген алғыстарың үшін сендерді сыйға бөлеймін» деген үкімінен тәубе мен алғыс үшін екі дүниеде жақсы­лық бар екендігін ұғуға болады. Пайғамбарымыздың өз хадистерінде «Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды» (Тирмизи, Бирр (жақсылық), 35; Әбу Дәуіт, «Әдеп», 11) дегенінің де терең тағылымы бар.

Библиядағы Иисус Христостың: «Давайте – и дадут вам. Вам отсыплют за пазуху полную меру, уплотненную, утрясенную и переполненную» (Луки 6:38), апостол Павелдің: «Будьте благодарными, чтобы быть по-настоящему счастливым, мало лишь время от времени говорить «спасибо»; нужно иметь благодарный настрой...» деген сөздері де алғыс айтудың адамға қажеттілік екенін көрсетеді.

Құлаққа сіңген «Жоқтан – бар болмайды» дегенді ескеріп, мұндай мереке бар ма екен, болса қандай екен деп басқа елдерді зерделедік. Атаулары әртүрлі болғанымен, түпкі мағынасы туыстас мерекелердің пайда болу тарихына үңілсек, ұқсастық да, айырмашылық та табуға болады.

Айталық Америкада бағзы замандардан бері аталып өтетін ризашылық білдіру күнінің (День благодарения) мерекеленуі Рождестводан немесе Жаңа жылдан кем түспейді.

Аңыз бойынша, Америка құр­лығын отарлаушылар 1621 жы­лы қаһарлы қыстың құрсауында қалып, аштыққа ұшырайды. Сонда жер­гілікті үндістер аяушылық таны­тып, бірнеше күркетауық әкеп, оларды тамақтандырады. Мұны ай­на­ладағы басқалар да қоштап, бұл дүйім жұрттың қаһарлы қыстан аман-есен өтуге себепші болған деседі. Сол кезден бастап бұл күн аман-есен қалғандары үшін Жаратушыға құлшылық ету және көмек қолын созғандарға ризашылық білдіру күні ретінде аталып өтеді. 1789 жылы Джордж Вашингтон ризашы­лық білдіру күнін «Ұлттық мереке» деп жариялайды.

Қазір бұл мерекеге мемлекет дең­гейінде, әр отбасында мұқият дайындалады көшелерде шеру өткізіліп, үйде дәстүрлі тағамдар, солардың ішінде, міндетті түрде күркетауық қойылуы халықтың өткен жолын, тарихын ұмытпағанын, аштықтан аман алып қалғандарға ризашылығын білдіруін көрсетеді.

Израиль елінде негізгі мақсаты Құдайға құлшылық етіп, мол астық бергеніне ризашылық білдіру болып табылатын Астық ору мерекесі бар. Оның идеясы күздің соңына қарай мол астық беріп, Израиль халқына қамқорлық жасағаны үшін Жаратушыға ризашылық білдіру болып табылады. Бұл мерекенің мәні еврейлерге бағыштала отырып, Библияда да жазылған.

Вьетнам мен Қытайдың кейбір өңірлерінде 8-ші ай күнтізбесінің 15-ші күнінде (күз мезгілінің орта тұсы) ризашылық фестивалі (Tet Trung Thu) өткізіледі. Мереке астық жинауға арналып, халық жаңбыр жауғызып, мол астық алуға жағдай тудырған Айдаһарға алғыс айтады.

Осыған ұқсас мерекелер Бар­бадоста, Жапонияда, Беларусьте бас­қа да көптеген елдерде бар. Яғни Алғыс айту күнін өзімізді даралау үшін біз ойлап тапқан жоқ екенбіз. Бір айыр­­машылығы, аталған елдердің көбін­де қолайлы табиғат құбылысы үшін табынатын болса, бізде мың сан адамға жасалған қысастық кезінде қамқорлық көрсеткен жұртқа алғыс айтып, сол қиындықтан бірге өт­кен халықтардың бір-біріне рия­сыз ықыласы мен сүйіспеншіліктерін білдіруге арналған.

«Сталиндік режім кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкіл, 18,5 мың Қиыр Шығыс­тағы корей отбасы қоныс аудар­ды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мұнда қазақтар ғана тұратын, қабылдаған да солар болды. Өздері де мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды саман үйлерінде қабылдады. Біздің отбасымыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыларды қабылдады», деп еске алды Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Ассамблеяның ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде.

Бүкіл ғұмырын мемлекеттің өр­кен­деуіне, ел ішіндегі ұйыған тір­ліктің сақталуына арнап келе жатқан Елбасымыз «...мейірімділіктің бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жар­қын мерекесі бола алатын» шара туралы ойын жария етерде өткен ғасыр­дағы тарихымызға шолу жасап, Ұлы Далада болған зұлматтар салдарынан қазақ халқының қаншалықты зардап шеккенін, бірақ солай бола тұрғанымен қиналғандарға қолұшын беріп, бауырына басқанын тағы бір рет еске салып, жұртшылықтың тарихи жадысын тағы бір жаңғыртқаны, күнтізбеге қосылар мерекенің орынды екеніне көз жеткізе түсті.

Тап солай, өткен тарихыңды біл­генде ғана қазіргі күніңнің – мылтық кезелмейтін бейбіт күніңнің қадіріне жетесің. Мұндай күйді бастан кешкен, «аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейтінін» білетіндердің қатары сиреп бара жатыр, олардың етегі­не жармасып келген балалардың өзі қазір ақсақал жасына жетті. Сондық­тан «Барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан гөрі жақындастыра түспек» деген сөздерді – ұрпақтың өз тарихын білуін, сол қиындықта шың­далған татулық пен бірлікті нығай­та түсуін көксеуден туған сөз деп қабылдауымыз керек.

Қазақ халқы үшін – қиналғандарға қамқорлығын аямайтын, жасаған жақсылығын сатпайтын, құшағына алған қанша жұрт қайырымдылығын айтып, тәу етіп жатса масаттанбайтын халқымыз үшін – бұл басқа елдерде бар болғандықтан белгілен­ген мереке емес, бұл – қажеттілігін уақыт­­тың өзі талап еткен, ХХ ғасыр­дың зұлматы қайталанбауы үшін оны бастан кешкен халықтар жадысын жаңғырту мақсатында пайда болған мереке.

Қай діннің қасиетті кітабын алсақ та, ұлы Жаратушы адамдар әлдебір жайларды жүректері ризашылық сезімге толып еске алулары үшін бел­гілі бір оқиғаларды мереке ретінде атап өтуге үкім етеді. Сондықтан жылына бір рет барша қазақстандық осы өмірде жер басып жүргеніміз үшін, ұрпағымыз алдыңғы толқын көрген тақсыретті көрмей өсіп жатқаны үшін, әулетіміз өскені үшін, таңымыз уайымсыз атқаны үшін алғыс айтуымыз керек деп ойлаймын.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
жазушы, Қазақстан Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің жетекші сарапшысы